Әлеумет

Өңір өндірісі өркендеп, өнімділік артады

Өңір өндірісі өркендеп, өнімділік артады

Облыста мыңға жуық инвесторлар мен кәсіпкерлердің басын қосқан «Zhambyl Economic and Investment Forum – 2023» халықаралық инвестициялық форумы басталды.

 Цемент зауыты іске қосылды

Шетелдік делегация Қордай ауданы Қарасу ауылындағы «Korcem» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің іргетасы енді қаланып жатқан цемент зауытының құрылысымен танысты. Зауыт іске қосылса жылына 1,5 миллион тонна цемент өндіріледі деп жоспарланып отыр. Цемент өндіру желісі құрылысының ресми ашылуына облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қатысты. – Былтыр облысымызға 400 миллиардтан астам инвестиция тартылды. Облыста бүгінгі күні екі үлкен бағытта жұмыстар атқарылуда. Бірінші «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарына 2,5 пайызбен несие беріп, халықты нәтижелі жұмыспен қамту мәселесі қолға алынды. Екінші үлкен бағыт – осындай зауыттарды іске қосып, соның төңірегінде шағын және орта бизнесті дамыту. Осылайша, өңір тұрғындарының табысын арттыру көзделуде. Әр ауданда осындай жобалар іске қосылып жатыр. Бүгін форум аясында Қордай ауданында Сингапур мемлекеті кәсіпкерлерінің тарапынан қаржы мәселесі оң шешіліп, үлкен цемент зауытын салу жұмыстары басталып отыр. Жоспар бойынша 2024 жылы іске қосылмақ. Тура осындай зауыт бізде қазір Мойынқұм ауданында қарқынды жұмыс істеп, 1 миллион 400 мың тонна цемент өндіріп, республикада өндірілген жалпы цементтің 20 пайызы шығарылуда. Қордайдағы осы зауыт іске қосылса, республикалық бұл көрсеткіш 35 пайызға дейін артады деп жоспарлап отырмыз, – деп Нұржан Молдиярұлы жаңа зауыттың құрылыс жұмыстарына сәттілік тіледі. Мұнан соң сөз алған International Cement Investment Management компаниясының Қаржы директоры Вей Пинг құны 2220 миллион АҚШ долларын құрайтын зауыт іске қосылғанда жергілікті тұрғындарға 500-ден астам жұмыс орны ашылып, жылына қазынаға 112 миллион АҚШ көлемінде кіріс әкелетінін жеткізіп, зауыт құрылысының сапалы әрі сәтті аяқталуына тілеулестігін білдірді. Сонымен қатар, «Korcem» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Станислав Щербаков жаңа зауыттың алдағы жоспарларын жеткізіп, әріптестік қолдау білдірген жергілікті атқарушы билікке алғысын жеткізді. Мұнан соң зауыт іргесіне ел дамуы мен ұрпақтар сабақтастығын арттыруға бағытталған, өндірістегі бүгінгі буынның жүз жылдан кейін ашылатын жолдауы жазылған арнайы капсула орнатылды. Форум қонақтары Шу ауданындағы «Тараз Химиялық Паркі» арнайы экономикалық аймағында бас қосып, мұндағы инвестициялық жобаларды дамыту бойынша кеңес өткізді. Мұнда шетелдік инвесторларға «Тараз Химиялық Паркі» арнайы экономикалық аймағының мол мүмкіндіктері жан-жақты таныстырылды. Шу ауданында 517 гектар аумақты алып жатқан арнайы экономикалық аймағы әлемдік стандарттарға сәйкес келетін бәсекелестігі жоғары химиялық өнімді өндіруге мүмкіндік беретін тиімділігі жоғары инновацияны қолдануға бағытталған. Экономикалық аймақта инфрақұрылым жүйелері толығымен қамтылған. Қазіргі таңда онда 420 миллиард теңгеден астам қаражатты құрайтын 9 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүріп жатыр. Сәйкесінше, онда 2163 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Экономикалық аймақтың мүмкіндігі мол

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров шетелдік кәсіпкерлерді арнайы экономикалық аймақтың мүмкіндіктерімен таныстырды. – Бүгінгі таңда 7 қатысушы арнайы экономикалық аймаққа тіркелген. Олар өз жобасын жасап, жұмысын бастап жатыр. Егер сіздер де жұмыс жүргіземіз десеңіздер, бос алаңдар бар. Инфрақұрылыммен қамтылған, – деді Нұржан Сәбитұлы. «Тараз» Химиялық Паркі» АЭА» БК» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мұқамбетқалиев, «QazIndastry» АҚ бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Арыстанбек Сағиев және экономикалық аймақта өндіріс жұмыстарын қолға алған «Altynalmas Reagents», «Тас Маркет» секілді жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшылары кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған жеңілдіктер мен тиімділіктер туралы айтты. Өз кезегінде шетелдік инвесторлар экономикалық аймақтың әлеуетімен толыққанды танысып, қазіргі уақытта өндіріліп жатқан химиялық өнім түрлеріне қызығушылық білдірді. Айта кетсек, «Тараз Химиялық Паркі» арнайы экономикалық аймағы заманауи жоғары өнімді, бәсекеге қабілетті өндірістерді жедел дамыту, қызмет көрсетудің сапалы жаңа деңгейін қалыптастыру, инвестициялар тарту, экономика салалары мен өңірлерге жаңа технологияларды енгізу, сондай-ақ халықты жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында құрылған. Жобалардың ішінде геосинтетикалық мембраналар, натрий цианиді және ферросилиций өндіру жобасын атап өткен жөн. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров «Тараз Химиялық Паркі» арнайы экономикалық аймағы дайын инфрақұрылымы бар өнеркәсіптік алаң екенін, онда қатысушыларға салықтық және кедендік жеңілдіктер берілетінін атап өтті. Сондай-ақ, Венгрия мен Пәкістан және еліміздің өзге де өңірлерінен келген инвесторларға экономикалық аймақтың қолайлы географиялық орналасуы, қоңыржай климаты және көлік-логистикалық әлеуеті қолайлы екенін жеткізді. – Біз арнайы экономикалық аймағы аумағында өз жобасын іске асыруды жоспарлап отырған кез келген инвесторларға жәрдемдесуге дайынбыз. Қазіргі уақытта арнайы экономикалық аймағы аумағында қуаттылығы 600 мегаватты жел электр стансасын салу және арнайы экономикалық аймақтың басқа қатысушыларына төмендетілген құны бойынша энергия беру міндеттемесін алған «Тас Маркет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жобасын іске асыру жоспарлануда. Бұл арнайы экономикалық аймақтың инвестициялық әлеуетін арттыруға ықпал етеді деп санаймын. Бүгін біз жылдам қарқынмен дамып келе жатқан заманауи шындықтар мен геосаяси дауыл контекстінде арнайы экономикалық аймақтарды дамыту перспективаларын талқылауды жоспарлап отырмыз, – деді Нұржан Сәбитұлы. Сондай-ақ, Байзақ ауданында гофрленген картон және тастан жасалатын дайын қағаз қаптама өндірісі іске қосылды. «KazStoneBox» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің гофрленген картон өндіру зауыты «Zhambyl Economic and Investment Forum – 2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумы аясында ашылып отыр. Соңғы нұсқадағы автоматтандырылған қондырғылармен жабдықталған кәсіпорын жаңа үлгідегі озық технологияларды пайдаланатын инновациялық, энергия сыйымдылығы жоғары өндіріс орны болмақ. Зауыттың ашылуында сөз алған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов өңірдің өнеркәсіп саласында және инвестиция тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, кәсіпорын ұжымына сәттілік тіледі. – Біз өз кезегінде осындай өндіріс ошақтарын ашу бойынша инвесторларды тарта отырып, тиісті жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Бұл жоба аудан және өңір экономикасының дамуына оң әсерін тигізетініне сенімдімін! Ал, жергілікті атқарушы органдар тарапынан өндірістің үздіксіз жұмыс істеуіне жан-жақты қолдаулар көрсетілетін болады, – деді өңір басшысы. Бұдан соң облыс әкімі Нұржан Нұржігітов пен «KazStoneBox» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Берік Үмітқалиевтің қатысуымен тетік басылып, зауыт іске қосылды. Жалпы құны 1,7 миллиард теңгені құрайтын жобаның жылдық қуаты 12 мың тонна. Онда 50 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Серіктестік басшысы Берік Үмітқалиевтің айтуынша, минералды шикізаттан жасалған қаптама шығаратын бұл кәсіпорын посткеңестік елдерде баламасы жоқ шикізат ретінде минералды кальций карбонатын пайдаланатын бірегей өндіріс орны болып есептеледі. – Кәсіпорынның өзге өндірістерден айырмашылығы – шикізатқа тәуелді болмайды. Сондай-ақ, жыл сайын шамамен 500 мың тал-дарақты кесуден құтқарып, қайталама шикізат пен макулатура жинауды қажет етпейді. Кальций карбонатын шикізат ретінде пайдалану экологиялық таза және тиімді бизнес-жоба, – деді аталған кәсіпорын басшысы. Кәсіпорын жұмысының тағы бір артықшылығы – өндірілетін өнімнің сапасын дер кезінде бақылауға мүмкіндік беретін толық технологиялық циклдың болуы.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Шу, Қордай,

Байзақ аудандары

Суретті түсірген

Ақәділ РЫСМАХАН.