Мәдениет

Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра

Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра

Осы күні қазақтың қара домбырасын шертіп, шерін тарқататындардың да қарасы кеміп барады. Сол кемшіліктің орнын толтырып, бүгінгі өнерсүйер қауым, есті ұрпаққа қазақ домбырасының құдіретімен таңқалдырып, күй күмбірімен сусындатуды ойлаған Сарысу аудан­дық ардагерлер кеңесінің (төрағасы Құдайберді Әбілов) ұйымдастыруымен «Күмбірлеші домбыра» атты аудандық күйшілер байқауы өтті.

Қаратаудың шертпе күйлерінің небір шеберлері шыққан Созақ, Сарысу өңірлерінің ұрпақтары көрермендер алдында Құрманғазының, Тәттімбеттің, Дәулеткерейдің, Сүгірдің күйлерін бірінен соң бірін нәшіне келтіре орындап, залды күй әуеніне бөлеп, жұртшылықты таң тамаша етті. Әсіресе, Игілік ауылынан келген Балтабай Дәуірбековтің шеберлігіне көрермендер тәнті болды. Содан да болу керек, ол бас бәйгені қанжығасына байлап кетті. Қазылар алқасының шешімімен Саудакент ауылынан келген күйші Салтанат Маштақоваға бірінші, жайылмалық күйші Анюша Сатқынова мен тоғызкенттік Чкал Елеусінов екінші орынға лайық деп табылса, саудакенттік Жібек Кашкенова мен Ұ.Сыздықбаев ауылынан келген күйші Қолғанат Әбеуовалар үшінші орындарды бөлісті. Сондай-ақ, күй додасында ерекше көзге түскен Т.Ақбаева мен Қ.Бегешбаевтар ынталандыру сыйлықтарын иеленді. – Қазақтың дәстүрлі ұлттық өнерін қайта жаңғырту үшін аудандық ардагерлер кеңесі алдағы уақытта да жыршылар, термешілер, қобызшылар байқауларын өткізбек, – деді төраға Қ.Әбілов.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

 Саудакент ауылы,

Сарысу ауданы.