Жаңалықтар

Шегірткемен күрес Көделі жайлауынан басталды

Шегірткемен күрес Көделі жайлауынан басталды

Күн жылынып, көктемгі дала жұмыстары басталысымен үйірлі шегірткелерден қауіп те арта түседі. Сондықтан да өңірде бұл бағыттағы жұмыстар толастаған емес. Жалпы, үйірлі шегірткелермен күрес жұмысы облыстық аумақтық инспекциясының міндетіне кіреді.

Аталған мекеменің мәліметіне сүйенсек, облыс бойынша ерекше қауіптілер қатарына енетін үйірлі шегірткелерге өткен жылы жазғы шағылысу кезіндегі жасалған «РФДжБӘО» мамандарының анықтау жұмыстарының методикалық есептеулері нәтижесінде биыл 115 010 гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілуі жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Марокко, итальяндық прус, азияттық шегірткелеріне қарсы зиянкестерді жою жұмыстары биыл да жүргізіледі. Республикалық бюджет есебінен биыл үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық іс-шараларын жүргізу үшін 28 бірлік арнайы бүріккіш техникалар жұмылдырылатын болады. Оның ішінде 5 ұшақ, 23 бірлік жерүсті бүріккіштері бар. Бүгінгі күнге Ауыл шаруашылық министрлігінде 107 «Өсімдіктерді қорғау, өсімдіктер карантині» бағдарламасы бойынша мемлекеттік сатып алу порталында конкурс жарияланып, марокко шегірткесі, итальяндық прус және азиат шегірткелерінің авиациялық және жерүсті тәсілімен өңдеу жұмыстарына жеңімпаздар анықталды. Аталған үйірлі шегірткелерге қарсы 22 дана жерүсті техникасымен «ЗапКазФумигация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Авиакомпания Дельта Юг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, мердігерлері 50 210 гектарға, ал итальяндық прус және азиат шегірткесіне қарсы 5 дана ұшақпен өңдеу шараларын «DAP AEROSERVICE GROUP» ЖШС мердігері 64 800 гектар алаңда химиялық өңдеу қызметін көрсетеді. Кеше шегірткелерді дәрілеу жұмыстары Жамбыл ауданының Ерназар ауылдық округіне қарасты Көделі жайлауынан басталды. Бұл орайда облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек аталған жерге арнайы барып, дәрілеу жұмыстарының басталуына қатысты жұмыстармен танысты. Облыс әкімінің орынбасарына мұндағы жұмыстар жайлы облыстық аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Азамат Құрбанов, республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы облыстық филиалының басшысы Жәнібек Кеңесбеков, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Шәкір Момынқұлов мәлімет берді. Азамат Аманәліұлының айтуынша, Жамбыл ауданында 4550 гектар жерді дәрілеу жоспарланса, оның 3 мың гектары Ерназар, Өрнек ауылдық округтерінің аумағынан белгіленіп отыр. Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек осында Батыс Қазақстан облысынан тапсырысты орындауға келіп жатқан «ЗапКазФумигация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдерімен кездесіп, сөйлесті. «Біз төрт жерүсті бүріккіш автомашиаларымен келіп отырмыз. Бір машина тәулігіне 200 гектар жерді дәрілей алады. Бұйырса, аталған аумақты уақтылы дәрілеп шығуға мүмкіндіктеріміз бар», деді аталған компанияның өкілі Жанат Мақсұтов. Қанатбек Қайшыбекұлы бүріккіш машиналардың дәрілеу сәтін де көрді. Облыс әкімінің орынбасары аталған жұмысқа қатысты жауапты мамандарға залалсыздандыру жұмыстарын мезгілімен аяқтау, малға залалы келмеуін қадағалау бойынша нақты тапсырмалар берді.  

Есет ДОСАЛЫ