Білім

Білімді елдің болашағы зор

Білімді елдің болашағы зор

Экономиканың орнықты дамуы сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етуге де байланысты

13Сұлушаш ҚҰРМАНБЕКОВА, облыстық білім басқармасының басшысы.

Елбасы өзінің жыл сайынғы халыққа Жолдауларында бір жылдың ғана емес, таяу жылдар ішінде атқарылатын жұмыстарды да жан-жақты қамтып, алға бағдарларымызды айқындап, нақтылап берумен келе жатқаны баршаға мәлім. Мемлекет басшысы ауқымды міндеттерді белгілеуде экономикалық мүмкіндігіміз бен әлеуметтік әлеуетімізді саралап, талдауды да ұмытпайды. Әрбір сөзі нақты іспен ұштасып та жатыр. Әсіресе, экономиканың орнықты дамуы үшін сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы адами капиталды дамыту, білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру айрықша назарда ұсталынады. Елбасы Жарлығымен осыдан үш жыл бұрын елімізде білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілгені белгілі. Онда, атап айтқанда, 12 жылдық оқыту моделіне көшу, қоғамның және экономиканың индустриялық-инновациялық даму сұраныстарына сәйкес техникалық және кәсіптік білім жүйесін жаңғырту, әлемдік білім беру кеңістігіне бірігу, еңбек нарығының, еліміздің индустриялық- инновациялық даму міндеттері мен жеке тұлғаның қажеттіліктерін қанағаттандыратын және білім беру саласындағы үздік әлемдік тәжірибелерге сай келетін жоғары білім сапасының жоғары деңгейіне қол жеткізу, жастардың бойында белсенді азаматтық ұстанымды, әлеуметтік жауапкершілікті, отансүйгіштік сезімі мен әлеуметтік жауапкершілігі қалыптасқан зияткер ұлтты қалыптастыру секілді ауқымды міндеттер қарастырылған. Елбасымыздың не нәрсені де түптен қозғайтындығының, еліміздің қуаты мен әлеуетіне сүйене отырып, алыстан болжайтындығының бір мысалын осыдан да байқауға болады. Бағдарлама екі кезеңде іске асырылатын болады. Бірінші кезеңінде (2011 – 2015 жылдар) жекелеген бағыттар бойынша білім беруді дамытудың модельдерін әзірлеумен, оларды сынақтан өткізумен, сондай-ақ ауқымды қайта құрулар мен эксперименттердің басталуымен байланысты жұмыстарды жүргізу көзделген. Екінші кезеңде (2016 – 2020 жылдар) басымдық жабдықтарды сатып алуды, білім беру жүйесін дамыту міндеттерін шешуге бағытталған іс-шараларға инвестициялар салуды көздейтін іс-шараларды жүзеге асыруға, негізінен, өткен кезеңдерде алынған нәтижелерді енгізуге және таратуға бағытталған шараларды іске асыру міндеттері тұр. Осы жұмыстарды толықтай жұмыла еңсерудің нәтижесінде, 2015 жылға қарай өтпелі кезең аяқталады және Қазақстанның білім беру жүйесі құрылымы, мазмұны, басқару мен қаржыландыру тетіктері бойынша дамыған елдер моделіне сәйкес келетін болады деп те күтілуде. Міне, сол кезде білім беру жүйесінің дамуы бойынша еліміз ТМД елдері арасынан көшбасшылық орындарға да шықпақ. Шынтуайтына келгенде, салада қазірдің өзінде жаңашылдық пен жасампаздыққа негізделген өзгерістер өте көп. Электрондық оқыту жүйесін ұйымдастыру жағынан қамтамасыз етуді қалалар мен облыстардың білім беру басқармалары жанындағы Білім берудегі жаңа технологиялардың өңірлік орталықтары жүзеге асырып та жатыр. Алдағы уақытта орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын цифрлы білім беру контентімен (қандай да бір ақпараттық ресурспен – мәтін, кескіндеу, музыка, бейне, дыбыс және т.б.) ашық қолжетімділікте толық қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Халыққа арнаған жуырдағы кезекті Жолдауы Мемлекет басшысының қазіргі әлемдегі, оның ішінде еліміздегі қаржы­лық-экономикалық жағдайды парасатпен пайымдай білуінің мәуелі жемісі де секілді. Қаржылық дағдарыспен байланысты алда тұрған сын-қатерлерді, шынында да, әлеуетті мемлекет, бірлігі мықты ел ғана еңсере алмақ. Елбасы осынау сын сәтінде «Нұрлы жол» Жаңа Экономикалық Саясатын жария етті. Ендігі жерде еліміздің экономикалық әлеуетін, әлеуметтік, кәсіпкерлік құрылымдарды нығайтуға Ұлттық қор есебінен қыруар қаржы бағытталатын болады. Осы қаражат есебінен экономикамыз бен жұмыспен қамту деңгейінің өсуіне де, автомагистрал, теміржол және әуе жолдарын заманауи әрі сапалы етіп жөндеп, жарқыратып қоюымызға да, басқасына да қол жеткізе аламыз. Бір ғана білім саласының 70 миллиард теңге қосымша қаражатпен толықтырылатын үшжылдық бюджеті аясында апатты жағдайдағы мектептер мен үш ауысымда оқыту мәселелерін толықтай шешуімізге мүмкіндік бар. Балабақша жетіспеушілігін таяу жылдарда жою бағытындағы жұмыстарға 20 миллиард теңге бөлінбек. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында жергілікті әкімдер жекеменшік секторларды тарта отырып, бұл іспен түбегейлі айналысуы керектігін де атап көрсетті. Бүгінгі күні өңіріміздегі 397 мектепке дейінгі тәрбие мекемелерінде 42 724 бала тәрбиеленуде. «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы аясында балабақшалар желісі 193-тен осы деңгейге дейін кеңейтіліп, олардың 23-і жекеменшік әріптестік негізінде пайдалануға берілгенін де қуана ауызға аламыз. Сондай-ақ, келер жылғы республикалық инвестициялық жобалар тізбесіне енгізуге төрт, Ұлттық қор тізбесіне енгізуге екі балабақшаның құрылысы ұсынылды. Ағымдағы жылы 6 мектеп, 6 балабақша, 1 колледж пайдалануға берілді, он жеті білім нысанының құрылысы жалғасуда. Соңғы он екі жыл ішінде 61 мектеп балалар игілігіне ұсынылған екен. Білім нысандарының құрылысына бөлінетін қаржы көлемі биыл 2010 жылдағыға қарағанда бес есе өсіп, 10, 2 миллиард теңгеге жетіп отыр. Біздің өңірімізде де апатты жағдайдағы 20 мектеп бар, жыл аяғына дейін олардың біреуінің, 2015 жылы 10-ының, 2016-2017 жылдары қалған 9-ының мәселесі кезең-кезеңімен шешіледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ, үш ауысымда оқытатын үш мектептің де мәселесі оң шешімін табатын болады. Қолда бар ресурстар экономикалық жетістіктерге жетуде тиімді жұмсалса, елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы сақталса, осынау игіліктің бәрін де баршамыз болып жұмылып, жасайтын боламыз. Оған күшіміз де, жағдайымыз да әбден жетеді.