Мәдениет

Көпшілікке ой салатын қойылым

Көпшілікке ой салатын қойылым

«Нашақорлыққа қарсы күрес» акциясы аясында А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында бір аптадан бері ғасыр дертінен сақтандыруға арналған қойылымдар көрсетілуде. Акция аясында аталған театр актерлары Болат Ұзақовтың «Жан дауа» драмасын сахналады.Сонымен, біз сахнадан нені көрдік? Сахнада қаланың пәтерінің көрінісі бейнеленгенмен, бір қанатында киіз үйдің керегесі тұр. Мұнда ауылдан қалаға көшіп келген отбасы бейнеленген. Шаңырақтың иесі зейнет жасындағы ақсақал. Оның барлық аңсар-арманы – ауыл. Ауылға аңсары ауады да тұрады. Қолынан жүгені мен шылбыры түспейді. Кең даланың киесі саналған жылқы әбзелдерінің бөлшегіне жүрегімен байланған. Бірақ, бұл отбасында қасірет бар еді. Жалғыз ұлдары қалаға келіп нашар ортаға қосылып, есірткіге салынып кеткен. Ол жағдайдан ата- анасы хабарсыз.

Есірткіге тәуелді болып қалған жігіт әуелі әлгі үйіне келіп, анасының қолынан сүт пен нанға деп қалдырған соңғы 5 мың теңгені тартып әкетеді. Келесі келген кезінде бір топ суық қолды жігіттермен келеді. Жігіт соларға белшесінен қарыз. Есірткі алған. Енді соның өтеуін өтей алмай әлек. Ақыры әкесінің қолынан күмістелген ер- тұрманды жұлып әкетеді. Әкесінің «Аталарыңнан қалған асыл бұйым, қасиетті зат қой. Тиіспеші» дегеніне бала көнбейді. Көзі қанталап, әкесін итеріп тастап, жұлып әкетеді. Күйзеліп әке, азап шегіп ана қалады. Бұл да ештеңе емес екен. Есірткіге арбалған жігіттің қарызы 15 мың АҚШ долларына жетеді. Оны өтеуге ата-ананың мүмкіндігі жоқ. Ақыры жігітке есірткі сатқан бұзақы топ қайта келіп: «Үйлеріңді бізге бересіңдер. Балаларың белшеден қарыз. Балаларың – нашақор» деп ата-ананың жанын тағы жаралайды. Осылай шаңырақтан береке, үйдегілерден ес кетеді. Ақыры нашақор жігіт тәлтіректеп келіп, анасынан тағы ақша сұрайды. Анасының қолындағы алтын білезікке көзі түсіп, соны жұлып ала қашпақшы болады. Бірақ, оны сол шаңырақтың спортшы күйеу баласы байқап қалып, жігітті шетке қағып жіберіп, затты қорғап қалады. Есірткіге арбалған жігіт сол жерде қимылсыз қалады. Ата-анасы қасірет шегіп, қайғы арқалап қала береді. Әкесі: «Бұл жағдайға мен кінәлімін. Қателік менен кетті, құлыным» деп мойындайды. Бұл қойылымда әке рөліндегі Әбу Шоңбаев бастаған актерлар өз рөлдерін сәтті алып шықты. «Біз осында қойылым көруге келдік. Керемет әсер алдық. Есірткі – ғасыр дерті. Замандастарымызды ол дерттен аулақ болуға шақырамын. Ел ертеңі білімді, денсаулығы мығым жастармен жарқын. Оны естен шығармауымыз керек», дейді Жамбыл жоғары медициналық колледжінің студенті Диана Бекен.  

Есет ДОСАЛЫ