Әлеумет

Орталықтағы он бес минут

Орталықтағы он бес минут

мұнда инспекторлар әрбір тұтынушыны осыншама уақыт  ішінде қабылдап, қызмет көрсетіп үлгеруі тиіс

Қарапайым халықтың уақытын үнемдеу үшін олардың көптеген мемлекеттік органдарға текке сабылуын жою мақсатында қолға алынған тұрғындарға қызмет көрсету орталықтарының «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсету тәжірибесі өзін-өзі толық ақтап отыр. Бүгінде облыстың қала, аудандарында осындай барлығы 16 құрылым жұмыс істеуде.

Олардың алғашқысы «ХҚКО» республикалық мемлекеттік мекемесі №1 Тараз қалалық филиалы 2006 жылы 26 желтоқсанда пайдалануға берілген-ді. Елбасымыз өңірімізге жұмыс сапары барысында оның ашылу салтанатына қатысып, ісіне сәттілік тілегені де есте. Міне, сондықтан өңір тұрғындарына қызмет көрсетудің жай-күйін осы мекеме тыныс-тіршілігі арқылы бағамдауға тырыстық. Мекеменің жалпы аумағы 800 шаршы метрді құрайды. Оның операция залында 18 терезе, күту залы және кассалар орналастырылған. Әдеттегідей, бұл жолы да қызметкерлер үшін жұмыс күні сағат таңғы 8.30-да-ақ қауырт басталып кеткен. Міне, сағат тілі 9.00-ді көрсетті. Есік алдына жиналып қалған қарамы мол топ ішке біртіндеп кіре бастады. Келушілерді ә дегеннен-ақ кіреберістегі кеңес беру залындағылар айрықша ілтипатпен қарсы алып, құжаттарының ресімделуі тәртібін түсіндіріп, өтініштерін қарап беріп, тиісінше бағыт-бағдар сілтеп жатты. Одан әрі анықтама бөліміне жеке куәлігіңіз бойынша тіркеліп, талон алып, кезегіңізді күтесіз. Қай терезеге, қандай жұмыспен барасыз – қабылдау мерзіміңіз таблоға жазылып көрсетіліп, микрофон арқылы қосымша хабарланып та тұрады. Осы аздаған үзіліс кезінде күту залындағы жүзге жуық адамға арналып қойылған жайлы орындықтардың біріне жайғасып, құжаттарыңызды реттеп алуға, теледидардан орталық көрсететін қызмет түрлерімен жан-жақты танысуға мүмкіндігіңіз бар. Алда-жалда балаларыңызбен бірге барсаңыз, оларды алдарқата тұруға лайықталған ойын бұрышы да әзір. Тұрғындар, әсіресе, электронды құжат алуға көптеп келеді екен. Олар шоғырланып қалмауы үшін түкпірдегі бір зал қоғамдық қол жеткізу пункті түрінде жабдықталып қойылыпты. Оны да көрдік. Мұнда электронды қызметтің мекен-жай анықтамасы, жылжымайтын мүліктің тіркелгені, ауыртпалығы бар-жоқтығы, зейнетақы аударымдары секілді бес түрі бойынша қызмет көрсетілуде. Одан әрідегі өзіне-өзі қызмет көрсету, атап айтқанда «Connection Point» алаңында тұрғындар операторды күтпей-ақ, өз беттерімен электрондық қызметтерді пайдалана алады. Осында әркімнің электрондық сандық қолтаңбасымен өзіне керекті қызмет түрлері бойынша порталдық қызмет алу ісі үйретіледі. Бәрі де тегін. Күніне мұнда жүзден астам адам бас сұғады екен. Айтпақшы, қазірдің өзінде мұнда төрт азамат жаңадан енгізілген электрондық портал жүйесі қызметін алып үлгеріпті. Аталған қызмет түрін еліміз бойынша тұңғыш пайдаланушы да жуырда осы филиалда тіркелген екен. Ол тараздық Төлеген Еркенұлы Аханов деген азамат болып шықты. – Бүгінде орталық арқылы 160 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетілуде. Келер жылы бұл көрсеткіш 250-ге жеткізілмек. Орталықтағы оңды істер 78 қызметкер – жоғары білікті заңгерлер күшімен жүзеге асырылып отыр. Олар тұрғындарға екі ауысымдық (бірінші легі сағат 9-17, екінші легі 12-20 аралығында) режімде қызмет көрсетеді. Мұнда бір күннің ішінде мыңдаған қызмет алушының құжаттары ресімделеді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ХҚКО қызметкерлері өздері барып қызмет көрсету түрі де енгізілген. Жалпы, барлық министрліктер, әкімшілік және жергілікті атқарушы органдар, басқармалар, мекеме, ұйым, кәсіпорындар тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерінің барлығы да негізінен осындай орталықтар арқылы жүзеге асырылады. Тіпті бала туылғаннан бастап құжаттандыру да осы мекемемен тығыз байланыста өрбиді. Баланы тіркеуге алу, балабақша кезегіне қою, бір жасқа дейінгі жәрдемақысын алу мәселелері бойынша бұрын төрт-бес мекеменің табалдырығын тоздыруға тура келетін. Олардың және кезексіз қабылдамайтыны, кеңсебиліктің алдыңды кесіп (діттеген шаруаң бірер күнде шешіле қойса жақсы), жүйкеңді де жұқартатыны, уақытыңның текке рәсуа болатыны көбіміздің есімізден шыға қоймаған болар. Ал қазір тұрғындар бір күнде және бір ғана мекеме ішінде осы қызметтердің барлығына да бірден қол жеткізе алады, – деді мекеме жетекшісі Ғалымжан Сейдимханов бізді жалпы жұмыс жағдайымен таныстырып. Шынында да, мұндағы қызметтің бәрі шұғыл, ықшам әрі қауырт. Мысалы, қабылдауына келген тұтынушының бар шаруасын инспектор небәрі он бес минут ішінде бітіріп, қайтаруы керек. Тұрғындар өтініштеріне сәйкес ресімдеу қорытындыларын белгіленген мерзімінде «дайын құжаттар терезесі» арқылы ала алады. Әлбетте, әр қызмет түрінің орындалуының нақты бекітілген мерзімі бар. Бұл мәселені кіреберістегі кеңес берушілер тәптіштеп айтып та береді. Жалпы, мұндағы жұмыс үдерісінің барлығы да орталықтандырылған жүйеге қосылған. Тұтынушының мекеме табалдырығын аттап кіргеннен бастап шыққанға дейінгі әр минуты, секундына дейін есептеулі. Еліміз бойынша енгізілген ықпалдастырылған ақпараттық жүйе арқылы мұндағы әрбір жұмыс үдерісі республикалық қызмет көрсету орталығының да, филиалдың да жіті бақылауында болады. Содан да күту залындағылармен емен-жарқын әңгімелесуіміздің сәті түсе қоймады. Өйткені, таблодан кезегі шығып қалуы бек мүмкін, оны жіберіп алуға тұтынушы да ықыласты емес. Техникалық прогреске әуелі өзі ілесіп, үлгеруге тиіс. Әйтсе де, шаруасын бір жайлы еткендер өтінішімізге қайырылды. Қала маңындағы Амангелді ауылынан келген Батыр Сенбеков мекен-жай анықтамасына бар-жоғы бір минут ішінде қол жеткізгеніне дән риза. Жұмысына да кешікпейді енді. Тараздық Райхан Тұяқбаева кеңес берушілердің жеңіл автокөлігінің жоғалған техникалық төлқұжатын қалпына келтіру үшін не істеу керектігін бір демде түсіндіріп бергенін айтады. Ал Совхозбек Сәлімбаев Байзақ ауданы, Ровный ауылынан келіпті. «Жұмысқа орналасуым үшін қажет жинақтаушы зейнетақы қоры құжатын алдым. Көп уақытым кеткен жоқ» деді ол. Бұдан кейін әңгімеміз орталық жетекшісінің кабинетінде жалғасқан. Келушілердің бірі келіп, бірі шығып бөлменің есігінде де тыным болмады. Ғалымжан олардың бәрін де жылышыраймен қарсы алып, өтініштеріне ықыластана құлақ асудан жалығар емес. Бұл мекеменің басшысы, өзге қызметкерлері де кеңсебилік кеселін бойларынан баяғыда-ақ сылып алып тастаған сыңайлы. Халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп, алғыс алудың абыройлы іс екенін нақты істерімен дәлелдеп те отыр. * * * – Өңіріміздегі халыққа қызмет көрсету орталықтары өз жұмыстарын бастағалы бергі жеті жыл ішінде қызметкерлерінің кәсіби деңгейінен бастап, заманауи инфрақұрылымға дейінгі үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Филиалдар арқылы үстіміздегі жылдың 10 айында жеке және заңды тұлғалардан мемлекеттік қызмет түрлері бойынша 1 490 411 өтініш қабылданып, тұтынушыларға 11 550 899 құжат берілген. Соңғы уақытта бөлімдерде бизнес-аймақтар жайластырылып, онда Wi-FI сымсыз байланысы орнатылуы азаматтар мен бизнес өкілдері үшін ыңғайлы бола түсті, – дейді ХҚКО республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыс бойынша филиалының директоры Данияр Медетбеков. Ол, сондай-ақ, Тараз қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы жөнінде де қысқаша мәлімет берді. Өткен жылдың соңында пилоттық режімде жұмыс істей бастаған бұл орталықтың атқарар міндеті өңіріміздегі басқа ХҚКО құрылымдық бөлімшелеріндегідей емес, мүлде бөлек екен. Мекеме автокөлікті тіркеу, тіркеуден шығару және жүргізуші куәліктерін беру жұмыстарын жүзеге асырады. Орталықтың тұтынушылардың тәжірибелік сынақтан өтуіне арналған автоматтандырылған автодромы мен автотұрағы да бар. Мұнда күні бүгінге дейін жалпы қабылданған құжат саны 58 913-ті құрап отыр.

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».