Бағыт берер бағдарламалар көп
Бағыт берер бағдарламалар көп
Оның бір дәлелі – мемлекеттік басқарудың жаңа моделін құру туралы 2021 жылғы Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың Тұжырымдамасы. Бұл құжат жас көшбасшылардың алға шығуына, тың идеялар мен жаңа бастамалардың жүзеге асуына жол ашты. Еліміз жастарды үнемі шабыттандырып, жеңістерге жетуге жігерлендіру үшін, табысты азаматтардың санын арттырып, қазақ еліне өз үлесін қосқан заманауи жастарды дәріптеу мақсатында, «Жүз жаңа есім» жобасын қолға алып, жалғастырып келеді. Бұл жобаның нәтижесінде қаншама талапты жастың аты танылды, еңбегі елге жайылды. Осы ретте талай жасқа сапалы білім алуы үшін шекараларды жойып, мол мүмкіндіктің қақпасын ашып берген «Болашақ» бағдарламасын атап өту орынды болмақ. 1993 жылдың 5 қарашасында қолға алынған бағдарламаға бүгінде 29 жыл болыпты. Осы жылдар ішінде 11 мың 800-ден астам жоғары білікті маман даярлаған бағдарлама түлектері еліміздің түкпір-түкпірінде әртүрлі сала бойынша қызмет етуде. Мемлекет басшысы 2022 жылғы 16 наурызда «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, алдымызға міндеттер қойды. Әрине, Жаңа Қазақстанды құруда жастардың алатын орны ерекше. Ескі жүйені өзгертіп, жаңа жүйеге көшу үшін де білімді, жан-жақты, жалынды жастар белсенді болуы шарт. Бұл орайда 2015 жылы қабылданған «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңның ықпалы мол. Қазірде ел халқының 20 пайызынан астамын жастар құрайды. Жаңа Қазақстанда жастардың жұмыспен қамтылуы мен еңбек нарығына еркін кіруі үшін «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыстар» секілді көптеген бағдарламалар қарастырылған. Бұл шаралардың аясы жылдан жылға кеңейтілуде. Жаңа Қазақстандағы жастар саясатында алға қойылған мақсаттың бірі – NEET санатындағы жастардың үлесін төмендету. NEET санатына кімдер жатады? Бұған жұмыс істемейтін, жұмыс істегісі келмейтін, жоғары білімі жоқ азаматтарды жатқызамыз. Бұл үшін қарастырылған жобалардың маңыздыларын «Дипломмен ауылға», «Серпін» жобасы, «Баршаға арналған тегін техникалық және кәсіптік білім беру» бағдарламасы, «Өрлеу» бағдарламаларын атап өтсек болады. Әрине, құлықсыз жастарды еңбекке араластыру үшін бұл шаралар аздық етеді десек, қате айтпағанымыз. Қоғамда күннен күнге өз мамандығы бойынша жұмыс іздеп, «екі қолға бір күрек таппай» сандалып жүрген жастарды да кездестіруге болады. Бұл да реттелер. Болашақ – жастардікі. Осы сөзді қаншама рет естісек те, салмағын жете түсінбейміз. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, жоғарыда айтып кеткеніміздей, елдің болашағы мектепте оқитын әрбір баланың қолында. Мектеп жасынан бастап баланы бәсекеге қабілетті, қоғам өміріне белсене араласатын, өзін үнемі дамытып отыратын жан-жақты етіп тәрбиелеу керек. Бұл ұстаздардың алдындағы басты міндет. Қазіргі таңда елімізді әлемге танытып, мерейін асырып жүрген жастарымыз да аз емес. Спорт, өнер, ғылым мен білім саласы бойынша жетістіктерге жетіп, еліміздің дамуына өз үлестерін қосып келеді. Олардың қатарында Рахат-Би Әбдісағын, Дінмұхамед Майлыбай, Жансая Әбдімәлік, Әділхан Макин, Қуаныш Ерзатұлы, Мереке Кенжеғұл және тағы басқалары бар. Біздің университетте де мақтанышымызға айналған студенттер аз емес. Олардың қатарына қазақ күресінен «Қазақстан барысы» турнирінің күміс және қола жүлдегері Ғалымжан Қырықбаевты, жас айтыскер Аят Бәтейұлын жатқызуға болады.
Ариана АЙНАБЕКОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті.