Жаңалықтар

Шикізатқа деген тәуелділіктен арылды

Шикізатқа деген тәуелділіктен арылды

Өткен жылы Жамбыл ауданында ашылған «Ерсад – 2021» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Super Pharm» фармацевтикалық зауыттың шикізат орталығына айналып отыр.

Өңірімізде бір реттік медициналық бұйымдар шығарумен айналысатын «Super Pharm» фармацевтикалық зауытының республикада өзіндік орны бар. Өйткені, мұндай зауыт елімізде бірнеше ғана. Соның бірі облысымызда он бір жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда аталған зауыттың өндіріс көлемі де еселеп артуда. Бастапқыда 15 түрлі медициналық бұйым жасаған зауыт бүгінде 400-ге жуық фармацевтикалық заттарды шығарады. Бұрын шикізатты Ресей, Белоруссия мен Қытай мемлекеттерінен тасымалдаған өндіріс ошағы ендігі жерде бұл мәселені біржақты шешу жолдарын қарастырып, өткен жылы зауыт аумағынан шикізат дайындайтын «Ерсад – 2021» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Спанбонд» типті тоқыма емес бұйымдар өндіретін жаңа зауытты іске қосқан болатын. Бүгінгі таңда «Super Pharm» фармацевтикалық зауытына қажетті шикізат жаңа өндіріс ошағында дайындалуда. Мұнда «Спанбонд» типті тоқыма емес бұйымдар өндірілуде. Спанбонд – бұл өте жеңіл, экологиялық таза, ұзаққа созылатын, ең жұқа полипропилен жіптерінен дайындалатын, жылу өткізбейтін мата. Өндірісте ол қымбат материалдарды ауыстыру үшін қолданылады. Материалдың негізгі қасиеттері – арзан, бойлық және көлденең бағытта жоғары беріктік, кесудің қарапайымдылығы, беріктігі, тұрақтылығы, ыстыққа төзімділігі, изотроптылығы (біртектілігі) және тыныс алуға жеңілдігімен ерекшеленеді. Серіктестік құрылтайшысы Қайрат Қаймолдаевтың айтуынша, «Super Pharm» фармацевтикалық зауыты пандемия кезінде шикізаттан қатты тапшылық көрген. Шекаралар жабылып, мемлекеттер арасындағы байланыс аз уақытқа тоқтаған тұста, зауыт жабылып қалудың аз-ақ алдында қалыпты. Дегенмен, ол қиындықты өз күштерімен еңсере білген басшылық бірінші кезекте шикізат қорын жасақтау керектігін түсініп, зауыт салуды жоспарлаған. Бұл жобаның жүзеге асуына «Даму» қоры үлкен қолдау көрсеткен. Зауыттың айлық қуаты 920 тоннаны құрайды. Онда 40 адам төрт ауысыммен жұмыс істеуде. Зауытта әзірге шикізат қорының, яғни іргесіндегі фармацевтикалық зауытқа қажетті тоқыма емес матаның төрт түрі шығарылуда. Ені екі метрді құрайтын бұл мата мұнай өнімдерінің қалдығынан жасалады. Оны жылыжай, ауыл шаруашылығы мақсатында және жол құрылысына пайдалануға болады. Ол су өткізбейтіндігімен де ерекшеленеді. Оған қажетті шикізат көзі, яғни мұнай қалдығынан дайындалатын парафин, оның күріш кейіпке келтірілген ұнтағын Қытай мемлекетінен алдыруда. Алдағы уақытта оны Атырау мен Ақтаудағы мұнай өндірушілермен келіссөздер жүргізу арқылы сол өңірден жеткізуді жоспарлауда. Зауыт тек медициналық бұйымдарға қажетті шикізат қорын ғана емес, ауыл шаруашылығы, жол салу және құрылыс жұмыстарына қажетті шикізат өндіруді, сонымен қатар шетелдерге экспорттауды да жоспарлап отыр.  

Жамбыл ауданы