Әлеумет

Көлікті онлайн тіркеу көрсеткіші бойынша жамбылдықтар көш басында

Көлікті онлайн тіркеу көрсеткіші бойынша жамбылдықтар көш басында

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бірқатар жамбылдықтармен және облыста өтіп жатқан «ZHEIF-2023» форумының қатысушыларымен кездесті.

Министр алдымен жиналғандарды киелі Әулиеата жерінде өтіп жатқан халықаралық форумның ашылуымен құттықтап, ауқымды шараның маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықпен кездесіп отырғанын айтқан министр елімізде цифрландыру саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Министрдің айтуынша, бүгінде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру ісі тиісті деңгейде дамып келе жатыр. Жетістіктер де аз емес. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы автоматтандырылған және электронды форматқа ауысқан. Біріккен Ұлттар Ұйымының рейтингісіне сәйкес, Қазақстан онлайн қызмет көрсету бойынша әлемде 8-ші орында болса, телекоммуникация саласында 28-орынды иеленген. Жыл сайын халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің түрі де артып келеді. Бүгінде тұрғындарға осындай қызметтің 1315 түрі көрсетілуде. Өткен жылы Жамбыл облысында 1 миллион 800 мың қызмет көрсетілген болса, оның 60 пайызы онлайн түрде жүзеге асырылған. Айталық, көлікті онлайн тіркеу бойынша жамбылдықтар республика бойынша бірінші орында тұр. Бүгінде елімізде денсаулық сақтау саласындағы мәліметтерді толықтай цифрландыру жүзеге асырылуда. Басқа салалар да бұл жаңашылдықтан тыс қалмайтын болады. Сондай-ақ, Тараз қаласы өткен жылдың қорытындысы бойынша Smart City рейтингіндегі позициясы өткен жылдармен салыстырғанда жақсара түскен. Қаланың сәтті жобасының бірі ретінде жолақыны электронды төлеу жүйесін атауға болады. 2022 жылы қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 98 пайызды құрап, ол көлеңкелі айналымнан қаражат шығаруға және салық түсімдерін 3,5 есеге арттыруға мүмкіндік берген. Осы және басқа да цифрландыру саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарға, ондағы кездесіп отырған кемшіліктерді жою мәселелеріне жан-жақты тоқталған Бағдат Мусин тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға да жауап берді.

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі