Әлеумет

АЛТЫН ҚҰРСАҚТЫ АЙТКҮЛ АПА

АЛТЫН ҚҰРСАҚТЫ АЙТКҮЛ АПА

  Бүгінде кейбір басылым мен ғаламтор беттерінен «жағдайы жоқ болса, бала туып несі бар?» деген сыңайдағы көпбалалы отбасыларын сынға алған мақалаларды оқта-текте кездестіріп қаламыз. Шаңырақты шат күлкіге бөлейтін бала санының көбеймеу себебін бүгінгілер  баспана мен жұмыстың жоқтығымен байланыстырады. «Баланың бар жағдайын жасай алмасақ, санын көбейтіп қажеті не?» дейтіндер де жетерлік. Қалай дегенмен де, еш қиындыққа қарамастан, бар ауыртпалық өз басына түсерін сезсе де, мойымай бала табуға бел буған аналардың қадамын мен ерлікке, батырлыққа балар едім. Сондықтан олимпиада жеңімпаздарын, алтын медаль иеленген спортшыларымызды қалай мадақтап, құрмет көрсетсек, Алтын алқа иелеріне одан да зор қошемет көрсетуге тиіспіз. 

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Айткүл Дүйсенбекова небәрі 17 жасында тұрмыс құрады.

«Келін болып түскен шаңырағымда атам, енем, атамның ағасы, қайынсіңлілерім, барлығы 15 адам тұрдық. Солай бола тұра, атам тағы бір жетім қызды асырап алғаны есімде. Барлығының тамағы тоқ, киімдерінің таза болуы алдымен менің міндетім еді. Ал үйіміз небәрі үш-ақ бөлмелі. Ол кезде Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара ауылында тұратынбыз. Бірер жыл мақта теруге шығып, кейіннен аудандық орталық кітапханада жұмыс істедім. Жолдасым полиция қызметкері болды. Үйдегілердің барлығының көңілін табу, жұмыс пен үй тірліктерін қоса алып жүру, қауіпті әрі қауырт жұмыстағы еріңнің жағдайын жасау, оңай емес, әрине. Алайда, сол уақыттағы қыз-келіншектердің барлығы да үйдің де, тылдың да ерен еңбеккерлері болды десем, артық айтқандық емес. Екі-үш баламен шектеліп қалған отбасылар жоқтың қасы. Ол кезде әлеуметтік жағдайымыз да мәз емес болатын. Әйткенмен, басты мақсатымыз қазіргі замандағыдай жұмысымыздың жоғарылағаны емес, балаларымыздың санын көбейтіп, оларды ел қатарына қосу болды. 8 баланы да ешкімнен кем қылмадық. Бүгінде әрқайсысы өз ісінің шеберлері. Әрқайсысы еліміздің әр түкпірінен «мамалап» хабарласып тұрғанының өзі қуаныш. Қазір 15 жан тұрмақ, жалғыз енемен зәулім үйде тіл табыса алмай жүрген келіндерді көргенде қарным ашады» дейді алтын және күміс алқа иегері Айткүл Саттарқызы өткен күндерін еске алып. 24 немере, 14 шөберенің әжесі атанып отырған Айткүл апа өлең, ән жазуды жанына серік еткен. Газет-журналдарға жазылып, түрлі тақырыптарда қалам тербеу сүйікті ісіне айналған. Өзінің арнау өлеңдерімен қатар, мақал-мәтелдер мен өсиет сөздерді топтап жинақ шығару да ойында бар. Алқалы ана сонымен бірге, Елбасын, облыс, қала әкімдерін мерейтойларымен, түрлі мейрамдарымен құттықтауды да ұмыт қалдырмайды. Тіпті, осы үшін ҚР Президент Әкімшілігінің Жалпы бөлімінің меңгерушісі М. Жақыпов пен ҚР Президенті Кеңсесінің меңгерушісі М. Қасымбековтен алғыс білдірген хат та келіпті. Аналық сезімнің бар құдіретін сезініп, адам баласының ұрпағын жалғастыру қасиетті борыштың бастысы екенін түсінген аналарымызға деген құрмет ешқашан толастамаса екен. Біздегі бар тілек, осы.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».

Тараз.