Орта Азия елдері арасынан озық шықты

Орта Азия елдері арасынан озық шықты
«Ұлттық аспапта орындау» аталымы бойынша Аяна Дәулетбай мен Бақдәулет Жанатбек бас жүлде алды. Қазылар алқасы жеке орындауда Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін төгілте орындаған жерлесіміз Бақдәулет Жанатбекке 100 АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай сыйлықты да табыстады. Бұл ретте жетекшілер Дулат Байзілдаев пен Нұрберген Қырғызбаевтың да үлесі бар екені анық. «Ансамбльде орындау» аталымы бойынша аталған өнер мектебінің «Елигай» қобызшылар ансамблі де бас жүлдені иеленді. Ансамбль құрамында Аружан Бескемпір, Айша Әбдіәріп, Әсел Жақсылық, Әлия Бейсекеева өнер көрсетті. Ансамбль жетекшісі Сәуле Маманованың, сүйемелдеуші Наталья Кимнің бұл жолда аянбағаны анық сезілді. «Эстрадалық вокал» аталымы бойынша Назгүл Мұрат та бас жүлдегер атанды. Бұл өнерпаздың жетекшісі – Айгүл Сатыбалдиева. Осынау жеңімпаздарды аталған мектеп директоры Сарбиназ Қосанова бастаған ұжым қарсы алып, құрмет көрсетті. – Бұл біздің өнер мектебінің ғана емес, ауданның да үлкен абыройы. Әрі біздегі мамандардың кәсіби білімі мен шеберлігі жоғары екенін көрсетеді, – дейді өнер мектебінің директоры Сарбиназ Қосанова.
Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,
журналист.