Мемлекет басшысының атынан Ақордада ауызашар берілді
Мемлекет басшысының атынан Ақордада ауызашар берілді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде жиналған қауымды қасиетті Рамазан айымен құттықтап, бұл ай күллі мұсылман қауымы үшін ерекше уақыт екенін, жамағат осы айда ізгі амалдар жасап, мол сауапқа кенелетінін айтты. Мемлекет басшысы бір жылдың ішінде еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде болған айтулы оқиғаларға арнайы тоқталды.

Мемлекет басшысының айтуынша, еліміз халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде жалғастыра береді, сыртқы саясатымыз әрдайым дербес болады. Біз мұның бәріне мызғымас бірліктің арқасында қол жеткізіп отырмыз.

Мемлекет басшысы халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу қажет екеніне назар аударды.

Сонымен қатар Президент өз сөзінде ұлттық мәдениетімізді дамыту маңызды екеніне тоқталды.

Президент қазіргі жаһандық ахуалға алаңдайтынын білдіріп, қоғамда мейірімділік, жанашырлық, қамқорлық сияқты қасиеттер жетіспей жатқанына назар аударды. Оның айтуынша, адамзат үшін өте қауіпті бұл үрдісті тоқтатуға бәріміз күш салуымыз керек. Ол үшін осы асыл қасиеттерді әрқайсымыз жүрегімізде сақтап, оны күнделікті іс-әрекетпен, көркем мінезбен көрсеткен абзал. Мемлекет басшысы сөзінің соңында барша Қазақстан халқына амандық, бақ-береке тіледі. «Ақорда» резиденциясында Мемлекет басшысының атынан берілген ауызашарға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, дәрігерлер, мұғалімдер, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, мәдениет қайраткерлері, құтқарушылар, еңбек адамдары қатысты.
Akorda.kz