Әлеумет

Жуалыдағы жаңа балабақша

Жуалыдағы жаңа балабақша

Тұңғыш президент күні ашылды

Жуалылықтар тұңғыш президент күнің ерекше көңіл- күймен қарсы алды. Әсіресе, аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылының бір топ бүлдіршіндері үшін бұл мерекенің тартуы бәрінен қымбат болды. Олай дейтініміз, ауданның орталық аурухана маңынан құрылысы жүргізілген «Аягүл» балабақшасы дәл осы күні есігін айқара ашты. 

280 орындық типтік балабақшаның ашылу салтанатына аудан тұрғындары, ата-аналар және бүлдіршіндер қатысты. Шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов: - Бүгін міне, айтулы мереке қарсаңында сіздердің, кішкентай бүлдіршіндердің игілігі үшін үлкен қуаныш. Қаншама жас сәбилер жаңа балабақшада тәрбиеленетін болады. Бұл ата-аналардың да көптен күткен сәті. Бүгінгі бала – ертеңгі болашақ. Болашағын ойлаған ел қашан да ұрпағына қамқорлық жасаудан аянбайды. Елбасының тапсырмасы аясында өңір-өңірлерде соңғы үлгідегі көптеген мектеп пен балабақша ғимараттары бой көтеруде. Біздің облыста бұл орайдағы жұмыстар нәтижесіз емес. Соңғы үш жылдың өзінде өңірімізде 9500-ге жуық орынға негізделген 51 балабақша пайдалануға берілді. Бұл да болса Елбасы тапсырмасының жемістілігін көрсетеді. Жаңа балабақшаларда балалардың игілігіне барлық жағдайлар жасалынған. Мен бұл мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленген сәбилердің еліміздің ертеңгі елеулі азаматтары боларына сенемін, – дей келе, қонақтарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтады.

Сондай-ақ, Ерқанат Нұрбапаұлы «Аягүл» балабақшасы ағымдағы жылы өңірімізде пайдалануға беріліп отырған он алтыншы нысан екенін де еске салды. Жыл соңына дейін облысымызда осындай 280 орындық тағы бір балабақша өз жұмысын бастайтынын тілге тиек етті. Зейнеткер, аудан тұрғыны Күлпан Бекайдарова мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылып отырған жұмыстар үшін облыс пен аудан басшылығына ата-аналар мен бүлдіршіндер тарапынан өз алғысын жеткізді. Бұдан кейін нысанның символикалық кілті табысталды. Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов пен облысымыздың Құрметті азаматы, Жуалы ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарас Мұратайдың қатысуымен балабақша лентасының қию рәсімі жасалып, қонақтар жаңа ғимаратпен танысты. Салтанат соңы мерекелік бағдарламаға ұласты.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».