Экономика

Қордайда жылына 1,2 млн тонна цемент өндіретін зауыттың құрылысы басталды

Қордайда жылына 1,2 млн тонна цемент өндіретін зауыттың құрылысы басталды

Жамбыл облысында өтіп жатқан «Zhambyl Economic and Investment Forum – 2023» Халықаралық инвестициялық форумы аясында Қордай ауданында «KORCEM» ЖШС-нің цемент өндіру зауытының құрылысы басталды.

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Сингапурлық ICG компаниясының өкілі Вей Пинг, «KORCEM» ЖШС-нің атқарушы директоры Станислав Щербаковтің  қатысуымен аталған зауыт құрылысының іргетасына капсула салу рәсімі өтті.

«KORCEM» ЖШС-нің атқарушы директоры Станислав Щербаков зауыт жаңа технологиялармен жабдықтыла отырып, осы бағыттағы Орта Азиядағы ең заманауи әрі қалдықсыз кәсіпорындардың бірі болатынын атап өтті. Құны 50 млрд. теңгені құрайтын жобаның жылдық қуаттылығы 1,2 млн. тоннаны құрайды. Құрылыс жұмыстарына 900 адам тартылады деп көзделсе, жоба іске қосылған соң 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Негізінен жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Зауыттың цехтары 2024 жылдың аяғына қарай кезең-кезеңімен іске қосыла бастайды және 2025 жылы толық қуаттылығымен іске қосылады деп жоспарлануда. Ол үшін жақын маңдағы шикізат қоры жеткілікті десек, өніммен Жамбыл облысының ішкі нарығын және Қырғызстан мен еліміздің басқа да өңірлерін қамту көзделуде.

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі