Бірлік – береке, татулық – тағылым
Бірлік – береке, татулық – тағылым
Қазақ топырағында тұрақтылық пен татулықтың феномені қалыптасты. Бұл ел Тәуелсіздігінің тарихында айрықша сипатқа ие болды. Елді бірлікке, ынтымаққа үндеген дала философиясының өзегі қазақ жеріндегі өзге ұлт өкілдерін ортақ идеяға, ортақ құндылықтар төңірегіне біріктірді. Еліміз ертеден татулық тағылымына мән беріп, оны жалпы қоғамға насихаттаған. Қазақ халқы сондықтан да «Бірлік болмай, тірлік болмас» деп, татулықтың қасиетін дәл бағамдаған. Ырыс пен ынтымақ, береке мен бірлік, татулық пен түсіністік бүгінде салтанат құрып, қоғамда салиқалы пікірдің қалыптасуына жол ашты. Жыл сайын елімізде 1 Мамыр мерекесі өзіндік сән-салтанатымен тойланады. Бірлік – берекенің, татулық – тағылымның көрінісі. Бұл дала философиясының алтын діңгегі, рухани шырағы. Тарих толқынына көз салсақ, барлық ұлттың өзінің тағдыры мен тарихы бар. Ұлы Тұранның тұғыры, қасиетті қазақ даласы көптеген ұлт пен ұлысқа пана болды. Бүгінде жарастықтың жарқын жолы ұлы елімізде жалғасып келеді! Дәл осы күні облысымыздың айнасына айналған «Aq jol» газетінің шыға бастағанына да 101 жыл толып отыр. Халықтың көзі мен үні бола білген басылымның бүгінде аясы кеңейіп, көтерер жүгі де ауырлап келеді. Бұл да газет ұжымының бірлігінің, ұйымшылдығының арқасы деп білеміз. Бірлігіміз арта берсін!