- Advertisement -

Бірлік – береке, татулық – тағылым

119

- Advertisement -

Хамит ЕСАМАН,
«Aq jol» газетінің бас редакторы.

Ежелден ұлы қазақ топырағында қалыптасқан дала философиясы, ізгілік институты бірлік пен ынтымақты дәріптейді. Халықтың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан тұлғалық даму көшінде де татулық тағылымы насихатталады. Ұлттың ұлы тұлғалары да қоғамның бірлігіне, елдің ынтымағына ерекше мән берген. Берекенің бастауы – бірлік, бұл қазақ халқының өмір сүру салтында қалыптасқан басты қағиданың бірі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде «Татулық пен бірлік – табысты мемлекет болудың басты кепілі», – деп атап өтті. Сондай-ақ, Президент этносаралық саясатқа айрықша назар аударып, ұдайы жетілдіріп отыруды қажет ететінін айтты. Бүгінде еліміз ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңызды рөліне ерекше мән беріп келеді.

Қазақ топырағында тұрақтылық пен татулықтың феномені қалыптасты. Бұл ел Тәуелсіздігінің тарихында айрықша сипатқа ие болды. Елді бірлікке, ынтымаққа үндеген дала философиясының өзегі қазақ жеріндегі өзге ұлт өкілдерін ортақ идеяға, ортақ құндылықтар төңірегіне біріктірді. Еліміз ертеден татулық тағылымына мән беріп, оны жалпы қоғамға насихаттаған. Қазақ халқы сондықтан да «Бірлік болмай, тірлік болмас» деп, татулықтың қасиетін дәл бағамдаған. Ырыс пен ынтымақ, береке мен бірлік, татулық пен түсіністік бүгінде салтанат құрып, қоғамда салиқалы пікірдің қалыптасуына жол ашты.

Жыл сайын елімізде 1 Мамыр мерекесі өзіндік сән-салтанатымен тойланады. Бірлік – берекенің, татулық – тағылымның көрінісі. Бұл дала философиясының алтын діңгегі, рухани шырағы. Тарих толқынына көз салсақ, барлық ұлттың өзінің тағдыры мен тарихы бар. Ұлы Тұранның тұғыры, қасиетті қазақ даласы көптеген ұлт пен ұлысқа пана болды. Бүгінде жарастықтың жарқын жолы ұлы елімізде жалғасып келеді!

Дәл осы күні облысымыздың айнасына айналған «Aq jol» газетінің шыға бастағанына да 101 жыл толып отыр. Халықтың көзі мен үні бола білген басылымның бүгінде аясы кеңейіп, көтерер жүгі де ауырлап келеді. Бұл да газет ұжымының бірлігінің, ұйымшылдығының арқасы деп білеміз.

Бірлігіміз арта берсін!

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support