Салық - мемлекет тірегі
Салық - мемлекет тірегі
– Қайрат Сүлейменұлы, Президент былтырғы Жолдауында салық саясатына баса мән беріп, аса ауқымды міндеттер жүктегені белгілі. Сіз басқарып отырған департамент қызметкерлері осы тапсырманы қалай жүзеге асыруда, биылғы бірінші тоқсанды қалай аяқтадыңыздар? – Мемлекет басшысы әрбір Жолдауларында, республикалық деңгейдегі алқалы жиындарда еліміздегі салық саясатына баса назар аударып, Үкіметке нақты міндеттер жүктеп келеді. Қарап отырсаңыз, Президент өткен жылғы қыркүйектегі Жолдауында біздің алдағы уақытта атқаратын қызметіміздің бағыт-бағдарын айқындап, көрсетіп берді. Жергілікті жерде оны жүзеге асыру біздің тікелей міндетіміз. Ал енді, биылғы бірінші тоқсанды қалай қорытындылағанымызға келер болсақ, республикалық және жергілікті бюджет кірістері жоспардан асыра орындалды. Мәселен, республикалық бюджет кірісі бойынша жоспар 106,1 пайызға орындалып, нақты 16 001,7 миллион теңге түсті. Сонымен қатар, жергілікті бюджет кірістерінің жоспар бойынша орындалуы 157,2 пайызды құрады. Биылғы бірінші тоқсан бойынша мемлекеттік бюджетке 4 878,6 миллион теңге қосымша түсім қамтамасыз етілді немесе жылдық жоспардың 25,1 пайызын құрады. Түсімдердің ең көп сомасы төмендегі салықтар мен төлемдер түрлері бойынша өндірілді. Жеке табыс салығы, әлеуметтік салық 680,3, корпоративті табыс салығы 445,0 және заңды тұлғалардың мүлік салығы 449,9 миллион теңгеге жетті. – Президент Жолдауда жаңа Салық кодексінің ең түйткілді тұсы салықтық әкімшілендіру мәселесінің қайта жазылатынын айтты. Осы мәселеге де тоқталып өтсеңіз?.. – Шағын және орта бизнесті әкімшілендіру туралы айтар болсам, департаментте тіркеу есебінде барлығы 103 689 шағын орта бизнес субъектілері тіркелсе, оның 91 887-сі жеке кәсіпкер. Биылғы жылдың басынан 9 670,6 миллион теңгеге 3 482 хабарлама құрастырылса, 2 442,0 миллион теңгеге 1789 хабарлама орындалған. Хабарламалардың орындалуы нәтижесінде 1 289,2 миллион теңге, оның ішінде «нақты ақшамен» 996,1 миллион теңге өндірілді. Шағын және орта бизнес субъектілерінде кәсіпкерлік қызметпен айналысатын «Каспий ПЭЙ» банктің мәліметтеріне қарасақ, камералдық бақылау жұмыстарын жүргізу барысында 585,7 миллион теңгеге қосымша табысынан 5,1 миллион теңгеге салық сомасына қосымша салық есептілігін табыстады. Сонымен қатар, тек қана қоғамдық тамақтандыру, сауда және қызмет көрсету салаларында 72 бизнес субъектілері бойынша қосымша 31 жалдамалы жұмысшыларға өсті. Есепті мерзімде кәсіпкерлік субъектілерінің салық міндеттемелерін орындауға ыңғайлы болу үшін, салық органдарына келмей, «Е-Salyq Business» мобильді қосымшасын пайдалануға болады. – Департаментте мемлекеттік қызметтер қалай көрсетіледі? Осы жайлы не айтасыз? – Бізде биылғы жылдың бірінші тоқсанында барлығы 368 693 қызмет көрсетілді. Оның ішінде электронды түрде 367 552, қағаз түрінде 1055, «Азаматтарға арналған үкімет» халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы 86 қызмет бар. Облыс бойынша жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалардан 115 569 салық төлеуші тіркелді. Оның ішінде объективті себептер бойынша ауыстыруға жатпайтын, қызметін уақытша тоқтата тұру, телекоммуникация желісінің болмауы, салық төлеушілер қолма-қолсыз есеп айырысу, ақшалай есеп айырысуды жүзеге асырмайтын 50 461 салық төлеушіні құрайды. Барлығы 65 108 салық төлеуші бақылау-кассалық машиналарды қолдануға міндетті. Тараз қаласы мен аудандардағы сауда үйлері мен бөлшек сауда орындарындағы мемлекеттік кірістер органдары сауда-саттық операцияларында немесе көрсетілетін қызметтерде онлайн-кассалық машиналарды қолдану мәселесі бойынша саудагерлер арасында ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, облыс әкімдігінің бағаны тұрақтандыруға байланысты тапсырмасы бойынша 35 базарда әлеуметтік маңызы бар тауарларды сатумен айналысатын субъектілерге талдау жүргізіліп, нәтижесінде 5 149 қосалқы жалға алушы анықталды. Оның ішінде бүгінгі күні жеке кәсіпкер және онлайн-бақылау кассалық машина ретінде 5078 салық төлеуші тіркелді. Шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге енгізілген мораторийді ескере отырып, «Азаматтық бақылау – түбіртекті талап ет» акциясы бойынша жұмыс жалғасады. Мына мәселеге назар аударайын, биыл 31 наурызда «Wiponcashback» мессенджерлік қосымшасына 18 шағым мен хабарламалар түсті. Оларды қарау нәтижесінде 3 әкімшілік іс қозғалып, 4 іс қаралуда және фото-бейне жазбаларының болмауына байланысты 11 шағым расталмаған. – Берешек сома және экспорттық бақылау жайына да тоқталып өтсеңіз? – Биылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша берешек сома 2 735,8 миллион теңгені құрайды. Биылғы жылғы 1 қаңтармен салыстырғанда 369,1 миллион теңгеге қысқартылды. Оның ішінде кәсіпкерлік субъектілер бойынша 336,0 миллион теңгеге және жеке тұлғалар бойынша 43,1 миллион теңгеге азайтылды. Жеке тұлғалардан жергілікті салық қарызын (мүлік, көлік) өндіріп алу бойынша, жыл басынан жеке сот орындаушыларына мәжбүрлеп өндіріп алу үшін 75,8 миллион теңгеге 570 салықтық бұйрық жіберілді. Жеке сот орындаушылармен жұмыс нәтижесінде бюджетке 1946 жеке тұлғадан 61,9 миллион теңге өндірілді. Жыл басынан полиция қызметкерлерінің және жеке сот орындаушыларының қатысуымен өткен бірлескен рейдтер нәтижесінде 499 жеке тұлғадан 11,5 миллион теңге өндірілді. Ал, енді экпорттық бақылауға келер болсақ, Еуразиялық экономикалық одағына мүше мемлекеттерден импортты бақылау бойынша өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда, биылғы жылдың бірінші тоқсанында 478,11 миллион теңге артығымен түсті немесе өсу қарқыны 128,1 пайызды құрады. – Тыйым салынған тауарларды заңсыз тасымалдауды және акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымын анықтауға тосқауыл қалай қойылуда? – Биылғы жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын күзету бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметімен өзара іс-қимыл жоспарын іске асыру барысында басқарма қызметкерлері шекара қызметі қызметкерлерімен бірлесіп мұнай өнімдерін, сондай-ақ, тауарлардың басқа да атауларын заңсыз әкетудің 127 фактісінің жолын кесті. Акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымына тоқталсам, бірінші тоқсанда акцизделетін өнімнің қылмыстық, қылмыс белгілері бар құқық қорғау органдарына берілгендерді қоспағанда заңсыз айналымы келесі түрлері бойынша анықталғанын атап өтуге болады. Алкоголь өнімі 1 413, оның ішінде шекара маңындағы өткізу пункттерінде 122, облыс ішінде тексеру кезінде 1291 литр анықталған. Сот шешімдерімен Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 283, 463-баптарына сәйкес 414,0 мың теңге сомасына айыппұл салынды. Барлық мұнай өнімі өткізу пункттерінде 15,8 тонна мұнай өнімдері анықталды. Сот шешімдерімен Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 283-1-бабына сәйкес мұнай өнімдері тәркіленіп, 5 623,5 мың теңге сомасында айыппұл салынды, барлық сомасы өндірілді. Қорыта айтқанда, Жолдау жүктеген міндеттерді орындау жолында республикалық және жергілікті бюджетке түсетін салық мөлшерін одан көбейту үшін еңбек ете береміз. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Амангелді ӘБІЛ.