Әлеумет

Сынған шиша, шашылған шөлмек

Сынған шиша, шашылған шөлмек

Бүгінгі ұрпаққа үнем мен ұқыптылықты ескертеді

Еліміздің экономикасы қарыштап дамып, халқымыздың әл-ауқаты артып, тұрмысы жақсарған сайын алыс-жақын шетелдерге демалушылар қатары көбейіп келеді. Барып келгендердің әңгімесін тыңдасаң, әсіресе, ол елдердің тазалығы мен тәртібіне таңқаласың. Біздің елімізде шетелдіктерге көрсететін табиғаты таңғажайып жерлер мен тарихи ескерткіштер жоқ емес. Әйтсе де, барымызды ұқсата алмай жүргенімізді ойлағанда жігерің құм болады. Кейінгі кезде жылына бір барып демалатын шипажайлар мен тау шатқалдары да ластанып, бұрынғы ажарынан айырылып барады. Тау шатқалдарының көрікті жерлеріндегі ағаштардың түбінде үйіліп жатқан бос шөлмектер және пластикалық құтылардан көз сүрінеді. Мұндай келеңсіздікті еліміз ғана емес, шетелдерден де емделушілер көп келетін Меркі шипажайындағы шатқалдан да көптеп кездестіруге болады.

Ең өкініштісі – сынған шөлмектер тоғандар мен өзендердің түбінен де көптеп табылады. Суға түсемін деп аяғын шиша сынығына тілдіріп алғандарды да талай кездестірдік. Бұдан кейін олардың қайта суға түсуге жүрегі дауаламай қалады. Бүгінде қираған, сынған шөлмектерді 2000-3000 метр биіктіктегі таудың шыңдарынан да кездестіресіз. Еріккендер шыңға шығып, оларды нысана етіп атқылайды. Мамандар бірқатар жауапсыз азаматтардың тауда, яки шабындықтарда бос шыныларды лақтырып кетуінен күн қатты қызған кезде өрт шығатынын үлкен алаңдаушылықпен айтып келеді. Соның салдарынан күн қатты қызған кезде таулар мен шабындықтарда жиі өрт шығып жатады.

Қазір қалада да, далада да, тіпті, қайда барсаң да бей-берекет шашылып, қирап жатқан шөлмектерден көз сүрінеді. Арнайы қоқыс тастайтын алаңдағы қалдықтың төрттен бірін бос ыдыстар құрайды. Олар басқа заттар сияқты шіріп те кетпейді. Ұзақ жылдар бойы қоршаған ортаны ластап жата береді. Қысқасы, сынған шыны көшелерімізді ғана емес, қоршаған ортаның да сәнін кетіріп барады. Әлбетте, оны өндіру үшін материалдық ресурстар мен шығын аз жұмсалмайды. Кеңестік кезеңде бос шөлмектер дүкенге қайта қабылданып, қайтадан қажеттілікке жаратылатын. Дүкенге немесе оны қабылдайтын орындарға 4-5 бүтін бос ыдыс өткізгендер олардың құнына бір зат сатып алатын. Сондықтан да шиша деген ол кезде бей-берекет шашылып жатпайтын. Мұның өзі табиғи ресурстарды үнемдеумен қатар, қоршаған ортаның тазалығына ықпалы зор болатын. Табиғатта таусылмайтын, шексіз ешнәрсе жоқ. Сондықтан да өркениетті елдер өздеріндегі табиғи ресурстарды үнемдеп, барынша тиімді пайдалануға күш салуда. Оны келер ұрпақтың игілігіне жарату үшін шикізаттарды шетелдерден сатып алуда. Олар қай салаға қарасаң да қалдықсыз технологиямен жұмыс істейді. Елімізде зауытта бір тонна шөлмек өндіру үшін 20 мың теңгеден астам қаржы жұмсалады. Егер босаған шыны ыдыстарды қайта қабылдап, балқытса, өнімнің өзіндік құны үш есе арзандайды екен. Таразда қазір екі шөлмек шығаратын зауыт бар. Үшіншісі таяуда іске қосылмақ. Олар оны шығару үшін қажетті шикізат: кварц құмын Қызылорда облысынан, доломит пен әктасты Қаратаудағы кен көздерінен жеткізеді. Сондай-ақ, басқа да қажетті заттарды Ресей мен басқа мемлекеттерден әкелінеді. Ал егер Тараздың маңында қоқыс алаңында төбе болып үйіліп жатқан және әр жерде шашылып жатқан шыныларды қайта балқытса, қаншама шикізат пен қуат көздері үнемделеді? Кеңестік кезеңдегідей осындай бос шыны ыдыстар дүкендерде және арнайы орындарда қабылданса, оны өткізушілерге тиісті ақшасы берілсе, мұндай келеңсіздікке жол берілмес еді. Шөлмек өндіретін зауыттар оның әр килограмын 6 теңге, ал, бір тоннасын 6 мың теңгеден қабылдайды. Сонда әр шөлмектің бағасы 3 теңгеден айналады. Мұндай төмен бағаға оны арнайы орындарға әкеліп өткізуге қызығатындар тым сирек. Зауыт басшылары оның қабылдау бағасын өсіруге кәсіпорынның айналым қаражатының аздығы мүмкіндік бермейтінін айтып ақталады. Кәсіпорын төлейтін ақша оны әкеліп өткізушілердің жол қаражатын да өтемейді. Не істеу керек? – Өркениетті елдерде қалалар және ірі елді мекендерде қоқыс тастайтын орындарда үш түрлі ыдыс қойылады. Тұрғындар олардың біреуіне – шөлмек, келесісіне пластик ыдыстар, үшіншісіне түрлі тұрмыстық қалдықтар тастайды. Іріктеліп салынған осындай қалдықтар бірден өңдеу кәсіпорындарына жөнелтіледі. Қалалық әкімдік осындай қоқыс тастайтын орындарда үш түрлі ыдыстарды қоюды қолға алу керек. Сонда бос шөлмектерді біз арнайы көлікпен өзіміз алып кетер едік, – дейді «САФ» шыны компаниясы» АҚ «Оңтүстік-3» филиалының директоры Марат Мырзахметов. Ұсыныс, ниет дұрыс. Әйтсе де, тұрғындарды осындай тәртіпке, өркениеттілікке бейімдеу жуық арада жүзеге аса қояды дегенге сену қиын. Дегенмен, бұл ұсынысты жүзеге асыру – түбінде өз нәтижесін берері сөзсіз. – Қайсыбір мемлекетте болсын барлық тірлік адамдардың жақсы өмір сүруі және игілігі үшін атқарылады. Адамдардың қауіпсіздігі, қоршаған ортаның тазалығы және жұртты үнем мен ұқыптылыққа үйрету үшін жергілікті бюджеттен қаражат көзін қарастырып, уақытша бос шөлмектерді қабылдау бағасын өсірген дұрыс болар. Қалаларда және елді мекендерде оны қабылдайтын орындар ашу керек. Егер бір килограмм шишаның қабылдау құны 20 теңгеге жеткізілсе, оны өткізуге қызығушылар қатары көбейері сөзсіз. Біз осы істі қолға алу арқылы елеулі тиімділікке қол жеткіземіз, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Жұмахан Дәулетбеков. Республикамызда тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін кәсіпорны жоқ қаланың бірі – Тараз. Бұл мәселенің тараздықтарды алаңдатып жүргеніне көп уақыт болды. Осыған дейін жасалған тәп-тәуір жобалар инвесторлардың енжарлығынан жүзеге аспай келеді. Десе де, бұл мәселеде облыс және қала басшылары әрекетсіз отырған жоқ. – Келесі жылы Тараз қаласының маңында тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін жаңа зауыт салынады. Бұл мақсатқа арнайы 10 гектар жер бөлініп, жобасы жасалды. Тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін зауыт құрылысын Латвия мемлекетінің кәсіпкерлері жүргізеді. Оның жарты ақшасы «Даму» қоры арқылы қаржыландырылады. Құрылыс 2016 жылы бітіп, іске қосылуы тиіс. Олар арнайы орындарда темір және шыны ыдыстарды, азық-түлік қалдықтарын салатын жеке-жеке контейнерлер қоятын болады. Бұл мәселе сол кезде біршама шешілетініне сеніміміз мол, – дейді Тараз қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Берген Омарбек. Келер күннен жақын жоқ. Амандық болса, 2016 жыл да көзді ашып-жұмғанша келіп қалар. Тұрмыстық қалдық өңдейтін зауыт салуды зарыға күтіп жүрген тараздықтар осы жобадан үлкен үміт күтіп отыр. Оның құрылысы уақтылы қолға алынып, іске қосылса, азаматтарымыздың алаңсыз өмір сүруіне және қоршаған ортаның тазалығына тағы бір игілікті қадам жасалары сөзсіз.

Ақылжан Мамыт, «Ақ жол».