- Advertisement -

Әке

133

- Advertisement -

Редакциядағы күнделікті қарбалас тірлік. Кабинетке «Ақ жолдың» бұрынғы редакторы, қайраткер-қаламгер Арғынбай Бекбосын ағамыз келді. Аман-саулық сұрасып, басылымның соңғы нөмірінде жарияланған мақалаларға жылы пікірін білдіріп, біршама әңгімелестік. «Амангелді, Аман Алпысбаев көкеңмен хабарласшы, ол кісі менің қайнағам болып келеді. Сенің кешегі нөмірде әкең туралы жазған мақалаңа риза болып жатыр» деп телефонын берді. Ол кісіні облыс, қала әкімдерінің Таразда өтіп жататын тұрғындармен кездесулерінде ғана арагідік көріп қаламын. Үнемі әскери формада жүретін, майдангер-полковник облыс орталығындағы қордаланып қалған мәселелерді жиі көтеретін. Сөзі мірдің оғындай. Сарысу аудандық атқару комитетінің төрағасы, партия комитетінің бірінші хатшысы болғанын білемін. Алдыңғы толқын өте талапшыл әрі іскер еді деп отыратын.

Арекең кабинеттен шығысымен телефон соқтым, тұтқаны әйел кісі көтерді. Амандасып, көкені сұрадым. Бір кезде «Полковник Аман Алпысбаев слушает» деп саңқ етті. «Ақ жол» газетінен едім, сіз хабарлассын деген соң, қоңырау соғып…». Жарықтық, бірден қазақшаға көшіп, «Айналайын-ау, ана суретті 50 жылға жуық қалай сақтап келгенсің. Сенің әкең – Абылаш ұжымшар кезінде ауданның өсіп-өркендеуі жолында көп еңбек сіңірді. Өте еңбекқор еді. Мемлекет малын көбейтуде қосқан үлесі зор.

1956 жылы Алматыда өткен қаракөл қойын өсірушілердің республикалық жиынына бірқатар еңбек озаттарын бастап бардым. Сондағы түскен сурет қой. Қой, әңгімені көбейтіп барамын, сен қазір үйге кел, апаң қазанға ет салып қояды», деп мекенжайын айтты. «Көке, мен облыстық әкімдікке жиналысқа баратын едім, рақмет!» деп жатырмын. Онда кез келген уақытта хабарлас, Сарысу ауданы, ондағы жасампаз халық туралы, әкең жайлы кеңірек отырып, әңгімелесеміз» деді.

Қайдан, екі аяғы асырайтын журналисте қашан уақыт болушы еді. Бірде Мойынқұм, енді бірде Сарысу, Талас, тағы бірде Қордай аудандарына іссапар деген жалғасып кете берді. Сенбі-жексенбі күндері шалғай аудандардан жинап-теріп келген мәліметтерден мақала шығарасың. Өстіп жүргенде Ұлы Отан соғысының ардагері, қоғам қайраткері Аман Алпысбаев өмірден өтіп кетті.

***

«Балам, неге сонша жүдеп кеткенсің?», – деп әкем құшағына алып, маңдайымнан сүйіп жатыр. Мен болсам, әкемнің кең құшағына одан сайын тығыла түсемін. «Тұр, тұрсайшы, жұмысқа баратын уақыт болып қалды», – деп жұбайым оятып жібергені. Жарықтық- ай, қатарынан үш күн бойы түсіме кірді. Ауырып жүргенімді біліп, рухымен жебеп жүргендей. Адам өлгенімен рухы өлмейді, аспанда ұшып жүреді деген рас-ау. Үлкен-кішіміз бар, бәріміз «Әбіл атамыздың баласымыз» деп өстік. Содан шығар, әкемізді «аға» дедік.

Қайран әке, төрт жыл бойы аңдыған жау оғы ала алмағанда, Пайғамбар жасында күні бүгінге дейін емі жоқ «жаман» ауруға ұшырап, Құдай қосқан қосағы-Әдиша анамыздың соңынан сегіз айдан кейін сол қолындағы оғымен мәңгілік сапарға кете берді. Жау оғы демекші, соғыста басын қатерге тіге жүріп, барлаушы болыпты. Талай мәрте жау тылынан «тіл» алып келіп, командирінен алғыс алыпты. Соңғы рет барлауға үш жауынгер болып шығып, тапсырманы орындап, қайтып келе жатқанда қалың орман ішінде жау солдаттары байқап қалып, атыс болады. Қасындағы екі қарулас досы оққа ұшып, бес-алты жаумен жалғыз шайқасып, бәрін жер жастандырады. Бірақ өзі сол қолының шынтағына оқ тиіп, ес-түссіз қансырап құлайды. Ростов қаласының маңындағы ит тұмсығы батпайтын, қалың орман ішінен бір күннен кейін партизандар тауып алып, өз бөлімшесіне әкеліп салыпты. Елдегі әке-шешесі мен жалғыз інісінің көз жасын бір Алла көрді ме, осылайша тура қараған ажалдан аман қалған екен. Кейіннен дала госпиталінде емделіп, елге үшінші топтағы соғыс мүгедегі болып оралады.

Сондағы жанқиярлық ерлігі үшін екінші дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталыпты. Бірақ, бұл жоғары Отан наградасы дер кезінде тапсырылмай, елге келген соң, 1965 жылы Жеңіс күні қарсаңында артынан іздеп тапты. Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін бұдан басқа да бірнеше орден- медальдарды омырауына таққан әкем елге келген соң шешемізбен көңілі жарасып, 1945 жылы шаңырақ көтереді. «Мүгедек едім», деп үйде қарап отырмай, соғыстан кейінгі тұралап қалған ұжымшар жұмысына араласып кетеді. Сол кездегі «Өндіріс» ұжымшарында мақташылар бригадасын басқарады. Кейіннен 1957 жылы бірнеше ұжымшар бірігіп, «Коммунар» кеңшары құрылғанда сол шаруашылықтың шаңырағын көтергендердің бірі болды. Шымкент қаласындағы партия мектебін өндірістен қол үзіп оқып, бітіріп шығады. Зейнеткерлікке шыққанша шаруашылықтың үшінші бөлімшесінде ферма меңгерушісі, бірінші және екінші бөлімшелерінде зоотехник болып еңбек етті. Әкем еңбек еткен жылдар «Коммунар» кеңшарының жұлдызды жылдары еді. Аудандағы алдыңғы қатардағы шаруашылықтардың бірі болды.

Бірде екінші бөлімшеде зоотехник болып жүргенде «Беларусь» тракторымен отарларға жем алып шығады. Жал өңіріне ішкері отырған шопан ауылына келсе, мал қораның қиы қарыс бойы өсіп кетіпті. Аға шопан малды көмекшісіне тапсырып, әйелімен орталыққа кеткен. Мұндай қораға қамаған мал түгелімен іш тастауы мүмкін. Ол кез жүз саулықтан бәлен қозы аламыз деп, ұрандайтын кезең. Партияға берген уәдені орындамасаң, бас кетпесе де, партбилет кететін шақ. Ойланып отыруға, аға шопанды күтуге уақыт жоқ. Қасындағы жалғыз серігі, тракторшы жігіт екеуі қолдарына кетпен, күрек алып, 700-800-дей саулық тұратын үлкен жабық қораның қиын оюға кірісіп кетеді. Кешегі қан майданнан бір қолы кем болып оралған қара шалдың қимылына тракторшы жігіт ілесе алмай, қайта-қайта шаршап отыра береді. Осы кезде құм өңіріндегі қыстаулардағы отарларды аралап шыққан аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Асан Нұркенов келе қалмасы бар ма. Кешегі майдангердің бейбіт өмірдегі бұл еңбегін нағыз ерлікке балаған хатшы әкемнің қолындағы кетпенін алып: – «Әбеке, қоғам малы үшін қара терге түсіп, арпалысып жатырсыз, сізге үлкен рақмет! Демалыңыз, қазір кеңшар басшылығына рациямен хабар беріп, жұмысшылар шақыртамын», – дейді.

Әкемнің осы еңбегін ауданның бірінші хатшысы қызметтен кеткенше әр алуан жиындарда басқаларға үлгі етіп айтып жүрді. Расында да, әкем ферма басшыларының бірі едім деп қол қусырып тұрмайтын. Шопан үйлерін көшіруге барғанда да, малшының әйеліне: «Шырағым, қазанға тамағыңды сала бер, басқа көші-қон тірлікті бізге қалдыр», – деп киіз үйді қас пен көздің арасында жығып, басқа да үйдегі төсек-орын, ыдыс-аяқты буып-түйіп, тап-тұйнақтай етіп, көлікке артып қоятынын әкемнің көзін көрген, бірге қызметтес болған ауылдастары аңыз қылып айтатын.

Көктемгі төл алу науқаны кезінде анам жарықтықты алып, көктеудегі шаруашылықтағы малы көп шопандардың бірінің үйінің жанына көшіп баратын. Жаңа туған төлді енесіне телу, құлағына сырға салу сынды жұмыстарды өзі атқара береді. Одан әрі Жаңатас қаласы мен Байқадам ауылының орталығындағы кеңшар көктеуін атына мініп, аралайды. Көктемгі және күзгі жабағы, күзем жүн қырқу науқаны кезінде де анаммен көшіп барып, қырқын басында болатын. Малдың тоғытылмай қырқылмауын қадағалап, қой қырқу машинасы тіліп кеткен жерлеріне құрттап кетпеуі үшін өзі «каролин» құйып жүргені. Ол заманда «қара алтынға» бағаланатын жүннің ысырап болмауына ерекше назар аударатын. Сенбі күні сабақтан шығысымен көктеуге немесе қырманға қарай ұшамыз. Әке мен шешемізді сағынып қалғаннан шығар. Өстіп жүріп, бәріміз де малсақ болып өстік.

Иә, маған әкем шаруашылық үшін жаралғандай болып көрінетін. Кеңшардың «Талас» бөлімшесінде қызметте жүргенде екі бірдей сәбиі бір күнде шетінеп, қос перзентін жер қойнына берісімен, «Бір Алла өзі берді, өзі қайтып алды», – деп атына мініп, мал аралап кете беріпті. Әкем жарықтық, қонақсыз отыра алмайтын. Біздің үйге кімдер келіп, кімдер кетпеді десеңізші. Әлі есімде, ел ішінде «жұт» жылы болып аталған 1969 жылдың қақаған қысы болатын. Шаруашылыққа көмекке кеңес армиясының 20 солдаты автокөлігімен келеді. Міне, сол жауынгерлер бір ай бойы біздің үйде жатты. Әкем де, анам да сол солдаттар қашан кеткенше құрақ ұшып, жаны қалмай «құдасындай» күтті. «Айналайындар, біздің де бір баламыз Отан алдындағы борышын өтеп жатыр. Сендер де біздің ұл сияқты, біздей ата-ананың балаларысыңдар ғой. Өз үйлеріңдей көріп, емін-еркін жүріңдер», – дейтін.

Жеңіс күні қарсаңында жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша төменгі Шу бойындағы «Қамқалы» кеңшарынан Амантай, Жылқыбай, Мәдуар, ауылдағы Әлбек, Әлу, Жаңатай, Әбдеш, Қазылық, тағы басқа майдангерлер, соғыстан бронмен қалдырылған әкелеріміз біздің үйге жиналар еді. Анам алдарынан шығып, сәлем жасап, әкем баталарын алып, бір қойды жайратып тастайтын. Қазаны оттан түспеген анам қыстан қалған сүрге қосып, қойдың етін бұрқ- сарқ қайнатып жататын. Бала жастан үйге келген кісінің қолына су құйғанды ұнатамын. Үлкен кісілердің «Бақытты бол, балам! Өркеннің өссін!» деген баталары ерекше бір қанаттандыратын. Содан да шығар, көктем шыға келетін Жеңіс күнін тағатсыздана күтетінім.

Бірде қолдарына су құюға кіргенімде, қайран әкелер «отызыншы жылдардың ойраны» дей ме, «ашаршылықта қырылған қалың ел, «халық жауы» болып атылып кеткен есіл арыстар» дей ме, әлде бір әңгіме айтып, жанарлары жасаурап кетіпті. Естімеген суық сөз балаң жүрекке қанжардай қадалсын. Менің состиып тұрып қалғанымды байқап қалып, әңгімелері сап тыйылды. Шеттерінен қып-қызыл коммунист болған майдангерлер-әкелерім-ай… «Соғыста пәлен жауды жайраттым» демей, қан- қасапты естеріне де алмай да кетті , есіл ерлер. Әне, нағыз батырлар сол кісілер. Соғыста көрсеткен жанқиярлық ерліктері және бейбіт өмірдегі ерен еңбектері үшін алған орден-медальдарын Жеңіс күні ғана аудан орталығы – Байқадам ауылындағы шеруге шыққанда ғана тағатын. Жеңіс мерекесіне арналатын салтанатқа қатысуға үйден шығып, іргедегі аудан орталығын бетке алған майдангерлер баяғының Алпамысы мен Қобыландысындай әр қайсының басқан жері ошақтай болып ойылып қалардай, аяқтарын нық басып кетіп бара жататыны жарты ғасырдан асып кетсе де, көз алдымнан кеткен емес.

Атамыз Әбіл тақуа, пірәдар кісі еді. Бес уақ намазын қаза қылмай, 1977 жылы 86 жасында өмірден өтті. Бұрынғының адамы болғанымен өте сауатты болды. Аудандық «Октябрь таңы» газетінен бастап, республикалық «Социалистік Қазақстанға» дейін атам қарап шықпай, ешқайсымыз бетін ашпаймыз. Екінші ұлы Рәш папамыз іргелес жатқан «Байқадам» кеңшарында партия комитетінің хатшысы. Жұмыстан кейін ауданда болса, әке-шешесі мен аға-жеңгесіне сәлем беруге келеді. «Көке, мен ұмытып қалдым, социалистік мемлекеттердің бас хатшыларының аты-жөнін атаңызшы?» деп әкесінен «емтихан» алуға кіріседі. «Ой, сен балам, үлкен партия қызметінде жүріп, бас хатшыларды ұмытуыңа болмайды» деп Брежневтен бастап тізіп беретін, жарықтық. Баласының әзілдеп сұрап отырғанын біледі, біле тұра күн ұзақ үйде жатқан үлкен кісінің іші пысатын шығар, содан әкем қосылып, әзіл-қалжың, әңгіменің түбін түсіретін кеп. Әкемнің мінезі де, түр-түсі де Бекбала әжемізге келеді, адуынды кісі еді, дегенмен немерелеріне дегенде жаны ғана бөлек еді жарықтықтың. Ал, папамыз әкесі Әбіл атамызға тартқан. Әзіл-қалжыңның да, әңгіменің де майын тамызатынына дейін…

Мойынқұм, Свердлов (Байзақ) және Талас аудандық партия комитетінің бірінші хатшылары, Ұлы Отан соғысының ардагерлері Айтбай Назарбеков, Ұзақбай Сыздықбаев және Рахыжан Ерсейтов туған өңірлеріне жолы түссе атамызға сәлем бере келіп, анам жайған дастарқаннан дәм тататын. Қатар-замандастары әкемізбен жастық шақтарын еске алып, әңгіме көркін қыздырушы еді. Ал бізге ағайын- туыс болып келетін Жамбыл ауданы «Амангелді» ұжымшарының төрағасы Бәжек Шаханов, облыстық білім бөлімінің бастығы Жатай Жұмаділов, Шу аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Жамантай Жұмашев, Қордай ауданының прокуроры Қарпулла Әлтаев, Жаңатас қалалық соттың төрағасы Ескермес Жұмажанов, Сарысу ауданы «Қамқалы», Мойынқұм ауданы «Айдарлы» кеңшарларының директорлары Ескермес Жабалбаев, Амангелді Қожагелдиев, Талап Аяпов, басқа да Сарысу ауданынан шыққан елге белгілі алдыңғы толқын ағалар үйге жиі соғып тұратын.

«Коммунар» кеңшарының шаңырағын көтеріп, шаруашылықтың өсіп-өркендеуі жолында ерен еңбек сіңірген Қасым Ысқақов, Жайлау Омаров, Шарапа Құрманқожаев, Төлеутай Оспанов, Аманбай Ысқақов, Айтуған Әсембеков, Жексенбек Жұмағұлов, Садық Дуанақұлов, тағы басқа әкемізбен аралас-құралас жүріп бірге еңбек еткен әкелеріміз, ағаларымыз үйде талай рет қонақта болды. «Коммунар» кеңшарының әр жылдары директоры болған Иген Нұрмаханов, Дариябек Оңғарбаев, Жүніс Жұмабеков, Мұхтар Бәзілов және кеңшар партия комитетінің хатшысы Байман Отыншин, қызметте ағалы-інілі болып жақын араласқан Рекен Байшораев, Алмабай Жүсіпәлиев, Кетпенбай Миллионов ағаларымыз үйде жиі болатын. Байқадам ауылдық кеңесінің төрағасы Төреқұл Аяпов бастаған ауданда ірілі-ұсақты басшылық қызмет атқарып жүрген інілерінің де аяғы бір босамаушы еді-ау үйден. Алдары ақ жайлау қайран ағалар-ай! «Өмір-жалған» деген, бүгінде жоғарыда есімдері аталған әкелер мен ағалардан арамызда Кетпенбай ағамыз ғана аман-сау жүр. Бұрынғының көзіндей Кетекеңе ғұмыр берсін! Кеңшардың озат механизаторы, біздің көшеде тұрған Андрей Браун бастаған қазақ болып кеткен неміс ұлтының өкілдерінің де әкеме деген құрметі бөлек еді-ау…

Қонақжай әкем бала тәрбиесіне келгенде мейлінше қатал болды. Бірде үйдің ту сыртынан балалардың ысқырығын естіп қалып, жылыстап сыртқа шықтым. Достарым екен, «киноға барайық» дейді. Үйге кіріп, әкеме қарадым да «достарым келіп тұр, киноға барып келейінші» дедім. «Қас қарая отыр сандалмай, сабағыңды оқы, дос деген «мен», «мен» деп жұдырығымен жүрек тұсын ұрғыласын. Қарсы сөз айту қайда, әлде бір оқулықты алдым да көзім жыпылықтап парақтай бастадым. Ойым он саққа кеткен. «Әке мен бала қалай дос болады?» деген сөздің түйінін таппаймын. Кейін ғой, есейе келе нағыз жанашыр досың – әкең мен анаң екенін білгенім.

Кешкісін шаруашылық жұмыстарынан қолы қалт етіп үйде болса, міндетті түрде сабағымызды қарап шығатын. Соның арқасында ағаларым, әпкем, іні- қарындасым да онжылдықты ойдағыдай бітірдік. Ешқайсымыздың жаман атымыз шыққан жоқ. Барлығымыз да алғашқы еңбек жолымызды құрылысшы болудан бастадық. Әке тәрбиесі солай болды. Еңбек етіп ысылсын деді, нан табудың оңай емес екенін білсін деді. «Құрылысшы» дегеннен шығады «Коммунар» кеңшарының құрылыс бөлімінде еңбек етіп жүрген кезім. Бір күні әкем жарықтық, біз жөндеу жұмысын атқарып жатқан мал қорасының маңына атымен шауып келді де, бригадиріміз Анатолий Кубаловқа «Прорабтарыңнан сұрап алдым, жер қазуға жүріңдер» десін. Сөйтсем, бір атамыздың қолында тұратын 100 жасқа таянған кейуана болушы еді, сол кісі қайтыс болыпты. «Аға-ау, мен көр қазып көрген емеспін» деп шеттей беріп едім, ат үстінде қамшысын көтере бергенде, бригада мүшелерінің соңынан қайқаңдай жөнелдім…

Обалы не керек, одан біз жаман болған жоқпыз. Кейіннен барлығымызда жоғары оқу орнын бітірдік. Ағайынды жеті ұлда әскерде болып, Отан алдындағы азаматтық борышымызды атқардық. Әскерде дегеннен шығады, бір ағам әскер қатарына шақырылғанда командалары толық болып, келесі шақыруға – алты айға кейін қалдырылады. Ол әскерге бара алмай өз қатарынан қалғанына кәдімгідей намыстанып, үйге жыларман болып келеді. Сонда әкем аудандық әскери комиссар Хаматовқа барып, баласын осы науқаннан қалдырмай әскерге алуын өтінген ғой. Сонда әскери комиссар: «Ойпырмай, Әбеке-ай, қанша жыл осы қызметте жүріп, баламды әскерге жібер деп келген әкені бірінші рет көріп отырмын. Екінің бірі ұлын әскерден алып қалу үшін неше түрлі айла-шарғыға барып жатады. Ал сіз, болсаңыз…» – деп таңғалып, ағамды өзінің қалаған командасымен әскерге жіберген ғой. Алдыңғымыз бар, кейінгіміз бар бір отбасынан екі зоотехник, екі мемлекеттік автоинспектор, екі журналист, екі мұғалім, бір инженер шықтық. Екі ағам кеңшарда партия комитетінің хатшысы болды, кейіннен. Әттең, тұрлаусыз өмір, әкеміздің соңынан ерген жалғыз інісі мен екі ағаның ата-баба, әке-шеше кеткен жолменен қайтпас сапарға аттанғанына да жыл артынан жыл өтіп жатыр. Қара шаңыраққа түскен жеті келіннен екеуі кеткен…

Ел ішіндегі ауыл-аймақтағы дау- дамайға әділ төрелігін айтатын да әкем жарықтық болатын. Біздің атадан қыз алып қашқан жақ, ең бірінші біздің әкемізге келер еді. Одан кейін әкем қыздың ашу шақырып, айбар көрсетіп отырған ата-анасына барып, сабасына түсіріп беретін. Әйтеуір, ел ішіндегі бітімгершіліктің басы-қасында жүріп, аяғы насырға шауып кетуі мүмкін болған не бір оқиғалар әкеміздің әділ төрелігімен жөнін тауып жатушы еді. Жоғарыда айтқанымдай, ынтымағы жарасқан үш ауылдың жасы да, үлкені де әкемді зор құрметпен сыйлады. Өле-өлгенше ешбір жан бетіне келмеді. Өзі бала- шағасына қандай қатал болса, ел-жұртқа келгенде сондай аңқылдаған жомарт еді. Әсіресе, жетім-жесір, кембағалдарға мейлінше қамқор болды. Шаруашылықта жүргеннен кейін де шығар, біздің үйде төрт түлік малдың бәрі болатын. Ауқатты тұрдық. Бар болған соң қолы қысқа отбасыларға қолұшын аямай-ақ беретін. Еңбекқорлығымен, жомарттығымен қатар көсем сөздің түбіне түйе шөгерген шешендігі де бар еді. Ауызекі әңгіменің өзінде сөзді түйдек-түйдегімен тастайтын. Жарықтықтың небір ұтқыр сөздері әлі күнге ауылдастар аузында жүр. Оның артынан ерген жалғыз інісі Рәш папамызға деген бауырмалдығы тіпті ерекше болды. Жыл сайын соғымға сойылатын түйе мен жылқының, бір-екі аптада пышаққа түсетін қара қойдың жарты еті інісінің үйіне кететін.

– Аға-ау, сіз бар болғаны ферма зоотехнигісіз, ал папам – іргелі совхоздың, білдей парторгы. Сөйтіп отырып, сізден әлі күнге дәметеді, бұл қалай? – дейміз ғой, көңілденіп отырғанда шамына тиіп.

– Әй, сандалмай отырыңдар, артымнан ерген жалғыз қарамнан аярым жоқ. Сендер Құдайға шүкір, көпсіңдер. Ал біз болсақ, екеуміз-ақ. Жалғыз бауырымсыз менің өңешімнен тамақ қалай өтеді. Ол үлкен қызметтегі партия солдаты. Ал мен болсам, шаруашылықтың бел ортасында жүрмін, Құдайға шүкір, ішіп- жемім жеткілікті. Біле-білсеңдер, мен үлкен үйдемін. Біздің еншіміз бөлінген емес, бөлінбейді де. Сондықтан, оның менен дәметуі заңды, – дейтін жарықтық. Анам марқұм да, жалғыз қайнысын өле-өлгенше атын атамай «Тетелес» деп, жылы-жұмсағын аузына тосатын. Әкені еске алып, жүз жылдығына естелік жазғанда тоғыз ай толғатып, біздерге жарық өмір сыйлаған анамыз туралы айтпай кету рухы алдында қиянат болар.

Отызыншы жылдардағы ұлы жұт- ашаршылықта Арқадан ауып, Қаратауды бетке алған қалың елдің арасында тұлымшағы желбіреген сәби қыз ағасы – Бегім нағашымның арқасына таңылып, ара-кідік екі әпкесінің жетегіне ілесіп, Саудакент төңірегіне аман жетіпті. Талқаны таусылмағаннан шығар, әйтпесе бедірейген Бетбақ даласында кебінсіз, көмусіз қалған мың-мыңдаған бейкүнә жандар сияқты бір бұтаның түбінде қалар ма еді. Сол ұлы шұбырындыда «Үркердей боп көшкен жұртқа» бірге ілескен 8-9 жасар баламен соғыстан кейін шаңырақ көтеретіндерін, үлкен бір әулеттің анасына айналатыны, ол зұлмат жылдары бір Аллаға ғана аян болмаса, оң-солын танымаған жас қыз түгілі үлкендер қайдан білсін. Жарықтық анамыз, жалған дүниеден өткенше алдындағы екі әпкесі Сара және Мәкіжан нағашы апаларымызға қосылып, соғыста хабарсыз кеткен жалғыз ағаларын аңсаумен, күтумен өтті. «Қара қағаз» келмеген соң, рухына Құран да түсірте алмай көз жастарын көл ететін…

Қайран әке, мәңгілік сапарға аттанар алдында жалғыз інісімен бақұлдасып-қоштасып, біздерді «Уысыңнан шығарма» – деп бір ауыз сөзбен ғана тапсырып, көз жұмыпты. Мен онда Алматыда студент едім. Қаралы хабар келісімен құстай ұшып жетіп, біздерге өмір сыйлаған асқар таудай әкеме қос уыс топырағым бұйырды. Әйтеуір, көңілге сол медет.

 

Амангелді ӘБІЛ

Сарысу ауданы

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support