Жамбылда не жаңалық?

Медициналық құрылғылар мерзімінде жеткізілуі керек

Медициналық құрылғылар мерзімінде жеткізілуі керек

Кеше облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласының шығыс қақпасы маңында жаңадан бой көтерген облыстық онкологиялық диспансерінде болды. 200 орындық диспансердің құрылысы 2018 жылдың қарашасында басталып, биыл наурыз айында пайдалануға берілуі тиіс еді. Облыс басшысы құрылысты мерзімінен кешіктірген мердігердің мәселелерін саралап, оны тез арада шешу жөнінде жауаптыларға нақты тапсырма жүктеді.Шаһардың шығыс аумағындағы 4,6 гектар жерді алып жатқан жаңа онкологиялық диспансердің негізгі құрылыс жұмыстары толыққанды аяқталып қойған. Ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстары да біткен. Бас мердігері «Тур- Ахмет и Компания» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі заманауи зәулім ғимаратты жоспар бойынша тапсыруға дайын. Құрылыс және монтаждау жұмыстары да уақытында аяқталған. Бірақ, техникалық жабдықтарды орнату жұмыстары әлі де толығымен бітпеген. Оның себебін мердігер соңғы үлгідегі медициналық құрылғыларды жеткізетіндер кешіктіргендігімен түсіндірді. Мұнымен қоса, орнатылған құрылғылардың да желдеткіш жүйелерінде кемшіліктер бар болып шықты. Облыс басшысы қажетті техниканы уақытында жеткізбей, құрылысты тежеп отырғандардың жұмысын сынға алып, оларға 2 мамырға дейін межелі уақыт міндеттеді.

Нұржан Молдиярұлы жаңа ғимаратпен жан-жақты танысып, құрылыстың сапасына айрықша мән берді. Қазірге дейін жеткізілген медициналық құрылғылардың жұмысын қадағалады. «Жаңа құрылғыларды бізге арнайы мамандар алты айдан бері, яғни үш ай дәрігерлерге, тағы үш айда лаборанттарға үйретіп жатыр. Қазірдің өзінде жаңа құрылғылармен жұмыс істеуді біршама меңгеріп қалдық. Үйрету жұмыстары тегін жүргізілуде», – деді диспансердің бөлім меңгерушісі Роза Бегімбаева. Диспансердің құрылысын жан-жақты саралап шыққан облыс басшысы мердігерлер мен жауаптыларға кемшіліктерді тез арада ретке келтіріп, медициналық құралдардың кешікпеуін қатаң бақылауға алуды тапсырды.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ