- Advertisement -

Мал өсірсең, қой өсір…

156

- Advertisement -

Кезінде төскейін төрт түлік малға толтырған шаруалар, бүгінгі күндері де сол кәсіптерінен айныған емес.

Бүгінде ауданымыздағы 300 мыңға жуық қой түлігінің 101 мыңнан астамы саулық қой екен. Осы шаруамен айналысып жатқандардың бірі – Сұрат ауылдық округіндегі «Даму-Сұрат» кооперативі.

Кооператив құрылған кезден 97 миллион теңгеге ауыл шаруашылығы техникаларын алып, алғашқы жылы 150 гектар күздік, 100 гектар жаздық арпа, қазіргі кезде 900 гектар күздік бидай, 200 гектар арпа егіп, көктемгі егіс-дала жұмыстарын табысты аяқтапты.

Құрамында аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Достай Сәрсенбиев, Ғалымжан Хамит және Рамазан Нұрматов бар арнайы топ кооперативтің қой төлдету науқанымен танысты.

Кооператив өткен жылы бұрынғы Қарағанды, қазіргі Ұлытау облысының Жаңарқа ауданынан 660 бас асыл тұқымды Еділбай қойларын әкеліп, биыл бірінші рет қозылатып отыр. Біз келгенде ауылдық ветеринария бөлімінің бас маманы Медет Кәрбоз бастаған мамандары қозылардың іш құртына дәрі беріп, құлақтарына сырға салуда екен. Ал, шопан Самат Түймебаев отбасымен әрі бақташы, әрі сақпаншы болып жұмысын абыроймен аяқтапты.

– Мемлекетіміз ауыл тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөліп келеді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында сұраттықтар үй іргесіндегі жерлерін игеруге қаржы алып, шындап кірісті. Сол сияқты консерві цехы ашылды. Қой, ірі қара, жылқы бордақылау, төлдетіп, мал басын көбейту де жақсы жолға қойылды. Ел еңсесін көтеріп, бойын тіктеді деуге болады, – дейді «Даму- Сұрат» кооперативінің директоры Тәуіржан Алтынбаев.

Айтса айтқандай, малдың қоңы да, қозылар да көз қуантады. Кооперативте 17 жұмысшы еңбек етеді. Оның он мүшесі жұмыспен қамту орталығы субсидиялайтын 100 мың теңгеден жалақы алады. Олар осы сомадан зейнетақы қорына қаржы аударып, салықтарын төлеп, жалақыларын тұрақты алып тұрады.

Жоғарыда айтқандай, кооперативтің де жыл өткен сайын экономикалық жағдайы жақсарып, ауыл тұрғындарының үдесінен шығып келеді. Алғашқы жылдың өзінде әр жүз саулықтан 110 бас төлден өрбітіп, көңілдері көтеріңкі.

 

Ләззат СЕРІКБАЙ.

Меркі ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support