- Advertisement -

Жақсылардың жүрек көзі

128

- Advertisement -

Сырды жүрек еткен, шындықты тірек еткен, әсемдік пен әдемілікті әдіптеген Серік Әбдірайымовтың нұрлы да сырлы тұлғасын сипаттау кісілік сөзге тоқтаған көркем дүние тәрізді. Бүкіл қазақ қоғамының ар-ұяты мен ар-абыройы болған марқасқалар туралы өзі талай мәрте көркемдеп жазып, мөлдірете сұхбат алып, айшықтап айтқанындай, сұлулық мектебінен дәріс алғандай сезіледі. Секеңнің таңдап алған кейіпкерлерімен сұхбаттасуы және оны жазуының стилі тым басқаша, тақырыпқа шығарған серке сөздері мен салмақты сөйлемдері де шөлдегенге айызы қанып ішер тұнба бұлақтың қайнар көзін ашқандай-ау, тап солай болған.

Қазақ журналистерінің ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарындағы адуынды толқын-жаңа буынында сергек ойлы, сөз өнеріне таңғы шықтай Серік Әбдірайымовтың қолтаңбасы көркем очерктің өзін көркем әдеби шығармаға бергісіз етіп жазуымен көзге түскен. Сөйтіп кірпияз талай әріптестерін жалт қаратқаны, сөйтіп, бірінші курс студентінің көлемді дүниесі республикалық жастар басылымына жиі-жиі жариялануы сол уақыт өлшемімен алып қарағанда бозөрім-балаң жігітке құт дарып, бақ қонғанмен бірдей еді. Сол қимас шақтан басталған шығармашылық жол мен жұрт кәдесіне жараған жампоз азаматтың өмірі қиялдан қанат байлаған, биікке самғаған.

Дәл осы кезде біздің алдымызда көрнекті публицист-журналист, айтулы баспагер Серік Әбдірайымовтың 2008 жылы «Самғау» деген атпен жарық көрген кітабы жатыр. Жүрек көзіндей болған бұл туындысы түгелдей сұхбат-толғаныстардан құралған. Сырласуы мен шер тарқатуы бағзы заман үрдісіне ұқсас, қазақтың ең ардақты, маңдайы кереқарыс, ең аяулы, ең мықты деген асыл ұл-қыздарын жай сауал емес, заманның сұрапыл және кейінгі ұрпаққа керекті, қазақ баласына қажетті, қоғам зәрулігін туғызған ой-сауалдарымен жетелейді. Ұлт биігінде болған жақсылардың жүрек сөздерін риясыз айтқызады.

Алдыңнан риясыз, жайдарлы қалпында күлімсіреп шығып, мейірімді, жұмсақ жүзінен шуақ шашып, кездесетін осы адам тек сағыныштан жаратылған жан секілді. Бұл біздің жалқы пікіріміз емес, көпшіліктің ұққаны немесе көріп, жалпы ой түйгені. Сөз басы, ортасы, ой толғаныстарының шарықтауы да сағынышқа толы екенін кез келген эссе-әңгімесінен оқуға болады. Міне…

«Кіндік қаның тамған туған жеріңнен киелі, сені мәпелеп өсірген еліңнен қасиетті, ауылыңның атын аңызға айналдырғандай жер-жаhанға мәшhүр еткен ерлеріңнен асқан кім бар? Мақтан ете бергіміз келетіні содан-ау, әсте. Содан деймін-ау…Шүкір, аузы дуалы, сөзі уәлі баба батасы дарыған дархан елден кімдер шықты дейсіздер ғой?» деп тебірене толғап, төгілтіп, термелеп жазған, енді керемет кестелеп жазып кеткен көрнекті публицист, қазақ журналистикасының жүйрігі Серік Әбдірайымұлының кесек, кескін бейнесі мен сұлулықтан жаратылған көңіл күйі жадыда жаңғырып тұр ма екен? деген ой келеді кейде.

Кіл жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары бір ғана «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінен қанаттанып, шыңдалып, жүйрік шыққандарын талант деп таныды, тұлпар боп топты жарғанын тұлға тұтты. Сондай талантты, шұғылалы шоғыр Ә.Кекілбайұлы, О.Бөкей, Ф.Оңғарсынова, М.Шаханов, А.Сейдімбек, К.Ахметбеков, О.Сәрсенбаев, К.Сегізбай, Ә.Сарай, Қ.Құрманғалиұлы секілді көптеген үздік үзеңгілестерімен бірге жасындай жарқыраған Серік Әбдірайымұлының да өз орны бар. Қаламгерлік саналы өмірінде жан сүйсінерлік қолтаңбасы мен кісілік қарекеттері қоғамда қанық және ұлттық руханиятта өшпестей із қалдырғаны анық.

Қазақ әдебиеті мен журналистикасының рухани әлеміне, үлкен дариясына арнасын тауып, қосылған мөлдір бұлақтай болған Серік ағамыздың құнарлы топырақтан жаратылған киесі мен иесі бір бөлек әңгіме. Шүу дегеннен айтарымыз, байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен Алматыға арман арқалап келген талапты жастардың тағдыры, олардың бастан кешкен тауқыметтері бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ десек те болатын. Алладан несін жасырсын, жоталы жеті жігіттің арасында студенттік шақтан ажырамас достыққа байланған өмір басталады. Жұбы жазылмаған олар… 1941-1945 жылғы қырғын майданда Отан қорғау жолында опат болған солдаттардың балалары еді, содан іштей беки түскен, тағдырлас, төл құрдастық жолмен сырттай «Жеті жігіт» деген атауға риясыз ие болады. Содан жылдарды араға салып, қолына қалам ұстаған жеті жігіт жетіліп, есейе келе тұтас қоғамның тірегіне айналып, жұрт мақтаныш ететін, бақ қонып, ел ағасы дейтін дәрежеге көтеріледі. Киелі қазақ әдебиетінің іргесін кеңітіп, шаңырағын биіктеткен, үлкен арнаға қосылған бір-бір мөлдір бұлақ.

Сондай жұлдызды жігіттердің серкесі Серік Әбдірайымұлының әлемі мен кеңістігі қайырымды жүрекпен, жеке басының адамдарды ұшырасқан сәттен- ақ соншамы жылылық, соншама мейіріммен құшағына алатын қасиеттермен шуақтандырып жіберетін ерекшеліктерімен ешкімге ұқсай бермейтін дегдар жан еді. Адамдарды жанындай жақсы көретін жүрегі неден жаратылды екен сонда?! Мұндай сауал осы кісіге қарап қана қойылатынына мың мәрте куә болған жандардың ақ сөйлейтіні анық. Ізгілікпен атын мәңгілік қылатын жолды таңдап алуында, соған сай өмір сүруі сірә, оңай ма? Аса ардақты, ерен қадірлі ерлер аға делініп, ұлт тірегі-ірілерге іні бола алған Серік қайраткердің өзінен кішілерге мінсіз аға бола алған өнегесін бір дәурен- дәуірдің қайталана бермейтін құбылысы деуге де қисынды болып тұр.

Ызғарлы 1986 жылы желтоқсан айында қазақ елі тарихында қандай дүрбелең болғаны, үстемдік саясатының сойқаны тұтас бір ұлттың ар-намысын таптап, жанын аяусыз жаралағаны баршаға мәлім. Қазақ жастарының империялық зорлық-зомбылыққа қарсы көтерілісі дүние жүзін дүр сілкіндірді. Сол күндері Қазақстанды ширек ғасыр абыройлы басқарған Дінмұхамед Қонаевтай арда туған дана адамды, халық шексіз сүйген ұлы тұлғаны да шеттетіп, үстіне небір пәле-жаланы үйіп, төгуге жанталасқандар аз болған жоқ. Билікте де, басқа да…Қорқыныш пен үрей туғызған. Алайда, адал адамға, үлкен кісіге кір жұқпады.

Сондай қиын-қыстау, алапатты, мұз құрсаулы күндері талай жақын жүрген пенделер көлеңке іздеп кеткенде Серік ағамыз періште көңілінің қалауымен, текті пайымының жетектеуімен және батыл жүрек қуатымен мың-миллион көз тіккен кісі Димекеңнің, Дінмұхамед Қонаевтың Алматыдағы құтты үйіне қарай жол тартқан. Сөйтіп, қолы да, жүрегі де таза, дейтұрғанымен сол өткінші уақытта ауыр жағдайдан қамкөңіл Димекеңдей бар қазақтың қадірлісінің жалғыз қалуы еш мүмкін емес еді. Бірақ …Асыл адамның жанынан інілік ізгілікпен, қаламгерлік адалдықпен, бауырластық ұғыммен ұғынып, табылған қазақтың бірегейі Ер Секең еді. Көкірегі таңғажайып шежіре, ұмытылмас оқиғаға толы жады, тарихи кезеңдердің тірі куәсі, бір ғасырда қайта тумайтын керемет адамның рухани қазынасын қастерлеп, қадірлеудің тарихи мүмкіндігін Секеңдей сергек, жүйрік, салиқалы, саясаттың қыр- сырын тереңінен түсінетін, шығармашылық таланты мен журналистік алғырлығы жарық әлем кеңістігіне толайым алып шығатыны анық еді. Елу жыл билікте болып, оның ішінде ширек ғасыр нөмірі бірінші басшы тағында отырған ақылман кісінің дәл осы талантты, тәжірибелі журналиске сенім білдіріп, құлай беріліп, жан сырын қағазға түсірткені ешбір кездейсоқтық емес. Талант пен талғамның тоғысы қоғамды тосырқатқан жоқ. Сырласу мен әңгімелесудің ұзақ жолы мен жазылар кітаптың алтын кілтін демде таба алуда рухани түсіністік, пейілдерінен самал жел ескен жандардың парасатты мінездері шешуші қызмет атқара алды деп ойлаймыз. Мемуарлық шығарманың шоқтығы сөзсіз биік болатынын осыдан кейін сезуге де болатын еді.

Туған халқының дана перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың «Өтті дәурен осылай» деп аталатын кітабы қоғамда үлкен қозғау туғызған әдеби-мәдени жаңалық болып тарады. Адамдар оны іздеп жүріп оқыды. Алып жүректі ұлы қайраткердің «Ақиқаттан аттауға болмайды» кітабының да әдеби нұсқасын Секең аса бір толғаныспен, ойлы тараулармен, байсалды мазмұнмен жазды. Бұл туындылар шын мәнінде ел мен мемлекет өмірінде тарихи олжа болды. Сондай-ақ, еңбегі адал журналист жоғарыдағы туындыларымен қатар Д.А.Қонаев туралы «Елу жыл ел ағасы», «Личность» жинақтарының авторы болды.

Бұл кітаптардың қазақ мәдениетінде қаншалықты қажет, қаншалықты бағалы болса, сол деңгейде Серік Әбдірайымұлының да рухани мәні үлкен туындылардың өмірге келуіне қосқан үлесін де тиісінше бағалау қоғам үшін әділдік болады.

Өз тағдырында өшпес із қалдырған жағдайды әркім де жиі еске алып, оның ұрпақтар тәрбиесіндегі алар орнына терең мән беріп жатады. Тағдыр жауапкершілігіне де жүк артып, маңдайына бұйыртқан Д.Қонаевтың тарихи тағылымдары жайында Секеңнің ой-толғаныстары ғажап болатын. Көксеңгір тұлғаның бойындағы ерік-жігер мен табиғи болмысын танып, білуінде шексіз, шетсіз сүйіспеншілік қалыптасты.

Журналист-публицистің бақыты да осы шығар, елдің заңғар тұлғасы, әр сөзі мен ісі тарихқа айналған адаммен жақын сырлас болу арқылы құнды дүниелерді жарыққа шығару және оны жұрттың қолына тигізу.

Мейірімі ағыл-тегіл Димекең де Серік інісін ерекше сыйлап өткен екен, оның қаламгерлік ерен еңбегіне сай халықтық дәстүрмен сый-сияпат жасамақшы болған деседі. Бірақ Серік ағамыз ондай сыйлық атаулыдан әлденеше рет бас тартады. «Сізбен бірге бетпе-бет әңгімелесіп, жүзбе-жүз дидарласуым, байтақ ел ішін бірге аралаған әр күнімді мың күнге бағалаймын, Димаш Ахметұлы, менің ең қымбат, бақытты, нұрлы күндерім де, ғұмырлық сыйлығым да осы», дейді.

Айтайық, бақ қонып, Қыдыр дарыған Талас өзенінің сағасында өсіп, сулы да нулы өлкеде өмір сүріп, ата қоныста мүбәрак тәрбие алған адамның елеусіз қалуы мүмкін емес еді. Қалың жұрт ішінде тай мінген бала келешекте тұлпар мініп, тізгін ұстайтындай сенімге баулыған киелі ортаны қайда қоярсың. Жазба тарихтан белгілі Тоқберген мен Сапақтай билер, Ханқожа мен Төреқожадай шешендік өнердің небір дүлдүлдері, қайым айтыстың бастауында тұрған Ұлбике Жанкелдіқызы мен Жаңылдық апаларымыздай төкпе жыршылар мен ақындардың алтын босағасында өркен жайған ұрпақ өрелі болмағанда, өнерлі болмағанда қандай болмақ?! Қазақ даласында ХХ ғасырдың басында, 1900 жылы алғаш салынған зәулім мешіт осы Үшарал ауылында болғанын, ол мұсылман елдері әлемінде тарихқа енгенін тілге тиек етсек, сол имандылық рухын жастайынан сезініп өскен Секеңнің бітім-болмысы қандай тұрғыда қатаюы мүмкін дерсің?! Әулиеатаға даңқы жайылған көрнекті педагог, байырғы Үшарал (қазір Алтын жұлдызды Еңбек Ері Әбдір Сағынтаев атындағы) орта мектебінің директоры қызметін ұзақ жыл абыройлы атқарған Ермек Дүрімбетовтің естелік кітабында соноу елуінші жылдардың ортасына қарай төл тумаларымызбен қатар классикалық әдебиетке құмартқан оқушыларымыз Сейітқазы Досымов пен Серік Әбдірайымовтың балалық ұшқындарынан- ақ олардың келешегінен жазушының өзі мен сөзін көргендей едік, ал ақындар ауылынан шырақ жаққан Өкім Жайлауовтай ініміз бен Күләш Ахметова деген талантты оқушыларымыздың тырнақалды әңгіме, мақала, өлең-жырларын республикалық, облыстық газет-журналдардан оқып, мақтаныш еттік, кейін бәрі де үмітті ақтап, еліміздің айтулы қаламгерлері атанды, деп жазады.

Парасатты прозаик, сырбаз суреткер соноу 60-жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсе салысымен «Лениншіл жас» газетіне көлемді очерктері жарияланып, содан ары қарай дипломдық жұмысында басқалай емес, иә, өзінің жарияланған мақалаларының, яғни, өз шығармашылығын арқау етеді. Жанр, стиль, журналистік зерттеу ерекшеліктерін талдап, алдын ала бекіткен «қызықты» тақырыбы бойынша сәтті қорғап шыққанда оқымысты ғалымдардың таңғалмағаны жоқ. Бұл әрі ғылыми жетекшісі – әйгілі профессор Темірғали Нұртазин мен рецензенті Бекен Әбдіразақов, ішкі рецензенті, доцент Әбілфайыз Ыдырысов пікірін білдіріп тұрған тұста, журфактың деканы Тауман Амандосов «Журналистиканы шеттетіп-ақ келеміз. Ғылымға да маңайлатпаймыз, көркемдік әлемге де қоңсы қондырмаймыз. Бірақ өмір туралы, заман жайлы, қоғам хақында дер кезінде толғап, жан-жақты сыр- сипатын ашып, ең зәру мәселесін алға тартқан кім? Осы журналистер. Бүгін соның бір дәлелі алдарыңыздағы диплом жұмысы», – дейді. Бұл сенсация еді. Студенттің соноу 1968 жылы өзінің шығармашылығынан ғылыми еңбек жазып шығу тіпті тосын, кісі таңғаларлық оқиға. Өте сирек, журналистиканың ғылыми тұрғыда батыл бір қадамы болатын. «Мұндай да болады екен-ау» дегізген мына жағдайдан соң алдағы өміріне де жол ашатын сенім туындамай тұра ма?! Сабақ үлгерімінен қылау жоқ, білімпаз студенттің ертеңгі күні әлі талай ерен тірліктерімен тамсандыруы кәдік еді.

Журналистиканың қызығы, әдетте, студенттік өмірден басталады. Таңырқату, сүйсіндіру, тосын жаңалықтарды жарқ еткізу, таланттың жолын ашу секілді мағыналы сәттер мерейін тасытып, мәртебесін көтереді. Ал, енді бар-жоғы екінші курста оқып жүргенінде оны аты дардай, талаптары таудай КСРО Журналистер одағына мүше етіп қабылдау қатарластары үшін ғана емес, мүйізі қарағайдай журналистер арасында абыройы асқан дүние болатын. Ұсыныс жасаған журналистер даярлайтын факультет деканы, ірі оқымысты Тауман Амандосов болса, сенім кепілі оның «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде жарияланған сүбелі, қоғамдық көкейкесті тақырыптарда жазған шығармашылық туындылары еді. Журналист – қасиетті қалам иесі. Халықтың көзі. Оған әділ сөзін айтатын, ақ сөйлейтін ойлы, талантты жастар ие болу керек.

Күні кеше құм қойнауындағы байырғы ауылда құрылысшы, тракторшы болып піскен Серік Әбдірайымұлының бойынан осындай ұшқынды қабілет- қасиеттерін бағалап, барын көрген ұстаздарының аялы қамқорлығы текке кетпеген.

Бар жұмбағын сыр ғып ұстаған жас журналистің бірде азу тісі алты қарыс журналист ағайындары мен маңдайымен көк тіреген нағыз мықтылардың қолы жете бермейтін күй кешкені бар. Қаз-қалпында айтайық, ол «Лениншіл жас» газетіне 1966 жылы жазда жоғары лигада ойнайтын «Қайрат» пен Киевтің «Динамосының» Алматыдағы Орталық стадионда өткен кездесуінен ертеңгі номерге жұқалап айтылған сыны бар репортажды әзірлеп, оған «Талас» деген лақап ат қойып, ұсынады. Бөлім меңгерушісі Қалдарбек Найманбаев қол қойып жібереді. Бұл бір жақсыға ұқсағаны еді. Сол кезде даңқы дүрілдеп тұрған журналист, редактордың орынбасары Тельман Жанұзақов ағасы кейбір сүбелі, ортақ мүддедегі көлемді кейбір мақаласын газетте жиі- жиі шығуына байланысты ма екен, бүркеншік атпен жазған. Еліктеу де жақсы. Секең де еліктейді. Редакция атынан айтуға болатын мақаланың жөн-жосығында сол жылдары мұндай қадамдар болған…

Содан тағы бірде қазақ спорт журналистикасының атасы Сейдахмет Бердіқұловтың ұсынысымен аңызы мен ақиқаты жер жарған, атақты мәскеулік футболшы Виктор Понедельникпен «Мен «Қайратқа» доп соққан емен» деген сұхбатын газеттің бір бетіне жариялайды. Бүркеншік атын да қоймайды. Мұндай редакциялық мақала іспеттес дүние де қызықты. «Сол бір ғажап мақаланың шын авторы Серік Әбдірайымов деген жас пері дегенге тірі жан сенбейді, бүгін таң атпай құттықтауға қарқ болып қалдым» деп Сейдағаң ұжым мүшелері ортасында риза болады да Серік шәкіртінің одан әрі жеке, еркін сілтеуіне жол ашады.

«Содан кейін мақалаларым мен шығармаларымды бүркеншік атпен жазған емеспін» деп Секең де сырлы ой айтады. Үздік мақаланың авторының кім екенін білуге құмар жандар редакцияға да арнайы келіп жатқаны бір дәурен еді.

Одан сәл ертеректе Секеңнің қолтаңбасы құнан жалды шағында айқындалып үлгіргендей болған. Бірінші және екінші курста оқып жүргенінде жиі жарық көрген репортаж, суреттеме мақалаларын былай қойғанда, «Армандастар», «Боз кілемде» деген бетпе-бет очерктері шыққан жігіттің аяқ алысынан көп сыр түйген Тельман Жанұзақов пен Қалдарбек Найманбаевтай танымал суреткерлердің ұсынысымен, газет редакторы Шераға-Шерхан Мұртазаның бұйрығымен «Лениншіл жасқа» қызметке қабылданады. Үшінші курс студенті үшін бұл өміріндегі ең ірі бетбұрыс еді. Былайғы тағдырының тұғырына, алтын діңгегіне айналды. Ең көп оқылатын газеттің ыстық-суығын бірдей көріп, он бір жыл бедерінде әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі және жауапты хатшысы болды. Осы тарихи басылымда Шераға жазғанындай, қазақтың кілең «сен тұр, мен атайын» таланттар шоғыры кезең-кезеңімен қалыптасты. Журналистикада Серік Әбдірайымұлы секілді сұлу да көркем жазатындар, шынайы өнерді сүйетіндер болмағанда қоғамнан да, ұстаздар әулетінен де ұят болатындай еді-ау деген ой келеді.

Иә, көп жыл «Лениншіл жас» газетінде, одан кейін «Жалын» баспасының бас редакторы, «Өнер» баспасын ұйымдастырушы және бас редакторы қызметтерінде және 1990 жылдан өмірінің соңына дейін «Санат» баспасының директоры болған кездерінде шығармашылық жұмыстан бір сәт те қол үзген емес.

Ұлы ұлт перзенті Д.Қонаевтың өмір жолы туралы қос-қос кітаптың дүниеге келуіне тікелей себепкер болғанын, тарихи туындыларды жарыққа шығарғанын жоғарыда айтып өттік. Сонау бір жылдары «Бес мүшел белесінде» көркем эсселер кітабы шыққанда талантты публицист-журналистің бір әдемі қыры көпшілікті жалт қаратқан болатын. Деректі прозаның көрнекті өкілінің сан қырын көрген жұрт әсіресе, бір жайтты көп еске алады. Ол көркем ойлаудың және сұлу сөздің, эстетикалық талғамның үлгісін көрсеткен сәтін айтады. 1995 жылы 5 сәуірде Қазақ операсы мен балет театрында ұлы композитор Нұрғиса Тілендиевтің жетпіске толған мерейтой салтанатында «Бүгін тіл сөйлемейді, жүрек сөйлейді. Киелі Жеті муза, төрлет, бүгін сенің күнің!» деп бастап, баяндама ретінде сөйлеген сөзіне залдағы өнерсүйер қауым қаншама рет қол шапалақтағаны есімізде жоқ. Бәрі де риза. Аса тәкаппар, асау мінезді Нұрғисадай бекзаттың өзі «Серкуным, алтынбайым, ақылдының қателігін термей, мыңға татыр ақ-әділ сөзің үшін бетіңнен сүйемін!», деді кең құшағын ашып. Бұл бір ұмытылмас ғажайып шақ еді.

Көркем дүниенің бағы мен бабын тапқан елгезек қаламгер «Нұрғиса», «Брест қамалындағы қазақстандық қаhарман» деп аталатын фильмдерінің және көптен күткен «Қаhарман Нұрғиса» жинақтарының авторы болды. Сонымен қатар, ол түрік жазушысы Орхон Кемальдың «Тұңғиықта» романын, орыс жазушысы Борис Васильевтің «Мансап пен махаббат», О.Серовтың «008 агенттің күйреуі» повестерін, эстон жазушысы Пауль Куусбергтің «Монолог» повесін, атақты әнші Федор Шаляпиннің «Перде жамылған пенде» естелігін және батыс, шығыс жазушыларының көркем әңгімелерін аударды.

Жан дүниесі шуақты, сұлу мінез, сұлу білім иесінің көп жыл бедерінде әуеліде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде тәлімгерліктен сабақ беруі, одан соң баспа ісінде оқытушы болып қызмет етуі жас шәкірттер үшін жемісті болғаны анық. Себебі, шығармашылық өнердің қайнаған ортасында шыңдалып, өзі де асыл ұстаздардың ұлағатымен өскен парасатты азаматтан, айтары мен үйретері көп зиялы тұлғадан дәріс алған жастарда қандай арман бар?! Шәкірттері болса, жүзінен иман төгіліп, мейірімі мәуелеген ұстаздарын әрдайым мақтан етеді.

…2009 жылы 22 шілде күні қазақтың белгілі оқымыстысы, академик, Алматы технологиялық университетінің ректоры Құралбек Құлажанов ағама ілесіп, екеуміз Секеңнің Алматыдағы пәтеріне бардық. Тоғыз қабатты байырғы өкіметтің үйінде үш бөлмелі пәтерде осындай аты да, заты да дүрілдеп тұрған кісі ел қатарлы тұрмыс кешкені біреулерге таңданыс тудыруы мүмкін еді. Солай болғаны да рас. Жаратылысынан сырбаз, мейлінше таза, ақ жүрек жан соншалықты сүйкімді абырой-беделін пұлдайтындар санатынан емес еді. Бұл кезде қаламгер ағаның аздап сырқаттанып жүргенін сырттай еститінбіз. Теректей биік, сымбат денелі, көркем жүзді адам төсекте жатып қалған екен. Солай болғанымен өзіне тән жарқын үнімен «Құралжан, келдің бе! Жаным, қалайсың?» деп қолдарын ақырын- ақырын созып, аққұба жүзіне қан жүгіріп, күлімсірей қарсы алды.

Балдан тәтті балалық және жастық шағын бірге өткізген, ауылдас, ағайындас екі құрдас, сыралғы достар хал-ахуал сұрасып қуанып жатты. «Халім жаман емес, Шүкір. Өмір ғой. Арман көп. Есіңде ме, Талас аймағында екеуміздің бәйге аттарына жарыса шауып, жүлде алған жылдарымыз. Сол күндерді ұмытамыз ба? Дегенде, әсіресе, сенің ақ боз жүйрігіңнің құстай ұшып бәйгеден келетінін бір әдемілеп жазсам ба деп едім. Еh, шіркін!..» деп қалды. Беймарал күй кешті бір сәт. Құралбек аға да досына демеу білдіріп, бар қажетті көмегін аямайтынын айтып жатты.

Үйден шығар кезде асыл жеңгемізге «Самғау» кітабын алдыртты да «Сендерге осы жаңа кітабымды сыйлаймын. Жазып беруім керек еді… Ренжімеңдер, көңіл автографын қалдырды деп түсінерсіңдер, осыдан төсекке таңылмай орнымнан тұрсам, ойдағыны орындаймын», – деп күш-қуат алғандай әсер байқатты. – Ей, дүние, деуші еді. «Өмір – қас-қағым сәт, жол шегін кім білген…» Өмір өткінші… Содан бері… «Біздің Секең тәрізді қоғамға пайдасы зор адал-зиялы адамдар аз-ау!» дейтін ел-жұртының пейілі мен көңілі бір сәт те бәсеңсіген жоқ. Қоғамдық жұмыстардан да сырт қалмаған мәдени қайраткердің қалың ел ортасындағы абырой-беделі де көзге оттай басылып, дараланып тұратын. Сөйлесе, Секең сөйлесін! деген түсінік пен жұрт қалауына сеп пен серт сенімді еді.

Арманы да көп еді абзал ағамыздың. Ал, біздің көңіл түкпірімізде жап-жас шағында спорт тақырыбында жазған дүниелерімен сүйсіндірген Серік ағамыздың сол журналистік бағытын неге жалғастырмады екен, солай болғанда қазақ спорт әдебиетінде талай-талай олжа салатын еді-ау дейміз ғой. Сол уақыттарда атақты боксшы Әбдісалан Нұрмаханов пен әйгілі палуан Әбілсейіт Айханов туралы повесть жазып, көңілі көк дөненше жүйіткіген қаламгер, «Білім және еңбек» журналының редакторы Қалдарбек Найманбаевтың өзі Серік Әбдірайымовтың естігені болмаса, өмірінде көрмеген автомотоспорт жайында «Жанкештілер ғана тәуекел етеді» деген сұхбат-мақаласын оқып «Дүниені дүр сілкінткен француз Ольэн Простың өзі оқыса да таңдай қағар еді» деп мәртебесін көтерген бағасы да бекер емес еді. Мүмкіндігі бұдан да бетер талай дүниенің алтын кілтін табуға да, жазуға да жетіп, артылатын.

Талғампаз, сезімтал жазушы өз кітабында «Қанаттыда қыран бүркіттің алғырлығы мен айбатына, қырағылығы мен батылдығына, өрлігі мен өжеттігіне тең келер құс жоқ. Және оның заңғар көкке самғап ұшуы да, аққан жұлдыздай шаншыла шүйілуі де бөлек. Ол бес мың метр биіктікте оқтай зулап бара жатып жердегі ит тұмсығы батпас ну ішіндегі қыбырлаған құмырсқаны алақанға салғандай көреді екен…

Қазақ ел сенген азаматтың адалдығы мен асылдығын, қажыр-қайраты мен қайсарлығын, қарапайымдылығы мен қайырымдылығын шынайы бағалаған кезде осы ақиық қыранға бағалайды. Менің кейіпкерлерім де қыран тұрпатты, өз аттарын кісілікпен көтерген тұлғалар» деп жазады.

Біз сөз етіп отырған Серік ағамыздың өзі де тап осындай салиқалы, мемлекетшіл тұлға еді. Текті. Парызы мен қарызына адал жан болатын. Сегіз қырлы, бір сырлы. Өткен шақта айтсақ та ол өзі өмір сүрген дәуірдің өрелі биігінде танылған ел серкесі болатын. Ел есінде сақталған. Биыл мамыр айының ақ таңында 80 жасқа толатын кезі еді…

Халық «Жақсының аты өшпейді» деп осындайда айтса керек. Жақсылар мен жайсаңдардың жүрек көзіндей болған жансыры да, тасқа басылған мұрасы да жаңғырып тұрса керек.

 

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support