Жаңалықтар

Өңірдегі өрт саны арта түскен

Өңірдегі өрт саны арта түскен

Биылғы жылдың І тоқсанында өңір аумағында табиғи және техногендік сипаттағы 184 төтенше жағдай тіркелген. Салдарынан 17 азамат зардап шегіп, 10 адам қаза болған. Алдын ала мәліметтер бойынша материалдық шығын 28,31 миллион теңгені құрап отыр.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Мақсат Әкімбаев айтты. Сөзінше, өрт саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 48,5 пайызға артып, зардап шеккендер саны 2,75 есеге көбейіпті. – Жыл басынан өндірістік және тұрмыстық 156 өрт оқиғасы орын алды. Салдарынан 11 адам зардап шегіп, оның ішінде 8-і қаза болды. Материалдық шығын өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 133,6 пайызға көбейді. Өрттердің орын алатын негізгі объектілері әдеттегідей тұрғын үй секторы болып отыр. Бұл барлық өрттердің 65 пайызын құрайды. Биыл 3 айда жарылыстың 2 жағдайы тіркелді. Дәлірек айтсақ, қаңтар айында Мойынқұм ауданында жеке тұрғын үйде 5 литрлік газ баллоны жарылды. Нәтижесінде екі азамат жарақат алды, – деді Мақсат Әшірбайұлы. Сондай-ақ, жиында дәл осы басқарманың бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Жомарт Сәдірмеков сөз алып, облыс аумағында табиғи өрттерді алдын алу шаралары жөнінде ақпарат берді. Ол өз сөзінде мемлекеттік орман қорының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында биыл облыстық бюджеттен 280 миллион теңге бөлініп, оған 10 дана трактор, 12 дана өртті сөндіруге қажетті техника және 10 бірлік мотопомпа алу жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұдан бөлек, Жамбыл, Талас пен Қордай аудандарының шалғай елді мекендерінде 3 өрт сөндіру бекеттері құрылғанын атап өтті.  

Есен ӨТЕУЛІ