Жаңалықтар

Аймақта 18 спорт кешені салынуда

Аймақта 18 спорт кешені салынуда

Бүгінгі таңда облысымызда 18 спорт кешенінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның 12-сін биыл жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Ал, қалған 6 спорт кешені 2024 жылға өтпелі. Бұл туралы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кезекті аппарат кеңесінде айтылды.

Күн тәртібіне қойылған алғашқы мәселе бойынша облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Ташметов баяндама жасап, салада атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, облыс спортшылары бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша түрлі республикалық және халықаралық жарыстарда 396 медальға ие болған. Оның 141-і алтын болса, 126-сы күміс, 129-ы қола. Облыстағы 129 елді мекенде заманауи спорт алаңшалары жоқ. Оның ішінде, 58 елді мекенде мүлдем спорт алаңшалары салынбаған. Облыстың барлық елді мекендеріне жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесінде, облыстағы 369 елді мекеннің 175-і спорт секцияларымен қамтылса, қалған 194 елді мекен спорт секцияларымен қамтамасыз етілмеген. Аймақ басшысы аталған мәселелерді шешуге қатысты жоспар бойынша қала, аудан әкімдерін сұрақ астына алды. – 129 елді мекенге заманауи спорт алаңшасы керек десек, 58 елді мекенде мүлде мұндай нысандар жоқ. Ең алдымен осы түйткілді шешуге баса назар аударып, күш салуға тиіспіз. Балаларды барынша спорт үйірмелерімен қамту, спорт инспекторларының жұмысын күшейтуге ден қою, бұқаралық спортпен шұғылданатын облыс тұрғындарының көрсеткішін 50 пайызға жеткізу маңызды. Бұл ретте нақты нәтижеге жұмыс істеу керек. Сондай-ақ, алдағы ауқымды жарыстарға, оның ішінде 2024 жылы Парижде өтетін келесі Олимпиада ойындарына тиісті деңгейде дайындалу қажет, – деп атап өтті Нұржан Нұржігітов. Басқосу барысында ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаевтың есебі де тыңдалды. – Өткен жылға бекітілген ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп, бірдейлендірудің деректер қорына енгізілді. Бекітілген жоспар бойынша эпизоотия және энзоотияға қарсы ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар өз деңгейінде орындалды. Бруцеллезге тексеру үшін қан сынамасын алу бойынша 5 миллион 117 мың манипуляция жүргізілді. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан 36 елді мекендегі 3,6 миллион шаршы метр аулалар мен қора-жайлар, 138 мың шаршы метр буферлік аймақ және барлығы 432 мың бас ауыл шаруашылығы жануары залалсыздандырылды, – дей келіп, басқарма басшысы салада атқарылып жатқан өзге де жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Облыс әкімі ешқандай олқылыққа жол бермес үшін барлық сақтық шаралары сапалы әрі уақтылы орындалу керектігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, қаңғыбас жануарларды аулаудың тиісті ережеге сәйкес жүзеге асуының маңыздылығын атап өтті. – Қаңғыбас иттерді аулауда барлық талаптар сақталуы тиіс. Бұл тұрғыдағы жұмыстар үшін бюджеттен қажетті қаражат қаралған. Олардың қоғамға қауіптілігін ескерусіз қалдыруға болмайды. Сондықтан, тұрғындар да ортақ жауапкершілікті түсініп, өздерінің үйдегі иттерін бақылауда ұстап, олардың ретсіз көбеюіне, күшіктерін кез келген ортаға тастап кетіп, иесіз қалдыруға жол бермеуі маңызды. Сонда ғана бүгінгі таңда өзекті болып отырған бұл мәселені шешуге, жабайы ит, мысықтардың қоғамға қауіптілігін азайтуға мүмкіндік туады, – дей келе, Нұржан Нұржігітов осы орайда ақпараттық, түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізу керектігін жеткізді. Жиын қорытындысымен жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді.  

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.