Жаңалықтар

Анадан асқан ардақты жан жоқ

Анадан асқан ардақты жан жоқ

Ана сөзі қандай қасиетті, қастерлі десеңізші! Анаға қандай теңеу мен жыр арнаса да жарасады. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды», деп бекер айтылмаса керек.

Мынадай екі жағдай мені ойға қалдырды. Құрбыларыма қатысты болған соң есімдерін өзгертіп алдым. Аяусыз деген құрбым маған: «Көпқабатты үйде ата-анам, екі бауырым, жасы сексенге келген апам бірге тұрамыз. Екі бөлмелі пәтер тарлық етуде. Залдың бір бұрышында апам жатады, сөйлей береді. Әкеміз де соңғы кезде анасын жақтырмай жүр. Сөздерінен ығыр болып кетті. Мүмкіндігі болса қарттар үйіне өткізгелі жүр», деді. Мұны естігенде менің жаным түршігіп кетті. Аяусызға таңданып қарадым. «Құрбым, бұл не сөз? Ана – қай кезде де ана! Әкешің сәл түсінбеген болар. Сен асқар тауыңа айт. Анасын жат мекен – қарттар үйіне өткізбесін. Сексен жасқа келсе, қарт қой. Қалай дәттерің барып өткізесіңдер», дедім. Аяусыз құрбым ойланып, жылап қалды. Енді бірде Мейірім деген құрбыммен сөйлесіп, сырласып едім. Ол: «Білесің бе, менің өз анам бақилық болған. Әкем басқа кісіге үйленді. Қазір әкем, өгей анам бәріміз бірге тұрамыз. Әкешім ертелі-кеш жұмыста. Ал, өгей анам оңашада маған жекіп, ұрсып, ауыр сөздер айтады. Жылуы жоқ. Менің кіші бауырларыма да ала көзімен қарайды. Әкем үйге келсе, өтірік момын болып, біздерді өтірік еркелетеді. Әкем екеуінің арасына сызат түспесін деп шыдап, үндемей жүрміз. Өз анам – мейірімді, алтын мінезді кісі еді. Сағынып жүрмін. Бәрібір оралмайды ғой», деп көз жанарына ерік бергені бар. Бұл сәтте де азапқа түстім. Екі оқиға – екі түрлі жағдай. Мұндай ауыр тағдырға не деп жауап берерсің! Ал, біздің көбіміздің үйде ата-анамыз бар. Олар бізді еркелетіп, өбектейді. Біз ол кісілерге жылы сөз арнап, жанына жылу сыйлап жүрміз бе? Өмірдегі ең асыл адам анаңызды ардақтап жүрсіз бе?! Біз үшін отқа да, суға да түскен анадан артық кім бар...  

Ариана АЙНАБЕКОВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті.