Әлеумет

Жылылық

Жылылық

Бүгінгі түн ауыр болды. Ана қарыз бен мына қарызды, одан қала берді несиемнің барын ойлап, зіл басқан тұлғамды көтеріп баламның жиналысына кіріп келемін. Жуырда белімді ауыртып, сол аяғымды сылтып басып жүргенім тағы бар. Осы ыңғайсыздықтан қабағым түйіліп, мазам қашты.

Жиналыстың әзір бастала қоятын түрі жоқ, ұзақ күттік. Көз астымен бір-біріне ұрлана қарап отырғандардың бәрінің қабағы қатулы. Есіктен кірген келіншек алдыңғы қатарда отырған жас қызға «Артқы жаққа барып отыр, емізулі балам бар», – деп дүрсе қоя берді. «Орынды сатып алып па едің» деп ол да шап ете қалды. Оң жағымда отырған, жасы елуді еңсерген әйел «Ұрыспаңыздаршы, орын бәрімізге жетеді ғой, келіңіз менің орныма отырыңыз» деп орнынан тұрды. Сөйтіп, артқы орындыққа барып жайғасты. Оның бер жағында отырған секпіл бет, сары әйел ерні ерніне жұқпай, жастарды жамандай жөнелді. Орын берген келіншек күлімдеп жүріп, әлгілерге әзіл айтып, ойларын бөліп жіберді. Көздері ботадай жайнап, жан жағына күліп қарайды екен өзі. Маған: – Ауырып отырсыз ба? – деді сыбырлап. – Аздап, – дедім мен. – Сіз мені көріп, жауап беріп отырсыз. Яғни, көресіз, естисіз, сөйлейсіз. Өз аяғыңызбен осы жиналысқа келдіңіз. Бұрын менде мұның бірі жоқ, зағип едім. Көзім көрмейтін. Міне, жуырда неше жылдан кейін бірінші мәрте ұлымның түрін көріп, маңдайынан сүйдім. Жиналысқа сүйемелдеусіз жалғыз келдім. Өмір – қабақ түюге тұрмайды. Таныс- бейтаныс болсын, адамдар бір-біріне жылы шырай танытуды ұмытыпсыздар. Жылылық деген тегін емес пе, оның несін аяйды,– деді ол. Ыңғайсызданып қалғаныммен, жүрегім елжіреп кетті. Жиналыс белгілі тәртіппен өтті. Әлгі әйел орнынан тез тұрып шығып бара жатқанда, асығыс соңынан жүгіре жөнелдім. Ол да мені тосып тұр екен. Қасына жетіп барып: «Сіз сондай тамаша жансыз!» дедім. Екеуміз құшақтаса кеттік. Сөйлеспедік, таныспадық та. Тек күлімсіреп тұрдық та қойдық. Жолымыз екі бөлек болған соң, екі жаққа айырылысып жүре бердік. Басымдағы проблеманың ізі де қалмай, сап тыйылғанын байқадым. Жеп-жеңіл жүріп келемін. Бір қызығы өткен-кеткен бейтаныстарға күлімсіреп қарасам, олар да жымиып өте шығады. Қабағымды түйе қалсам, бәрі көңілсізденіп кететінін түсіндім. Осыны ұқтырып кеткен әлгі келіншек кетіп қалды. Кім екені де белгісіз, атын да сұрамадым. Бірақ, ол жүрегінің жылуын тастап кеткендей. Әп- сәтте жадырап, бейтаныс, таныс әлемнің бәрі жайнап шыға келгеніне разы болдым.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ