- Advertisement -

Кәсіп бастауға кедергі жоқ

111

- Advertisement -

Өңірде мемлекеттік қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін ашқысы келетін әлеуметтік санаттағы азаматтар көп- ақ. Жуырда олардың бір тобы «2021- 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы» шеңберінде «Тараз қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қайырылған болатын. Грант алуға өтініш бергендердің қарасы да қалың. Атап айтсақ, бір орынға 17 адамнан келді. Комиссия мүшелеріне де таңдау жасау оңай болмады.

«Тараз қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Динара Баянованың айтуынша, жобаның бірінші кезеңі бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға ниет танытқан қала тұрғындарының саны 728 адамға жеткен. Берілетін лимит 45 орын. Жобаға қатысуға өтініш бергендердің барлығы мемлекеттен берілетін 400 айлық есептік көрсеткіштен тұратын 1 380 000 теңгенің грантын алып, кәсібін ашуға ниет білдіргендер.

– Биылғы жылғы 20 ақпаннан бастап 3 наурыз аралығында 728 азаматтан өтінім түсті. Ол өтінімдердің 278-інің бизнес жобасы мал шаруашылығы, 170-і кондитерлік өнімдер, 80-і тігін ісін, 60-ы сұлулық салонын, 45-і компьютерлік қызмет көрсету орталықтарын ашуға құрылса, 57-сі емшара кабинеттерін ашу, 40-ы өзге қызмет түрлерін таңдаған. Бұл үміткерлер 9 мен 20 наурыз аралығында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, ғылыми-білім беру мекемелері, бизнес, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен, салалық сарапшылардан құралған комиссия отырысына шақырылды. Комиссия отырысына 728 үміткердің 638-і келіп бизнес жоспарын қорғаса, 90-ы комиссия отырысына белгісіз себептермен келмеді, – дейді ол.

Комиссия мүшелері әрбір үміткердің жобасын жан-жақты талқылап, назардан ешнәрсені тыс қалдырмауға тырысты. Комиссия отырысының әділ өтуіне басымдық берілді. «Комиссияның әрбір мүшесі әрбір үміткердің бизнес-жоспарын бұйрықтың өлшемшарттары бойынша бағалап, толтырып отырды. Атап айтсақ, бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру бойынша бағаланды. Ал, грант беру туралы шешім комиссиялық түрде және үміткерлердің бизнес-жобаларының пысықталуын бағалаудың нақты өлшемшарттары негізінде қаралды. Сөйтіп, Тараз қаласында бірінші лекте 45 азаматқа грант қаржысын беру туралы шешім қабылданды», дейді Динара Баянова.

Комиссияның оң шешіміне ие болған бизнес жобаларды атап көрсететін болсақ, олар құлпынай жылыжайын ашу, тамшылатып суару әдісін қолдану арқылы «микрозелень» өндіру жобасы. Кір және иіс сабындарын өндіру бойынша цех ашу жобасы, сондай-ақ, балаларға арналған әдістемелік құрал жасау, оқу кабинеттерін ашу, логопед, дефектолог кабинеттерін ашу сияқты жобалар таңдалып, комиссияның оң шешіміне ие болды. Сонымен қатар, жамбас сүйектерінің жетілмей туылған нәрестелердің сауығып кетуіне жаңа технологиялармен массаж жасау кабинетін ашу, қала тіршілігіне маңызды кәріз құбырын тазалау жобасы, ою-өрнекті ағаштарға лазермен салу және ұзақ сақталатын құрт, ірімшік өнімдерін экспортқа шығару жобалары қолдау тапты.

Атап айтсақ, логопед дефектолог орталығын ашу бойынша жобасын қорғаған Гүлнәр Жұматаева аталған орталықтың қоғамға қажеттілігін дәлелдеп берді. Ол орталықтың негізгі мақсаты тіл мүкістігі бар балалармен тығыз жұмыс істей отырып, оны қоршаған ортаға бейімдеу болып табылатындығын және орталықта бірнеше адамды жұмыспен қамтитындығын, ашылатын аумақта бәсекелестерінің жоқтығын айтты. Келесі үміткер Берік Айдарбеков құлпынай өсіруге арналған жылыжай жобасын қорғап шықты.

– Біз үміткерлердің ұсынған жобалары мен бизнес-идеяларының бәсекеге қабілеттілігіне, өткізу нарықтарының пысықталуына, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігіне, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейіне, жаңа жұмыс орындарының құрылуына баса мән бердік, – дейді комиссия төрағасының орынбасары Берік Қасымов.

Жақында мекеме қызметкерлері осы топта мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие болғандарды жинап, олардың ашқан кәсіптері бойынша есепті жүргізу тәртібі бойынша кеңес беріп, еркін форматта пікір алмасып, бағыт-бағдар берді.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support