Мәдениет

Нашақорлық – нағыз қасірет

Нашақорлық – нағыз қасірет

Ешкім анасынан нашақор болып тумайды. Бірақ, есірткісіз қоғам құруға атсалысу әр адамның алдындағы міндет.

«Есірткіге қарсы күрес» жобасы аясында жастардың арасына есірткінің зияндылығын түсіндіру, қасіретті жол екенін ұқтыру мақсатында А.Тоқпанов атындағы облыстық драма театры қойылымдарды көрермен назарына ұсынды. Облыстық орыс драма театры Владимир Коняевтың «Клетка» қойылымын сахналады. Қойылым басталмас бұрын аталған театр директоры Ақылдос Тәжиев пен облыстық прокуратурасы 3-басқармасының прокуроры Данияр Кемелхан сөз алып, нашақорлықтың зор қасірет екеніне тоқталды. Өз сөзінде Данияр Уәлиханұлы «Нашақорлық – ғасыр дерті. Қадірлі жастар, сіздердің ата-ана, туыстарыңыз сіздерден жарқын болашақ күтеді. Ал, есірткіге үйір болған жерде ешқашан жарқын болашақ болмайды», деді. Қойылым аталған театрдың репертуарында бұрыннан бар. Қоюшы режиссері – Ольга Ізбасарова, қоюшы суретшісі – Рахат Сапаралиева. Оқиғаның басты кейіпкері есірткіге салынған жас жігіт. Бұл рөлді актер Сәбит Төлеханұлы әсерлі ойнады. Ал, оның анасы Нина Андреевнаның рөлін актриса Галина Соколова сәтті орындады. Нина Андреевнаның баласын іздеуі, аналық тілегі нанымды шыққан. Ал бас кейіпкердің «Мен есірткіге тәуелдімін. Сәт сайын осыдан ләззат аламын» деуі ана жүрегіне қанжар сұққандай болғаны анық. Басқа актерлар өз рөлдерін жоғары деңгейде ойнап шықты. Ең бастысы, зал толы жастар мен студенттер есірткінің естен тандыратын, тағдырыңды талқандап жіберетін қасірет екенін түсініп, тарқады. Ал Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры Болат Ұзақовтың «Жандауа» қойылымын сахналады. Бұл қойылым да жастарды ғасыр дертінен сақтандыруға бағытталған. «Есірткі қылмысына қарсы күрес» жобасы аясында есірткінің зияны туралы ақпараттандыру мақсатында драма театрда сахналық қойылымдар бір апта бойы қойылады.  

Есет ДОСАЛЫ