Саясат

Әлихан Смайылов Ұлытау облысында инвестиция көлемін және жаңа инвестициялық жобалар санын арттыруды талап етті

Әлихан Смайылов Ұлытау облысында инвестиция көлемін және жаңа инвестициялық жобалар санын арттыруды талап етті

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдар және өңір әкімдігі басшыларының қатысуымен Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Кеңесте түрлі өнеркәсіп салаларын нығайту, тұрғын үй, медициналық мекемелер, автожолдар салу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын, жылу, газ, электр  жүйелерін жаңғырту, сумен қамтамасыз ету жобаларын іске асыру және экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі шаралар қаралды. Үкімет басшысы облыс экономикасын әртараптандыруға басымдық беру керектігін атап өтті.

Ол өткен жылдың қорытындысына сәйкес Ұлытау облысы осы көрсеткіш бойынша аутсайдерлер қатарында болғанын және әкімдіктен жаңа жобаларды іске асыру есебінен олқылықтың орнын толтыруды талап етті. Сонымен қатар Премьер-Министр халықтың табысын арттыру бағаның өсуімен тікелей байланысты екеніне тоқталды. Бүгінгі таңда өңірде әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түліктің тек үшеуі ғана өндіріледі.

Үкімет басшысының айтуынша, жеріміздің тарихи кіндігінде орналасқан өңірді дамытудың перспективалы бағыттарының бірі – логистика.  Осы орайда ол өңірдегі көліктік шектеулерді алып тастауға мүмкіндік беретін Жезқазған – Қызылорда және Жезқазған – Қарағанды ​​автожолдарын қайта жаңғыртуды жеделдету қажеттігін айтты. Әлихан Смайылов атап өткендей, жергілікті халықты толғандыратын өзекті мәселелердің бірі, әсіресе, Жезқазған мен Сәтбаев қалаларын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Осы мәселені шешу үшін былтыр Үйтас-Айдос жер асты сулары кен орнының сорғы стансасын реконструкциялау басталды. Жоба 2024 жылы аяқталады деп жоспарланған. Сонымен қатар биыл көптен бері бітпей келе жатқан – Есқұла су құбырының құрылысы аяқталады. Сондай-ақ ол өңірде 72 ауылдың тек 38-і ғана ауыз сумен қамтамасыз етілгенін айтты.

Әлихан Смайылов өткен жылыту кезеңінің күрделі болғанын, сондай-ақ Жезқазғанның даму перспективаларын ескере отырып,  жылумен қамту нысандары мен желілерін кезең-кезеңімен жаңғырту қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты әкімдік бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелендіруі тиіс.

Өңірдегі әлеуметтік мәселелерге тоқталған Үкімет басшысы жаңа ұлттық жобалар аясында өңірде 7 жайлы мектеп салынып, 17 ауылдық медициналық мекеме стандарттарға сәйкестендірілетінін айтты. Сонымен қатар облыста заманауи перинаталды орталық, онкологиялық диспансер және психикалық денсаулық орталығын салу мәселелері пысықталады. Кеңес қорытындысы бойынша Әлихан Смайылов инвестициялық тартымдылықты және өңірдің экономикалық белсенділігін арттыру бойынша жұмыстарды күшейтіп, облысты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында – мұнай өңдеу зауытын салу жөніндегі жобаны іске асыруды жеделдетуді, сондай-ақ 2020-2021 жылдары басталған Жезқазғандағы және Жаңаарқа ауданындағы білім беру нысандарының құрылысын аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар Премьер-Министр өңірде халықаралық мемлекеттік техникалық университет ашу, мемлекеттік сатып алулардың тиімділігін арттыру және Жезқазған мен Шымкент арасында әуе қатынасын ұйымдастыру мәселелерін пысықтау қажеттігін атап өтті.

Primeminister.kz.