Жаңалықтар

Қалдықтарды кәдеге жарататын күн жақын

Қалдықтарды кәдеге жарататын күн жақын

Өңірдегі күрделі экологиялық мәселенің бірі – облыс орталығының кәріз желілерінің тазарту құрылыстарымен қамтамасыз етілмеуі. Осының салдары Жамбыл ауданының қала маңына жақын орналасқан елді мекендеріндегі таза ауыз су сапасының нашарлауына, ауыл шаруашылығы алқаптарының саздануына әкеліп соғуда.

Мәселені шешу үшін 2019 жылы арнайы жоба әзірленіп, «Мемсараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының қарауына жіберілді. Әзірге бұл құжаттаманы әзірлеуге уақытша мораторий жарияланып отыр. Дегенмен, аталған кәсіпорыннан ол жобаны кері қайтарып алып, тазарту құрылыстарын дамыту мен жаңғыртудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде жобаны іске асыру «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту орталығы» акционерлік қоғамына ұсынылды. Орталықтың ақпаратына сәйкес, Тараз қаласында ағынды суларды тазарту құрылыстарын іске асырудың бірыңғай бағдарламасы аясында 53 жоба тізбеге енгізіліп отыр. Атап айтсақ, облыс бойынша 4 қала енген. Оның бірінші кезеңі Жаңатас, екінші кезеңі Тараз қаласында, одан кейін Қаратау, Шу қалаларында іске қосылады. «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту орталығы» халықаралық қаржы ұйымдарының қаражаты есебінен оны іске асыру үшін жобаларға тапсырыс беруші болып табылады. Қазіргі таңда облыс әкімдігі «Еуропалық Қайта Құру және даму банкімен» кешенді тазалау құрылғылары құрылысына қаражат бөлу бойынша келіссөздер жүргізуде. Бүгінгі таңда департаментпен Тараз қаласында Қоршаған ортаны қорғау саласындағы экологиялық заңнаманың талаптарына сәйкес келетін кешенді тазалау құрылғылары құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге арналған техникалық тапсырма келісілді. Бұдан бөлек, Тараз қаласында қалдықтарды қайта өңдеу және жағып жіберетін зауыттардың болмауы да экология мәселесіне кері әсерін тигізуде. Жалпы, жыл сайын өсіп келе жатқан тұрмыстық қалдықтарды орналастыру орындары бүгінгі уақыттың санитарлық-гигиеналық нормативтеріне сәйкес келмейді. Бұл қоршаған ортаның жай-күйіне теріс әсер етуде. Өңірде қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мәселесін шешу үшін инвесторларды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Былтыр «Hasanat group» компаниясының, сондай-ақ «Еуропалық Қайта Құру және даму банкінің» өкілдерімен тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу, жағу жолымен энергия өндіру бойынша кездесу өткен болатын. Ол бойынша тиісті құжаттар жобаға ұсынылды. Биыл жергілікті атқарушы орган «Eco Energy Plant» жауапкершілігі шектеулі серіктестік бастамасымен қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және электр энергиясын, техникалық көміртекті және көбік шыны түйіршіктерін өндіру жобасын қараған болатын. Жобаның құны 18,8 миллиард теңгені құрайды. Жобаны «Тараз» индустриялық аймағында іске асыру жоспарлануда. Қазіргі таңда жобаны іске асыруға шарт жасалып, 10 гектар аумақтан жер телімі бөлінді. Тараз қаласының әкімдігі компаниямен қоқыс жеткізу туралы меморандум жасады. Жобада техникалық көміртекті, синтез-газды, көбік шыны түйіршікті және басқа да өнім түрлерін ала отырып, қатты тұрмыстық қалдықтарды жүз пайыз өңдеуді қамтамасыз ететін жалынсыз газдандыру технологиясын қолдану көзделуде. Бұл өңірдегі кездейсоқ қоқыс алаңдарын жоюға үлкен септігін тигізеді. Бүгінгі таңда ғарыштық мониторинг нәтижелері бойынша облыс аумағында өткен жылы 157 стихиялық полигон анықталған болатын. Оның 120-сы стихиялық полигон болса, ал 37-сі ұйымдастырылған полигон. Қазіргі таңда кездейсоқ қоқыс полигондары жойылды.  

Арсен ЛАТЫПОВ,

облыс бойынша экология департаментінің басшысы.