Әлеумет

Атамекенге оралғандар

Атамекенге оралғандар

Бүгінде шетелден атамекенге оралғандарға азаматтық беру тәртібі біршама өзгерген. Жалпы, бұл мәселе «Халықтың көші-қон туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV Заңға сәйкес жүзеге асырылады. Заңда көрсетілгендей, Қазақстанда тұрақты тұруға ықтиярхат алғаннан кейін қандастарымызға оралман мәртебесі берілуі тиіс. Бастапқыда, жаңа талаптар мен өзгерістер атажұртқа оралғандарды біраз әбігерге салды. Кейбір өңірлерде мұның соңы дау-дамайға ұласқан кезі болған. Сондағы түйткілдің басты себебі – ақпараттық түсіндірме жұмыстарының жүргізілмеуі.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өңірімізге көшіп келіп, қоныстанған оралмандар арасында ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізуді көші-қон мәселесіне байланысты қабылданған қаулы, енгізілген өзгерістерді түсіндіруден бастауында үлкен мән жатыр. Өйткені, олардың ортасында оралман мәртебесі өздеріне қандай жеңілдіктер беретінін әлі толық білмейтіндер бар көрі­неді. Басқарма басшысының орынбасары Ермек Бықыбаевтың төрағалығымен өткен жиында бұған көзіміз жете түскендей болды. Қандастарымызды мазалайтыны – азаматтық алу мәселесі. Қазақстан азаматтығы берілмегендер әлеуметтік жәрдемақылардан қағылып, пәтерге, жер телімін алу кезегіне тұра алмайды деп пайымдайтын көрінеді олар. Облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басқармасының полиция майоры Роза Наурызбаева қазіргі заңның бір ерекшелігі – әуелі ықтиярхат алумен байланысты екенін түсіндірді. «Ықтиярхат алған соң бес күннің ішінде оралман мәртебесі беріледі. Ал оралман мәртебесін иеленушілер Қазақстан азаматтарымен бірдей әлеуметтік көмектер алады», – дейді полиция майоры. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Айжан Әлімбекова көпшілікке оралман мәртебесін алудың тәртібін түсіндіріп, оған қажетті құжаттардың тізбесін айтып берді. Қандастарға көмек ретінде ақпараттық буклеттер жасап, таратты. Оралман мәртебесі арқылы қандай әлеуметтік көмектерді алуға құқылы болатынына тоқталды. Десе де, барлық мәселе тұрғындардың құқықтық сауаттылығына тіреліп тұрмаға­нын мойындауымыз керек. Мекемелердегі қызметкерлердің қағазбастылығы, өз жұмысына жауапты қарамайтыны секілді келеңсіздіктер көші-қон мәселесінде ғана емес, кез-келген салада кездеседі. Байзақ ауданының тұрғыны, Қытайдан келген қазақ Бибінұр Қали аудандарда бюрократтыққа салынып, қандастардың өтініш-сұрағына дұрыс жауап бермей, көңілдеріне қаяу салатындардың барын айтты. Дерекке сүйенсек, тәуелсіздік алған жылдан бері шетелден облысымызға 90 мыңнан астам қазақ көшіп келген екен. Бүгінде олар – Қазақстан азаматтары. Соңғы жылдары өңірімізге 8 мыңнан астам қандасымыз қоныстанып, оралман мәртебесін алды. Азаматтық алатын шақты асыға күтіп жүр. Үкімет қаулысына сәйкес, Жамбыл жеріне келетін көштің легі бірер жылға тоқтатылды. Ал қаулы қабылданғанға дейін оралғандарының әлеуметтік жағдайына байланысты мәселелер толық шешімін табатынына сенім мол.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».