Мәдениет

Өңір суретшілерінің жетістігі

Өңір суретшілерінің жетістігі

Қазақстанның халық суретшісі, қазақ бейнелеу өнерінің іргенегізін қалаушылардың бірі – Әбілхан Қастеевтің туғанына 110 жыл толуы мерейтойы аясындағы іс-шаралар әлі де жалғасуда. Соның бір айғағындай, жуықта Алматы қаласындағы әйгілі қылқалам шеберінің есімімен аталатын республикалық өнер мұражайында ел суретшілері туындыларының көрмесі ашылды. Бір атап өтерлігі, оған қатысқан жамбылдық қылқалам шеберлері Айдархан Сихаевтың «Ван Гог, Гоген және мен», Рәтбек Сауқымбековтің «Қарахан», Қазым Аманқосовтың «Өткенді еске алу» атты туындылары да экспозициядан өз орнын тапты. – Жалпы, ұлы суретші ізбасарлары арасында мұндай іс-шаралар тұрақты өткізіліп тұрады. Алайда, аталған көрмеге қойылып, көрсетілуге лайық туындылардың арнайы комиссия шешімімен тақырыптық-мазмұндық жағынан және кәсіби орындалуы деңгейіне қарай таңдалынып алынуы биылғы жылдың басты ерекшелігі де болды. Еліміздің барлық өңірінен қатысқан 250-ден астам кәсіби суретшілер мен мүсіншілердің 150-ге жуығы ғана мұндай мәртебеге ие бола алды, – дейді Қазақстан Суретшілер одағы облыстық филиалының төрағасы А. Сихаев. Оның айтуынша, жоғарыда аталған туындылар биыл аталып өткен облысымыздың 75 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған көрмеге қойылып, көрсетілген өңір суретшілері еңбектері арасынан іріктеліп алынған екен. Осылайша жамбылдық қылқаламшылар жетістіктері ел ауқымында танылуда.

«Ақ жол-Ақпарат».