Жаңалықтар

Айт мерекесі - жамағаттың берекесі

Айт мерекесі - жамағаттың берекесі

Кеше барша мұсылман қауымы ораза айт күнін қарсы алды. Отыз күн ауыз бекіткеннен кейін келетін ораза айты – ерекше мейрам. Бұл күні облыстық «Һибатулла Тарази» мешітіндегі жұмыс қарбаласқа толы болды. Осы күні таңертеңмен мыңдаған жамағат облыстың бас мешітіне жиналды. Біріне-бірі ақ тілек айтып, айт мерекесімен құттықтап, мәре-сәре. Бас мешітке жиналған көпшіліктің алдында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облысымыздағы өкілі, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев сөз алып, жұртшылықты айт мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ, ол айт мерекесінің құндылығы, оразаны толық өтеудің нығметі, имандылықтың ізгі жолдары жөнінде уағыз-насихат айтты. «Асыл дініміз тек ізгіліктен құралған. Жаратушы пендесіне ауырлықты қаламайды. Оразаның нығметі мен сауабы мол. Айт күні мешітте құлшылық жасап, ағайын-туыс, танысқа айттағанның жақсылығы өте көп. Ол сауапты іс. Сол сауапты амалға ұмтылып, ізгі қадам жасауларыңызға тілектеспін», деді. Мұнан соң мешіттегі жамағат бас имамға ұйып, айт намазы оқылды.  

Есет ДОСАЛЫ