Экономика

ZHEIF-2023: Байзақта картон және қаптама шығаратын бірегей зауыт іске қосылды

ZHEIF-2023: Байзақта картон және қаптама шығаратын бірегей зауыт іске қосылды

Жамбыл облысы Байзақ ауданында гофрленген картон және тастан жасалатын дайын қағаз қаптама өндірісі іске қосылды.

«KazStoneBox» ЖШС-нің гофрленген картон өндіру зауыты «Zhambyl Economic and Investment Forum – 2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумы аясында ашылып отыр. Соңғы нұсқадағы автоматтандырылған қондырғылармен жабдықталған кәсіпорын жаңа үлгідегі озық технологияларды пайдаланатын инновациялық, энергия сыйымдылығы жоғары өндіріс орны болмақ. Зауыттың ашылуында сөз алған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов өңірдің өнеркәсіп саласында және инвестиция тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, кәсіпорын ұжымына сәттілік тіледі.

Бұдан соң аймақ басшысы мен «KazStoneBox» ЖШС басшысы Берік Үмітқалиевтің қатысуымен тетік басылып, зауыт іске қосылды. Айта кетейік, құны 1,7 млрд. теңгені құрайтын жоба жылына 12 мың тоннаға жуық өнім өндіруге қауқарлы. 50-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Берік Үмітқалиевтің айтуынша, минералды шикізаттан жасалған қаптама шығаратын бұл кәсіпорын посткеңестік елдерде баламасы жоқ,  шикізат ретінде минералды  кальций карбонатын пайдаланатын бірегей өндіріс орны болып табылады.

Кәсіпорын жұмысының тағы бір артықшылығы – өндірілетін өнімнің сапасын дер кезінде бақылауға мүмкіндік беретін толық технологиялық циклдың болуы.

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі