- Advertisement -

Домбыра жасаудың шебері

240

- Advertisement -

Байзақтық шебер Санат Сағындықовтың есімі оның жасаған домбырасымен елге танылуда. Бүгінде оның қолынан шыққан аспаптарға өңірде сұраныс жоғары. Отыз төрт жастағы Санат жастайынан өнерге жақын, ұсталыққа бейім болып өскен.

Бүгінде өмірден өтіп кеткен нағашы атасы Төлепберген мен ағасы Қайрат ұстаханаларында ат әбзелдерін жасап, ертоқым мен қамшы өретін екен. Олардың қолынан шыққан дүниелерге сол кезде-ақ сұраныс көп болған деседі. Міне, Санаттың қолөнермен айналысуына деген қызығушылығы осында туған. Ол бала кезінен шеберханадан шықпай, атқарылған жұмысты ерекше ынтасымен қарап, үйренуге тырысты. Онысы бүгінде іске жарап тұр.

– Бала кезімде нағашыларымның қолынан шыққан ат әбзелдері, қамшыларға қызығып өстім. Қызыққаным соншалық, жазғы каникулымның бәрі сонда өтетін. Ауылға келе сала ермексаздан түрлі мүсіндер жасаушы едім. Енді міне, сол кәсіпті араға ондаған жыл салып барып, қайта қолға алып, үй жанынан шағын шеберхана ашып, қолға алдым, – дейді шебер Санат Әуесбекұлы.

Ойға алған ісінің хас шеберіне айналу үшін Алматы қаласында домбыра жасап жүрген досы Есмұратқа көмекші болып орналасып, үш жыл ойға алған кәсіптің қыры мен сырын меңгереді.

– Бүгінгі таңда ұлттық аспап домбыраға деген сұраныс артқан. Облыс орталығы Тараз қаласынан сұраныс көп түседі. Сұранысты қанағаттандыру мақсатында өзіме қажетті құрал-жабдықтарды толық жинақтап барып, өткен жылы кәсібімді бастап кеттім. Қасымда қолынан іс келетін жолдасым Алмас Байжанов бар. Аспапқа қажетті ағаштарды Алматы қаласынан арнайы алдырамыз. Қазір әлеуметтік желісінің пайдасы көп болып тұр. Сол арқылы дайын өнімдерімізді жарнамалап, насихаттап отырамыз. Бұдан бөлек, аудан, қала тұрғындары бір-бірінен естіп, тапсырыс беріп жатады. Кәсіпті бастаған күннен бері есептесек 200-ден аса домбыра жасап, өткерген екенбіз. Аспаптың сапалы жасалғандығынан болар, еліміздің батысындағы Атырау, Ақтау мен басқа да қалалардан тапсырыс берушілер бар. Ондағы кәсіби мамандар қызыл ағаш, жаңғақ ағашы, Кавказ үйеңкісінен жасайтын көрінеді. Бұл ағаштардан жасалған аспап қымбат тұратындықтан бағасы да жоғары болады. Өз ауданымыздағы Саз мектебінің оқушылары да көп жағдайда қайыңнан жасалған біздің өнімімізді пайдалануда, – дейді Санат.

Ұстаның жасаған домбырасын К.Әзірбаев атындағы Саз мектебінің директоры Панабек Ахметов те жоғары бағалайды.

– Біз өз оқушыларымыздың ата-аналарына домбыраны мүмкін болса Санаттан алуға кеңес береміз. Себебі, оның домбырасының үні жақсы шығады. Балалардың жасына қарай оның көлемі де сұранысқа байланысты жасалады. Бұған дейін Алматы қаласынан алдыртқан аспаптардың сапасы төмен, әрі жасөспірімдерге ыңғайсыздау болды. Сол үшін де біздің таңдауымыз Санат пен Алмастың қолынан шыққан аспаптарға түсіп отыр, – дейді белгілі домбырашы.

«Әрбір істің өзіне тән қызығы мен қиындығы болатыны белгілі. Домбыра жасау өнері адамды шыдамдылыққа, икемділікке, ең бастысы жауапкершілік пен тиянақтылыққа үйретеді. Домбыраның әрбір бөлшегін дайындап, құрастыруда ешқандай қателесуге болмайды. Әрбір жасаған домбырам сатылымға дайын болғанда көңіліме қуаныш сыйлайды. Ал, тапсырыс берушілерімнің алғысы, ризашылығы мен жылы лебізі мені әрдайым шабыттандырып отырады», деді Санат.

Кәсіпкер айына орта есеппен елу домбыра жасайды. Алда сұранысқа қарай жасалатын аспап көлемін арттыруды мақсат етіп отыр. Ол үшін мемлекеттік қайтарымсыз грантқа қатысып, өз бағын да сынап көрмекке ниетті. Тіпті болмаса, төмен пайызбен несие алып, кәсібін жүргізуді мақсат етіп отырған жайы бар. Қазіргі таңда ол бір адамды жұмысқа тартып отырса, кәсібі кеңейген тұста тағы бірнеше азаматты жұмысқа тартуды жоспарлауда.

Шағын цех іші мұнтаздай таза. Қабырғаға қаз-қатар ілінген домбыралар өзінің әсемдігімен ерекше көз тартады. Даусы күмбірлеп тұрған, қазақы ою-өрнекпен безендірілген домбыраға қызығушылар көп. Бұл домбыра кімнің қолынан шыққан дегенде мақтанатындай деңгейге жеткенді қалайтын жас кәсіпкер осы жолда тынбай ізденіп еңбектене беретінін айтты.

 

Сүндетулла ӘБІЛОВ,

журналист.

Байзақ ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support