- Advertisement -

Бірлік – береке бастауы

92

- Advertisement -

Әлем елдерінде тыныштық пен тұрақтылық болғанда ғана дамуға қол жеткізеді. Мемлекетіміздің өркендеуіне де татулық пен бірліктің, достық пен ынтымақтың әсері ерекше. Еліміздегі барлық ұлт өкілдерінің мақсаты мен мүддесі бір. Бәрінің Отаны – біреу, алтын шаңырағы – Қазақстан!

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде «Бір шаңырақ астында» атты мерекелік іс-шара өтті. Жиырма беске жуық ұлттың өрнектері көрсетіліп, ұлттық тағамдары көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, қазақ күресі, өзбек күресі, белбеу күресі, самбо, таэквондо, мас-рестлинг, армрестлинг секілді спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.

Мерекелік іс-шараны облыс әкімі Нұржан Нұржігітов арнайы тамашалап, әр ұлттың ерекшеліктеріне назар аударды. Ұлт өкілдері әзірлеген көрмені тегіс аралап, мерекелерімен құттықтады.

«Қоғамдық келісім» мекемесі ғимаратының алдында өткен жиын этномәдени бірлестіктердің театрландырылған көрінісімен басталды. Жиналғандар алдында Нұржан Нұржігітов сөз сөйлеп, көпшілікті Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтады.

– Бірлік пен татулықтың ерекше мерекесі баршамыз үшін аса маңызды. Қоғамдық келісім мен этностардың бірлігін сақтау – баршамыздың міндетіміз. Қасиетті Жамбыл жерінде 87 ұлттың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. 75 мәдени бірлестік тіркелсе, оның көпшілігінің жұмысы жолға қойылған.

Өздеріңізге белгілі, жақында «Әділетті Қазақстан. Бірлік. Тұрақтылық. Даму» атты Ассамблеяның 32-сессиясында еліміздің Президенті Қасым- Жомарт Тоқаев бірлік пен тұрақтылықтың ел дамуы үшін аса маңызды екенін атап өтіп, алдымызға нақты міндеттер қойды. Президент жүктеген міндеттерді жүзеге асыруда баршамыздың бірлігіміз бен ынтымағымыз қажет. Сондықтан, осынау өркендеу жолында баршаңызға амандық, денсаулық, отбасыларыңызға береке тілеймін, – деді Нұржан Молдиярұлы.

Сонымен қатар, облыс басшысы бірқатар этнос мүшелерін «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапаттады.

Мұнан соң Нұржан Нұржігітов көпшілікпен бірге Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясы және ұлт өкілдері дайындаған мерекелік концертті тамашалады. Концерт Ұшқын Жамалбектің «Халқым-ай» әнін филармония төрттігінің орындауымен басталды. «Ақкербез» би ансамблі қазақтың «Шаттық», татар халқының «Қалыңдық» билерін шебер орындап, көпшіліктің құрметіне бөленді. Орыс мәдени бірлестігінің вокалдық ансамблі, өзбек мәдени бірлестігінің «Айша бибі» ансамблі әсем әндерімен көпшіліктің көңілінен шықты. Мәдениет саласының үздігі Маралбек Бабақұлов қырғыздың «Сағыныш» әнін жүректерге жеткізе орындады. Қордай ауданы, Масаншы ауылынан келген «Чун-Сан» халықтық ансамблінің өнері көпшіліктің назарын аударды. Дүнген бауырлардан құралған өнер ұжымы Нұрғиса Тілендиевтің «Сарыжайлау» әнін жоғары деңгейде шырқады. Бірнеше ұлт өкілдерінен құралған мектеп оқушыларының мемлекеттік тілде өлең жолдарымен құттықтау жолдағаны жарасымды шықты.

Тараз қаласындағы би үйірмелерінің қатысушылары да өнерлерін көрсетті. Концерттік бағдарлама «Жаса, қазақ!», «Байтақ далам – бай далам!» атты патриоттық әндермен мәресіне жетті.

Концерттен кейін де көпшілік достық дастарқандарынан дәм татып, бір-біріне жылы лебіздерін арнап жатты. Мереке қызығына бөленген балалар үшін де бұл күннің әсері ерекше болды. Осылайша, Әулиеата жерінде ынтымақ пен бірліктің мерекесі жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Осындай ынтымақ мереке барлық аудандар мен ауылдарда жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

– Бұл мерекенің мәні бөлек. Барша ұлт өкілдері өнерлерін көрсетіп, ұлттық өрнектерін ұсынып, қуануда. Мұның барлығы еліміздегі бірлік пен татулықтың, ынтымақтың арқасында, ұлт өкілдері арасындағы достықтың нәтижесінде жүзеге асып отыр. Қазақ халқының дархандығын, кеңдігін, достық пейілін қашанда сезініп келеміз. Біз Әулиеата жерінде бірлік пен татулықтың кең қанат жайғанын қалаймыз, – дейді Тараз қалалық Өзбектер этномәдени бірлестігінің төрағасы Абдрахман Зайнутдинов.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support