Әлеумет

Жастар болмашымен әуестенбесе екен...

Жастар болмашымен әуестенбесе екен...

Бүгінгі жастар бос уақтысын қалай өткізіп жүр? Қайда болып, немен айналысады? Бұл қазіргі таңдағы маңызды сауалдардың бірі. Облыс әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің кезекті отырысында осы мәселе жан-жақты қаралды. Облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама, дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ, жастар саясаты мәселелері басқармаларының жоғарыдағы сауалдар аясында атқарып отырған шараларының барысын зерделеу мақсатына негізделген отырысқа кеңес мүшелері, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы хатшылығы, этномәдени орталық басшылары, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. 

Күн тәртібінде жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалану үшін атқарылып жатқан жұмыстар барысы мен Кеңестің келер жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту мәселелері қаралды. Отырысты облыс әкімдігі дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәуле Байбатшаева ашып, жүргізіп отырды. Сәуле Дәнеғұлқызы алдымен статистикалық мәліметтерге сүйене отырып облыстағы жастар саны 286 мың 947-ні құрайтындығын, бұл өңіріміздегі халық санының 26,8 пайызы екендігін еске салды. Сонымен қатар, ол жастардың ел ішіндегі белсенді әрі қатерлерге бейім топ екендігін ескере отырып, олардың бос уақыттарын тиімді тірліктерге пайдалануды ұйымдастыру жастардың деструктивті діни ағымдардың жетегінде кету, экстремизм және терроризм идеяларының таралуын алдын алуда үлкен рөлге ие болатындығын тілге тиек етті.

Бұдан кейін облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Мүбәрак Жинақбаева сөз алып, бұл тұрғыда басқарма тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша қазіргі таңда облысымызда 543 мәдениет мекемесі халыққа мәдени-көпшілік қызмет көрсетеді екен. Аталған мекемелерде барлығы 2632 қызметкер жұмыс жасаса, оның 546-сы 29 жасқа дейінгі жастар. Сондай-ақ, Мүбәрак Қасымқызы өңірімізде жүйелі түрде өтіп келе жатқан «Пародия», «Кішкентай ханзада», «Біз бақытты баламыз» атты асфальтқа сурет салу, «Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздік белгісі» атты викториналық ойын байқаулары, «Біз – Тәуелсіз елдің жастарымыз!» атты пікіралмасу кеші, «Әнші балапан», «Еркем-ай» секілді шаралардың бәрі де жастар мен жасөспірімдердің атсалысуымен өтіп жатқан шаралар екенін атап өтті. Ал өңір жастарының саламатты өмір салтын ұстанудағы аса жоғары қарқыны туралы сөз қозғаған облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Гамлет Қайнарбеков қазіргі уақытта облыста 1988 спорт нысаны және 46 спорт мекемесі жұмыс жасап отырғанын айтты. Оның ішінде 263 нысан тұрғындардың жүйелі спортпен шұғылдануына арналғанын жеткізді. Сонымен қоса, басқарма басшысы жаттығуға, спортпен айналысуға ниеттілердің басым бөлігі жастар мен жасөспірімдер екенін алдыға тартты. Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Құралбаев та өз кезегінде атқарылып жатқан шараларға шолу жасады. – Басқарма тарапынан жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін үздіксіз жұмыстар жүргізіліп келеді. Атап айтар болсақ, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Жастар арасында теріс діни ағымдардың алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру» жобасы аясында «Жийде» қоғамдық қорына ағымдағы жылы 1,300 мың теңге қаражат бөлініп, облысымыздың барлық аймағында түрлі мекеме қызметкерлері мен әскери бөлімшелерде «Қазақстан мұсылман түсінігіндегі діни таным мен діни тәжірибе», «Әскери саладағы діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстары», «Дәстүрлі діни таным адастырмайды» секілді тақырыптар төңірегінде жоспарға сәйкес кездесулер өткізілді, – деді, бұл бағыттағы жұмыстардың бір парасына тоқталған Еркебұлан Есенғалиұлы. Соңыра күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыс әкімдігінің жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі Кеңестің 2015 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Жоспар бойынша басқармалар мен тиісті орындарға тапсырмалар жүктелді.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».