Анамның бауыры
Анамның бауыры
Аңқылдап, еркелетіп сөйлегені – анамның шуағындай. Келбеті де анама ұқсайды. Жүрісі, қозғалысы, жылы сөйлегені анашымның дәл көшірмесі. Бір таңданғаным – анам қайтқалы ол кісіні сағынып әр кезде жазған мақалаларым, кітапшалар, газет-журналдар Ұрбағила әпкемнің сандығында сақтаулы екен. Бір жолы бәрін алып көрсеткені бар. Кейіннен жазылған «Көркем мінезді Күлбала ана» кітабының бір данасын да нағашы әпкеме тарту еттім. Сандығына сақтай алатын кісіге бермегенде, кімге берем? Қазіргі әсер бір бөлек. Жылдар өткенде нағашы әпкемнің немере-шөберелері әлгі кітапты оқып жатса, ол да бір ғажап дүние. Анамның сіңлісі солай ойлады ма екен? Әлде ұқыптылығы болар. Сол үйге барғым келіп тұрады. Себебі, ол үйде асыл анамның бауыры, мінезі мен шуағы бар. Барған сайын осы шұғылалы күндер ұзағынан болса деп тілеп жүремін!