Әлеумет

Ойға бағын, жүрекке илан

Ойға бағын, жүрекке илан

Мен мамандығым бойынша мұғаліммін. Ұстаз болмағанда, сірә, қауіпсіздік комитетінің қызметкері ме, психолог па болар едім... 3 айлық кезімде атам мен апам Алматыдан ауылға алып кетіп, 7 жасқа дейін солардың тәрбиесінде өсіп, 3 жасымда хат таныдым. Көңілім түссе тау қопарып, көңіл-күйім болмаса тырп етпей жатып алатын жаман әдетім бар. Жақындарымның маған қатты ашуланғанда айтатын сөзі: «Салтанат». Сол үшін де мені жақсы танитындар, жақындарым: «Салтан, Салтуш, Салта» дейді.

Табиғатпен тыныстап, рухани демалған, саяхаттаған жаныма жақын. Еңбек демалысымды бір жыл бұрын жоспарлаймын. Ай сайын қойын дәптеріме 1 ай бойы жасаған жұмыстарыма есеп беріп отырамын. Ең сүйікті ісім – кітап оқу. Кітаптарыма деген махаббатымның ерекшелігі – жеке қорымдағы 800 кітаптың ішіндегі қай кітап, қай автордікі екенін жатқа білемін. Студент күнімнен арнайы «мөрге» тапсырыс беріп, жеке кітапханамдағы кітаптарға мөр басып отырамын. Кітапты оқып қана қоймай, ішіндегі детальды ақпараттарды түртіп алып, қалың блокноттарыма көшіріп жазамын. Тұрақтылық – ең басты принципім. Алғашқы алған телефон нөмірімнің 17 жыл бойы қызмет еткені соның дәлелі. Ашуланып, тез қайтамын. Бірақ ұзақ уақыт бойы жиналып жүріп жарылатын «атом бомбасы» да ішімде жататынын бәрі жақсы біледі. «Жасандылықты» сезіп қоятын қасиетім бар. Жасанды қылық жасағандармен арагідік қана араласамын. Бір сөзбен айтқанда, тұлғалық жағынан өсу жолым секіруден емес, жетілуден тұрады. Тілдің қорегі – ой. Ойланасың, ой кешесің, алайда тілден шыққан сөздің кейде қадірі кетіп қалмасын деп, сөзіңді көкірек көңіліңе түйіп, сүріндіріп алмауға тырысасың. Кейде өзгенің ойын тізгіндейміз деп ауыздан шыққан сөзі арқылы түсініспей қалып жатамыз. Содан соң сөз қуалап, ақыл адаспайдыға салып алшақтаймыз да, мұңға батамыз. Күнделікті қарапайым болған нәрселердің құдіреті мен қадірі ойландырады, ойға батырады... Ой сонысымен ғана биік. Тулаған тасқынды ойлар – кешегі күннің аманаты. Аманатты жүрекке арқалап жүрміз бе, үнсіздіктен іштен тынамыз ба? Аллаға аян. Ойға бағын, жүрекке илан. Жүрегіне сенгендер ғана жол таңдай біледі бәлкім... Ойдың бағын қашырмай, сөздің сағын сындырмай жүргендердің қатарынан болайықшы! Өмір деген кіл сұрақтан тұратын секілді. Өзгеге сауал қойғаннан, өзіңе сауал қойған ауырлау, салмақты. Кейде өзіңе қойып жүрген сауалды өзгеге де қойып көргің келеді. Санасына ғана емес, жүрегіне жету үшін сөз айтқаннан гөрі сауал ой сала ма дейсің. Әй, қайдам бірақ сөзбен «ойнап жүргендерге» сауалдың да салмағы жеңіл. Себебі, «адамдарға» «Құдайдың», «Абайдың», «Жүректің сөзімен» жол таба алмайсың. Парқы қайсы, нарқы қайсы, салмақтай алмайтын адам бәрібір сені әбігерге түсіреді. Сауалды да түсінбес «жалпыға» емес, сөз түсінер «жалқыға» қойған дұрыс-ау...  

Салтанат ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

Антон Макаренко атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Жамбыл ауданы