Әлеумет

Желтоқсаншылар балаларға мереке сыйлады

Желтоқсаншылар балаларға мереке сыйлады

Көктемнің көрікті мерекесінің бірі – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында облыстық «Желтоқсан-86» қоғамдық бірлестігі «Үміт» мамандандырылған бөбектер үйіндегі балаларға қуаныш сыйлады. Бұл күні мұндағы әр балаға шақтап тігілген ұлттық киім тарту етіліп, мерекелік дастарқан әзірленді.

– Бала – біздің болашағымыз. Келешегіміз кемел болсын десек, балалардың тәрбиесімен қоса оларды қуантуға көңіл бөлгеніміз жөн. Облысымыздың желтоқсаншылары өздері ұйымдасып, бүгінгі қайырымдылық іс-шарасын өткізіп отыр. Ондағы басты мақсат – балаларды қуанту, мереке қарсаңында көтеріңкі көңіл-күй сыйлау. Біз бүгін «Үміт» үйінің балдырғандарына ұлттық киім сыйлау арқылы олардың бойына кішкентайынан ұлттық құндылықтарды сіңіруді көздедік. Сонымен қатар, тәтті-дәмділерімізді, жеміс-жидектерді алып келіп, мерекелік дастарқан басына балаларды жинап, шат көңіл сыйласақ деп келдік, – дейді облыстық «Желтоқсан-86» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Бердалиев. Бөбектер үйінде тәрбиеленіп жатқан әр баланың тілін тауып, еркелігін көтеріп, бабын жасап жүрген қызметкерлерге желтоқсаншылар ризалық пейілдерін Алғыс хатпен марапаттау арқылы жеткізді. – Бүлдіршіндерге бақыт сыйлау үшін сый-сияпаттарын тарту ететін азаматтарға шексіз алғысымызды айтамыз. Жақында «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорынан грант ұтып алып, заманауи балалар ойын алаңы салынды. Ғимаратымызға ұзақ жылдардан бері күткен күрделі жөндеу биыл жасалып жатыр. Мұның бәрін де ел ертеңі үшін жасалып жатқан игі істер деп білеміз, – деген «Үміт» мамандандырылған бөбектер үйінің бас дәрігері Гүлайым Манибаева балаларды құттықтап келгендерге рақметін айтты. «Қуантсаң, баланы қуант» дейді халқымыз. Себебі, бала шынайы, риясыз қуанады. Бала қуанса, жанына жылу ұялап, санасына сәуле түседі. Сол арқылы өмірге жарқын қадам басады. Бұл күнгі қайырымдылық шарасының осы мақсатқа жеткені бүлдіршіндердің мәз-мейрам болған жүздерінен байқалды.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Тараз қаласы