Денсаулық

Мемлекеттік басқаруды одан әрі дамыту – бәсекеге қабілеттіліктің кепілі

Мемлекеттік басқаруды одан әрі дамыту – бәсекеге қабілеттіліктің кепілі

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан түрлі реформалар елдің өркендеуіне бағытталған. Мемлекет басшысының 2022 жылғы Жолдауында айтылғандай, қазір еліміз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа алып, жарқын болашаққа беттеп барады. Осыған сай мемлекеттік қызметкерлердің халықпен бірлесе жұмыс істеп, әкімдер мен министрлердің халық алдында есеп беруіне айрықша назар аударылуда. Сол арқылы елдің билікке деген сенімін арттырып, ортақ мүддеге жұмылдыра білу көзделген.

Қоғамның даму тарихы көрсеткендей, мемлекеттік қызметтегі кадрлар негіз болатын тиімді мемлекеттік аппаратсыз демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құру мүмкін емес. Әрине, мемлекеттік құрылымның басты міндеті – мемлекеттік органдардың жоғары тиімділігін, құзыреттілігін және мінсіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік қызметшілерді кәсіби даярлау. Қазіргі уақытта елімізде әкімшілік реформа дамудың жаңа кезеңіне көшуде. Онда негізгі шаралар мемлекеттік басқару процестерін жетілдіруге және мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын жақсартуға, кәсібилік деңгейін, мемлекеттік аппарат қызметінің нәтижелілігін арттыруға бағытталады. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, посткеңестік кезеңдегі қоғамдық өмірдің барлық аспектілерін қайта құру барысында мемлекеттік басқару функциялары қайта бөлінді. Мемлекеттік органдардың жаңа жүйесі мен құрылымы және әкімшілік басқарудың жаңа формасы құрылды. Аталған өзгерістер 1993-1995 жылдары қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясында және конституциялық ережелерді іске асыру үшін әзірленген өзге де заңнамалық актілерде өзінің заңнамалық ресімделуінен орын алды. Негізінде, мемлекеттік қызметтің қалыптасуының бірінші кезеңі өткен ғасырдың 80- ші жылдарының ортасынан бастау алды. КСРО- ның қайта құрылуына байланысты азаматтық қоғамның белсенді мүшелері ел экономикасының нарықтық қатынастарға көшуіне, тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік құрылысының жаңа мақсаттары мен басымдықтарына сәйкес келмейтін мемлекеттік қызметті реформалау туралы айта бастады. Сол кездің өзінде жалпы мемлекеттік басқаруды және мемлекеттік қызметті реформалау жолдарын белсенді іздеу жүргізілді. Қарапайым азаматтардың ойлау тәсілі түбегейлі өзгеріп, шетелдік заңнама мен шетелдік авторлардың еңбектері сұранысқа ие бола бастады. Онда мемлекеттік аппарат пен жалпы мемлекеттік қызмет мәселелері қамтылды. Сондықтан, еліміздің бірінші Конституциясын қабылдау барысында мемлекеттік қызметтің жұмыс істеуінің жаңа жағдайларға баламалы үлгісін іздестіру үздіксіз жүргізілді. Осы мәселелер бойынша теориялық әзірлемелер мен шешімдерді бұрын Одақ орталығы жүзеге асырғандықтан, іздеулер мемлекет институттарын құрудың жеткілікті тарихи тәжірибесі болмаған жағдайда жүзеге асырылды. Алайда, қолданыстағы Конституция қабылданған сәттен бастап елімізде «Мемлекеттік қызмет туралы» заңнаманы дамытудың келесі негізгі кезеңі бастау алды. Жаңа Конституцияның 33-бабының 4-тармағымен республика азаматтарының мемлекеттік қызметке қолжетімділікке тең құқығы жарияланды. Сонымен қатар, «мемлекеттік қызметші лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар тек лауазымдық міндеттердің сипатына байланысты болады және заңмен белгіленеді» деп көрсетілді. Жоғарыда аталған конституциялық ережелерді іске асыру үшін ел Президентінің «Мемлекеттік қызмет туралы» заңдық күші бар Жарлығы қабылданып, оның мемлекеттік қызметтегі институттандыру процесінің бастауын негіздеді. Жарлықта алғаш рет мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттары айқындалып, оның ішінде азаматтардың мемлекет мүддесі алдындағы құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің жалпыға қолжетімділігін, басымдығын атап өтті. Сонымен қатар, бірқатар прогрессивті ережелерге қарамастан, жоғарыда аталған Жарлық негізінен декларативті сипатта болды және азаматтардың мемлекеттік қызметке тең қолжетімділігін қамтамасыз етпеді. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының екінші жартысында мемлекеттік қызметке іріктеуді жүргізу барысында достық немесе туыстық байланыстар қағидаттарынан туындайтын патронаттық жүйенің жағымсыз белгілері айқын көрінді. Бірақ, осы нормативтік-құқықтық актіні қолдану барысында пайда болған көптеген жағымсыз белгілерге қарамастан, өтпелі кезеңде мемлекеттің маңызды институты ретінде мемлекеттік қызметті дамытудың негізін қалаған мемлекеттік даму жүйесі ұсынылғанын атап өткен жөн. Мемлекеттік қызметті реформалау процесінде объективті де, субъективті де проблемалар көбейген сайын, олардың шешімі мемлекеттік аппаратты қажетті мөлшерде және тиісті біліктілікте кадрлармен мақсатты түрде қамтамасыз ете алатын бірыңғай орталық орган құруда көрінді. Алдыңғы қатарлы елдердің даму тәжірибесіне сүйене отырып, басты мақсат – әрқашан мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінуіне қарамастан, кадр саясаты мен мемлекеттік қызметтің бірыңғай жүйесін қалыптастыру болды. Сонымен бірге, осы және басқа мақсаттарды жүзеге асыру мемлекеттік қызметті ұйымдастыру мен жұмыс істеу принциптерін, ережелерін қатаң сақтаған жағдайда ғана мүмкін болды. Басқаша айтқанда, мемлекеттік қызмет сияқты басқару саласы өзі басқарылатын кезде тиімді болады. Сондықтан, мемлекеттік қызмет саласындағы бірыңғай саясатты жүзеге асыру үшін Мемлекет басшысына тікелей бағынатын және есеп беретін уәкілетті орган – Мемлекеттік қызмет саласындағы бірыңғай саясатты жүзеге асыруға шақырылған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі құрылды. Тиісінше, 1999 жылғы 22 шілдедегі «Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР Заңының және оның негізінде шығарылған заңға тәуелді нормативтік актілердің қабылдануымен отандық мемлекеттік қызметті дамытудың мүлдем жаңа кезеңі белгіленді. Мемлекеттік қызметтің негізі меритократия болып табылады. Мемлекеттік қызметшінің жеке еңбегіне негізделген, мемлекеттік қызметте адам ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған жүйе. Меритократия қағидаты жаңа заңның негізін қалаған элементтерге тоқталсақ, мемлекеттік қызметке кіру және жоғарылату кезінде міндетті конкурстық іріктеу, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуы, тең мәнді жұмысты орындағаны үшін бірдей еңбекақы төлеу, өз қызметінде тиімді нәтижелерге қол жеткізген мемлекеттік қызметшілерді көтермелеу, нәтижелері толық қанағаттанарлықсыз қызметшілердің қызметін түзету және ондай қызметшілерді жұмыстан шығару, мемлекеттік қызметші қызметінің нәтижелерін жақсарту мақсатында оларды тұрақты оқыту қамтылады. Осылайша, бүгінгі күні мемлекеттік басқарудың қазақстандық моделін табысты іске асырудың нәтижесі мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық дамудың көптеген өзекті қажеттіліктеріне сәйкес келетін мемлекеттік қызметтердің нәтижесі мен сапалы көрсетілуіне бағдарланған кәсіби мемлекеттік қызмет болды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтің қолданыстағы заңнамалық базасы жетілдірілді. Мәселен, 2015 жылғы 23 қарашада Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңға қол қойды. Аталған заңнама 2016 жылғы 1 қаңтарда күшіне енді және онда мемлекеттік қызметке іріктеуді жаңғырту және ашықтық мақсатында бірқатар оң өзгерістер енгізілді. Осылайша, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға үлгілік біліктілік талаптары негізінде уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісім бойынша мемлекеттік лауазымдарға тағайындау құқығы бар лауазымды адам (орган) бекітетіні туралы норма қайтадан қайтарылды. Мемлекеттік қызметшілер қызметінің тиімділігін арттырудың маңызды өлшемдерінің бірі – олардың еңбегін материалдық ынталандыру болып табылады. Бүгінгі күні үкіметтік деңгейде мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу мәселесі шешілді. Ол жыл қорытындысында олардың қызметін бағалау нәтижелері бойынша жүзеге асырылады. Тіпті, жұмыстан шығарылған, еңбек қатынастары бұзылған және ротацияланған жағдайларда да мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу олардың қызметін бағалау нәтижелері бойынша жұмыс істелген уақытқа пара-пар жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметке кіру рәсімін қайта жаңғырту жүргізілуде. Мемлекеттік қызметке іріктеуді «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі базасында конкурстық рәсімдерді өткізудің жаңа форматы бойынша пилоттық апробация (ол ағымдағы жылдың 1 наурызы мен 31 желтоқсаны аралығында өткізілетін болады) дайындалуда. Бұл апробация Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өзінде, Ақмола облысы мен Шымкент қаласының әкімдіктерінде, Сауда және интеграция, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінде жүргізілетін болады. Жаңа формат мемлекеттік қызметке іріктеу процесіне барынша оңайлатылған тәсілді көздейді. Азаматтар конкурсқа тәулік бойы, алдын ала белгіленген уақытта өтетін әңгімелесуді қоспағанда, өздеріне қолайлы кез келген уақытта қатыса алады. Тестілеу жүргізілетін нормативтік-құқықтық актілердің саны екі еседен астамға, яғни 9-дан 4-ке дейін қысқартылды. Байқаудың іріктеу кезеңі жеке қасиеттерді бағалауды, үміткердің мәтіндік және цифрлық ақпаратпен (SHL) жұмыс істеу қабілетін бағалауды, эссе жазуды (барлық басшылық лауазымдар үшін міндетті), сараптама комиссиясымен әңгімелесуді қамтиды. Нәтижесінде пилоттық жобада конкурс жеңімпазы барлық кезеңдердің қорытындылары бойынша жүйемен автоматты түрде анықталады және комиссияның шешіміне тәуелді болмайды. Қорытындылай келе, отандық мемлекеттік қызметтің қалыптасуының салыстырмалы түрде қысқа мерзімнің өзінде оның дербес институт ретінде орын алғанын және қазіргі уақытта демократиялық, құқықтық, азаматтық қоғамның дамуымен одан әрі жетілдіріліп, өзгеріп жатқанын атап өткім келеді.  

Лесбек ІЛЕБАЕВ,

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы.