Өзеннен су ішіп келіп еді...
Өзеннен су ішіп келіп еді...
Мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында Тұрар Рысқұлов ауданында бұған дейін 12 ауылға ауыз су берілген болатын. Ал, Қызылшаруа елді мекенінің тұрғындары үшін бұл шынында да қуанышты жаңалық болды. Ауыл кәриесі Өксен ақсақал: – Су деген өміріміздің өзегі ғой, онда да экологиялық жағынан таза су алып отырмыз. Әйтпеген күнде ауыл іргесінде ағып жатқан Қорағаты өзенінен «аққан суда арамдық жоқ» деп талай тасып іштік қой, – дейді.
Ауылға су тарту 2013 жылдың 10 сәуірінде басталып, міне қазан айында аяқталып отыр. Мердігер мекеме – тараздық «Алуан-21» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі нысанды толығымен аяқтап, «Құлан тазалық» мекемесіне өткізді. Құрылыс мекемесінің басшысы Айтқазы Халықовтың айтуына қарағанда жалпы сметалық құны 479 миллион 583 мың теңге болатын сыйымдылығы 600 текше метрлік су сақтайтын қоймасы, екі жерасты ұңғысы мен бір қысымдап су айдайтын сорапты стансасы бар нысан алдын ала тексеруден өтіп, пайдалануға берілді. Жалпы ауылға тартылған құбырдың ұзындығы 19,5 шақырым. Осы аралыққа қоныстанған 326 түтінге 225 сервистік қызмет көрсететін құдық орнатылыпты. Енді келесі жазда барлық аулаға су кіргізіліп, есептегіш құралы орнатылмақшы. Тұңғыш Президент күні қарсаңында осы нысанды қабылдап алуға ауыл азаматтары да келді. Аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Іңкәрбеков: – Бұл нысан біздің Елбасы күніне тартуымыз болмақ. Өйткені, «Ақбұлақ» бағдарламасының өзі Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша жүзеге асуда. Енді алдағы жылы ауылдарыңызға көгілдір отын да келеді. Қорағаты бағытындағы жол да салынады, – деді жиналған жұрттың көңіліне дем беріп. Одан соң, мердігер мекеменің басшысы А.Халықов, ауыл тұрғыны О. Дәуенов және аудан әкімінің орынбасары Б.Іңкәрбеков лентаны қиып, басқару тетігін басып, ауылға су жіберді. Сонымен тағы бір ауылға ауыз су келді.
Сейсен Қожеке,
«Ақ жол».
Қызылшаруа ауылы, Т. Рысқұлов ауданы.