Әлеумет

Тәуелсіздік туы мен дастарханы

Тәуелсіздік туы мен дастарханы

Тәуелсіздік күні мерекесінің алдында маған мынадай ой келді. Тәуелсіздік мерекесін мағыналы өткізу үшін көпшілікке қандай ұсыныс айта аламыз? Біз айналамыздағы адамдарға, көршілерге, балаларымызға, ағайын-туыс, дос-жаранға осы ұлы мерекенің ұлағатын түсіндіруде, санасына жеткізуде не атқардық? Әлде, тек теледидарда көрсетілетін бағдарламаларды тамашалап, «Тәуелсіздік күні Жаңа жылдың көлеңкесінде қалып қойды» деп күңкілдеумен шектелеміз бе? Менің ойымша, Тәуелсіздік күні мен Желтоқсан оқиғасын ұмытпай, мемлекеттік сананы нығайту үшін бәрін қарапайым нәрселерден бастау керек. Мысалы, Түркиядағы бауырлар Тәуелсіздік күні өздерінің байрақтарын пәтерлерінің балкондарына іліп қояды. Көшелеріндегі желбіреп тұрған Түркия жалауынан да көз тұнады. Америкалықтар да өз туларын жоғары ұстайды. Сондықтан, Біз - Қазақстандықтар да осы мерекеде мемлекеттік байрағымызды бір-бірімізге сыйға тартып, үйімізге, жұмыс орнымызға жарқыратып іліп қойсақ. Сондай-ақ, ел санасына «Тәуелсіздік дастарханы» деген ұғымды енгізсек. Мысалы, халқымыздың дәстүр-салтында Айт, Наурыз сияқты мерекелерде әр үйде арнайы дастархан жайылады. Осындай мерекелік дастарханды әр отбасы Ел Тәуелсіздігі мерекесі күні неге жаймасқа? Оның өз мәзірі мен дәмін неге енгізбеске? Дастархан – қазақ үшін қасиетті ұғым. Халқымызда дастарханды баспайды, дастарханды аттамайды, небір түйінді мәселелер осы дастархан басында шешіледі. Сонымен бірге, дастархан – адамдардың басын біріктіреді, ұйытады, жағымды атмосфера қалыптастырады. Сондықтан, Ел мен Жер тағдыры сынға түскен Тәуелсіздік жолында қаза тапқан батырлар мен арулардың әруағы үшін Құран бағышталып, ғибратты әңгімелер айтылуы үшін еліміздегі әр шаңырақта дастархан жаю үрдісін қалыптастырсақ артық болмас еді. Сіздер қалай ойлайсыздар, ағайын?

Қаһарман ҚАЗАҚҰЛЫ.