Қазақстан Әзербайжанмен арадағы байланыстарды дамытуға ниетті
Қазақстан Әзербайжанмен арадағы байланыстарды дамытуға ниетті
Шағын құрамдағы жылы жүздесу
Қазақстанға ресми сапармен келген Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шағын құрамда келіссөз жүргізді. «Былтыр тамыз айында мен Бакуге сапармен бардым. Бұл сапарым аса нәтижелі болды және екіжақты қатынастарға тың серпін берді. Қазір президенттердің екі ел үкіметіне берген тапсырмаларының орындалу барысын пысықтау қажеттілігі туды. Әзербайжан мен Қазақстан – бауырлас әрі достас мемлекеттер. Біздің тарапымыздан сауда- экономика және инвестиция салаларындағы жан-жақты ынтымақтастықты, сондай-ақ, екіжақты форматтағы және халықаралық ұйымдар аясындағы саяси қарым- қатынасты дамыту үшін барлық мүмкіндік жасалып жатыр. Біз Кавказ аймағында жетекші рөл атқаратын Әзербайжан мемлекетімен экономикалық қатынастар мен ынтымақтастықты дамыту үшін ауқымды жұмыс жүргізуді көздеп отырмыз. Біздің арамызда ешқандай мәселе жоқ. Тек осы бағытта алға ілгерілеуге деген ниет қана бар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөзде қандай мәселелер көтерілді?
Бүгінде Қазақстан мен Әзербайжан арасында сенімді саяси диалог жолға қойылған. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президентімен кеңейтілген құрамда кездесу өткізу кезінде айтты. «Екі мемлекет арасында белсенді, сенімді саяси диалог жолға қойылған. Үкіметтік деңгейде үйлесімді жұмыс жүргізіліп жатыр. Бізде берік шарттық-құқықтық база қалыптасты. 90-нан астам құжатқа қол қойылды. Өткен жылы стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы декларацияға, сондай-ақ ынтымақтастықты дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді бағдарламасына қол қойдық. Бірқатар маңызды құжаттар қабылданды. Сонымен қатар, жоғары мемлекетаралық кеңестің құрылуын бекітеміз, бұл екіжақты қатынастарға тың серпін берері сөзсіз», – деді Президент кездесу барысында. Мемлекет басшысы былтыр екі елдің арасындағы тауар айналымы 40 пайызға өскенін атап өтіп, екі ел экономикалық әлеуетін толық ашу арқылы бұл көрсеткішті 1 миллиард долларға дейін жеткізе аламыз, – деді. Бұдан бөлек, Президент Қазақстан мен Әзербайжан елдерінің мәдениет онкүндігін өткізу туралы уағдаластықтарға да тоқталды. «Биыл Қазақстанның мәдениет күндері өтеді. Бүгін көрнекті мемлекет қайраткері Гейдар Әлиевтің 100 жылдығына орай көше ашылады», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев Физули қаласында (Әзербайжан) «Құрманғазы атындағы балалар шығармашылығы орталығының» құрылысы қарқынды жүріп жатқанын атап өтті.
Алты құжатқа қол қойылды
Әзербайжан Президентінің Астанаға ресми сапары аясында 6 құжатқа қол қойылды. Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Жастар және спорт министрлігі арасындағы Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы, Қазақстанның «Отандастар қоры» акционерлік қоғамы мен Әзербайжанның Диаспорамен жұмыс жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы Өзара түсіністік, екі елдің Ұлттық ғылым академиялары арасындағы Ғылыми ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік, «Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені» акционерлік қоғамы мен Әзербайжан мемлекеттік ақпарат агенттігі арасындағы Ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы, «Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Әзербайжан Республикасының Шағын және орта бизнесті дамыту агенттігі арасындағы Өзара түсіністік, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты мен Баку халықаралық мультимәдениеттілік орталығы арасындағы Ғылыми және мәдени ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Сондай-ақ, келіссөздердің қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Бірлескен мәлімдемеге және екі елдің Жоғары мемлекетаралық кеңесін құру туралы хаттамаға қол қойды.
Президенттердің бірлескен мәлімдемесі
Мемлекет басшылары 2005 жылғы 24 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік және одақтастық қатынастар туралы шартқа, сондай-ақ 2022 жылғы 24 тамыздағы екі ел арасындағы Стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы декларацияға бейілділігін растай отырып, Қазақстан-Әзербайжан қатынастарының оң серпінін қанағаттанушылықпен атап көрсете отырып, бірлескен мәлімдеме жасады. 13 тараудан тұратын мәлімдемеде Тараптар бір-бірінің егемендігін, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын нық қолдау негізінде стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды дамытуды және нығайтуды жалғастыруға, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және өздері мүшелері болып табылатын басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберіндегі іс-қимылдарды одан әрі үйлестіріп, бір-біріне қолдау көрсетуге, Түркі мемлекеттері ұйымының әлеуетін, оның халықаралық аренадағы рөлі мен беделін арттыруға, биологиялық қауіпсіздікке байланысты мәселелер бойынша ақпарат пен тәжірибе алмасуға, екі елдің арасындағы ынтымақтастықты дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын іске асыруға одан әрі жәрдемдесуге уағдаласып, Каспий теңізін таяздану салдарының серпінін жұмсарту тұрғысынан қорғауға, сондай-ақ биоәртүрлілікті сақтауға бағытталған бірлескен күш-жігерді іске асыру қажеттігін растады. Тараптар 2022 жылғы 25 қарашада Ақтауда 2022-2027 жылдарға арналған «Осал тұстарды» үйлесімді жою және «Орта дәлізді» дамыту жөніндегі жол картасының қабылдануын жоғары бағалай отырып, осы құжатқа сәйкес іс-шаралардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажет деп санайды, әрі Каспий теңізінің түбімен жалғайтын талшықты-оптикалық байланыс желісін бірлесіп салу жөніндегі жұмыстарды тезірек аяқтауға жәрдемдесетін болады. Баку – Тбилиси – Джейхан құбыры арқылы қазақстандық мұнайды жеткізудің басталуына қанағаттанушылықтарын білдіре отырып, Әзербайжан аумағы арқылы қазақстандық мұнайды жеткізу көлемін ұлғайту жөніндегі шарттарды келісу бойынша одан әрі жұмыс жүргізу қажеттілігімен келісті. Тараптар мәдениет және өнер, білім, ғылым, туризм және спорт салаларындағы байланыстарды дәйекті түрде тереңдетуге, қоғамдық, жастар және білім беру ұйымдары, инновациялық орталықтар, бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы байланыстарға жәрдемдесу жөнінде уағдаласты. Екі елдің мемлекет басшылары арасында өткізілген келіссөздер мен сапар барысында қол қойылған екіжақты құжаттар Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы достық және одақтастық қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал ететінін атап өткен жөн.
Елордада енді Гейдар Әлиев көшесі бар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Астананың орталығындағы Гейдар Әлиев атындағы көшенің салтанатты ашылуына қатысты. Президент Гейдар Әлиевтің күрделі кезеңде ел билігін қолға алып, Әзербайжанның мемлекеттілігін нығайтуда зор рөл атқарғанын атап өтті. «Шын мәнінде, Гейдар Әлиев есімі Әзербайжанның нағыз брендіне айналды. Оның өмір жолы – ұлтқа адал қызмет етудің жарқын үлгісі», – деді Мемлекет басшысы. Өз кезегінде Әзербайжан Президенті біздің елімізге ресми сапары аясында осындай керемет тарихи сәтке куә болып отырғанына қуанышты екенін жеткізді.
БАҚ үшін брифинг өткізді
Шағын және кеңейтілген құрамда өткен екіжақты келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады. – Бүгінгі сапардың маңызы ерекше. Екі ел арасындағы байланыстар өзара сенімге және қолдауға негізделген. Яғни, екіжақты ықпалдастықты одан әрі нығайтуға мол мүмкіндік бар. Біз бүгін шағын және кеңейтілген құрамда мазмұнды келіссөздер өткіздік. Сауда-экономика, көлік-транзит, энергетика салаларындағы қарым-қатынасты дамыту мәселесін талқыладық. Сондай-ақ, мәдени-гуманитарлық байланысты тереңдетуге қатысты бірқатар уағдаластыққа қол жеткіздік. Осы сапардың нәтижелері Қазақстан мен Әзербайжанның қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін, – деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев толық форматта өткен келіссөздердің нәтижесін жоғары бағалады. Бұл шаралар екі ел басшыларының екіжақты байланыстарды жан-жақты нығайтуға өзара ниетті екенін тағы да растады. Президенттер ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша пікір алмасып, өңірлік және халықаралық мәселелер жөніндегі ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, екі елдің өзара қарым-қатынасын одан әрі тереңдетудің перспективалары мен бағыттарын талқылады. Мемлекеттер басшылары өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы жарты миллиардтық межеге жақындағанын ерекше атап өтті. Әйтсе де, сауда-экономикалық серіктестіктің әлеуеті әлі де мол. Тараптар экспорттық-импорттық тауарлар номенклатурасын одан әрі кеңейту үшін пәрменді шаралар қабылдауға уағдаласты. Келіссөздер барысында энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға баса мән берілді. Президенттің айтуынша, өнеркәсіп, тоқыма, агроөнеркәсіп және құрылыс салаларында бірлескен ірі кәсіпорындар ашуға болады. Мемлекеттер басшылары екі елдің үкіметтеріне бірлесіп іске қосу үшін ірі жобаларды анықтауды тапсырды. Сондай-ақ, ақпараттық технология саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың келешегі зор. Қазіргі уақытта Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл жобаның стратегиялық маңызын ескере отырып, оны уақтылы іске қосу тапсырылды. Әзербайжанның кабельдік операторлар желілерінде қазақстандық телеарналардың хабарын таратудың, сондай-ақ, анимациялық фильмдер дистрибуциясы туралы уағдаластықтарды жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілді. Брифингте сонымен қатар тараптардың халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқаны туралы да айтылды.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП