- Advertisement -

Нақты, нәтижелі жұмыс керек

98

- Advertisement -

Алдағы уақытта «Көне Тараз» тарихи- этномәдени кешенінің аумағында тегін ғаламтор жүйесі іске қосылмақ. Бұл туралы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте айтылды. Басқосуда жуырда ғана өткен «Zhambyl Economic Investment Forum – 2023» форумында көтерілген мәселелер жан- жақты талқыланды. Сондай-ақ, жиын барысында жергілікті атқарушы органдарға жеке және заңды тұлғалардан түсетін өтініштердің динамикасы сараланды.

Кеңесте әуелі облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев баяндама жасап, халықаралық форум аясында көтерілген 27 мәселеге қатысты 17 іс-шара жоспары әзірленгенін атап өтті. Айта кетейік, шара аясында облыс әкімдігі мен шетелдік 7 компания арасында құны 700 миллион АҚШ долларын құрайтын жобалар бойынша меморандумдарға қол қойды. Бұл жобалар табысты іске асырылған жағдайда 5 мың жаңа жұмыс орындары ашылып, 60 миллиард теңгеге салық түсімдері бюджет есебіне салынады деп күтілуде.

Өңір басшысы берілген тапсырмалардың сапалы орындалуы, форум жұмысының нақты нәтижесі маңызды екенін баса айтты. «Облысқа инвестиция тарту, әлеуетті шетелдік компаниялармен байланысты тереңдете түсу жұмыстары тұрақты назарда болуы тиіс. Бұл – жаңа жұмыс орындарын құру және халықтың табысын арттырудың бір тетігі екенін айтқан Нұржан Нұржігітов форумға қолдау білдірген орталық атқарушы органдарға және консулдық корпус өкілдеріне, отандық және шетелдік инвесторларға алғыс айтты.

Сонымен қатар, кеңестің күн тәртібіндегі екінші мәселе ретінде жергілікті атқарушы органдарға түсетін жеке және заңды тұлғалар өтініштерінің динамикасы сараланды. Бұл жөнінде баяндама жасаған облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Серік Әлібеков көрсеткіші нашар аудандар мен басқармаларға да тоқталды. Нұржан Молдиярұлы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шеңберінде азаматтардың барлық өтініштері сапалы қаралуы керектігін ескертіп, тұрғындардың мәселелері заң аясында нақты шешілу керектігін атап өтті.

– Өтініштердің бәрі жергілікті жерде шешілуі тиіс. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан тиісті жауап болмаған жағдайда ғана тұрғындар орталық атқарушы органдарға шағымдануы қажет. Біз өз деңгейімізде нәтижелі жұмыс жүргізуіміз керек. Облыс әкімінің орынбасарлары, аудан, ауыл әкімдері, басқарма және бөлім басшылары мәселемен түпкілікті айналысуға міндетті. Әр басшы айына кем дегенде бір мәселені заң аясында нақты, нәтижелі шешуі тиіс. Осы тұрғыда халықтың өтініштерімен, арыз-шағымымен жұмыс істейтін арнайы топ құрылады. Әкімдер, басқарма басшылары тұрақты түрде айына бір рет азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізіп отыруы маңызды, – деді Нұржан Нұржігітов.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support