Әлеумет

Тағдырдан қалған бір із

Тағдырдан қалған бір із

Ес білгелі елдің бәрін бауырым дейтін, ағайын бар, Аллаға шүкір. Бірақ бірге туғанның аты бірге туған, деп еске алатын әкеміз Әмірбек Сырлыбаев. Әкем ашаршылық кезінде екі бауырынан айырылып, әпкесі Зиятайдың қолына қарап қалған кезін жиі айтатын. Бұл да тағдыр ғой, 10 жасында ашаршылықтан аман қалып, ер жету бұйырған әкеміз өмірге өте құштар, адалдыққа, адамдыққа жаны құмар адам еді. Ауызбіршілік, жанашырлық таныту, қамқорлық көрсету, көпшілікті ойлау да әкемнің бойынан табылатын қасиеттер еді. Ағайын, туыстың балаларына да қомқорлығын аямайтын. Балалардың бәрін оқуға баулитын, балажан еді. Жақынын да, жекжаттары мен жолдастарын да бауыр дейтін. Жалғыздықтың зардабын тартқан әкеміз отбасында көп балалы болуды қалады. 15 баланың әкесі атанды. Үш баласы жас кезінде шетінеп кетіп, 4 ұл, 8 қызды өсіріп бақты. Қолында анасы Рабиға апамыз болды, үйелмелі-сүйелмелі ұл-қыздары жарысып оқып, бірінің киімін бірі киіп өсіп жаттық. Өкінішке қарай, 1970 жылы небәрі 44 жасында өмірден озды. Соңғы жылғы ауруы ақыры жеңді. Еңбек жолын соғыс жылдары Отар станциясында машинистен бастаған жас бала, партия мектебін тәмамдап, Отар станциясында ауылдық кеңес төрағасы, Луговой станциясында партия төрағасы болып қызмет етті. 1965 жылы Луговой станциясында қызмет істеп жатқан кезінде Мақпал мал бордақылау совхозына көшіп баруға тура келді. Себебі, сол жылы жаңадан құрылып жатқан совхозға Жамбыл облысы, Луговой аудандық комитетінің бірінші хатшысы Сейілхан Аққозиевтің пәрменімен парторг болып тағайындалды. 1965-1970 жылдары әкеміздің басынан өткен сын сағаттары мәңгі есімізде қалды. Мен бастауыш сыныпты бітіріп, 5 сыныпқа көшкен кезім, қанша бала болсам да, жадымда сақталыпты. Арада 50 жылдан аса уақыт өтсе де, бәрі күні кешегідей есімде. 1970 жылға дейін осы совхозда қызмет атқарған әкеміздің қаламдас жолдастарын, аудандық қызметкер жолдастарын естен шығарған емеспіз. Жамбыл обкомының үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Жиренше Бодановты, сол кездегі аудандық ауруханының бас дәрігері Ақылбек Исаевты, аталған совхоз директоры болып тағайындалып, бірге еңбек еткен Бектенбай Қойшыманов ағаны, мал дәрігерлері Расылхан Тұрсынбаев, Әбілда Нұржанов, тарих пәнінің мұғалімі Ниеткұл Асанбаевты, ауылдың береке-бірлігінің ұйытқысы болған ауыл ағалары Жорабек Төлбаев, Бақтыбай Әлімқұлов, Асқар Әлімжанов пен оның жұбайы Аманғайша әлі күнге есімізде. Менің айтпағым, сол жылдары елеулі жандар, ерекше мейірімді, достыққа адал адамдар көп болды. Адами қасиеттері бірінші орында тұратын, сан қилы иірім-иректерді бастарынан кешкен абзал ауылдастарымызды толғана отырып, еске аламын. Осындай азаматтардан өскен ұрпақтары қазіргі кезде Қазақстанның түкпір-түкпірінде, өмірден ойып алған орындары бар, үлгілі отбасы егелері. Әкем: «Таудан аққан ақ бұлақ, құймай қоймас теңізге, Жақсы әкеден туған ұл тартпай қоймас негізге» деуші еді. Бүгінде Бектенбай Қойшыманов ағамыздың балаларын іздеп, тауып Асқар, Болат, Марат есімді ұлдарымен хабарласып тұрамыз. Әкеміздің артында қалған 12 бала Аллаға шүкір, өстік, жетілдік. Бәріміз жоғарғы оқу орындарын бітіріп, аяулы ана, қадірлі әке болдық. Анамыз Бибігүлге мың тағзым. Өмірдің ащысын да, тұщысын да осы анамыз көрді. Арқалағаны ауыр жүк болса да, бір қолымен көз жасын сүрте жүріп бізді жеткізді. 2002 жылы 75 жасында өмірден озды. 2019 жылы әкеміздің өмір жолы туралы, өзіміздің отбасымыз жайлы кітап жазып, жарыққа шығардым. Сол кітабымды жазарда Қайыңды ауылына барып, арада 49 жыл өтсе де, әкемді білеміз дейтін адамдар бар ма екен деп, ауыл ақсақалдарына сауал қойдым. Олар ыстық лебіздерін айтып, жылы қарсы алды, осы кітабымның шығуына орай пікірлерін айтып, әкеміз туралы сұхбат берді. Өмірден озып кеткен алтын тастың сынығындай азаматтарымыздың жатқан жерлері жайлы, топырағы торқа болсын, ұрпақтары мың жасасын. Еске алушы Сырлыбаевтар әулетінің атынан Биғайша Әмірбекқызы.  

Қордай ауданы