Бауыржан мен Әзілхан
Бауыржан мен Әзілхан
Бауыржандай атақты кейіпкермен бетпе- бет кездесіп, онымен ойыңдағы мағлұматты сары майдан қыл тартқандай суыртпақтап жеткізу аса қиын екендігін оқырман білетін болар. Бұған дейін Александр Бекпен арадағы болған шығармашылық байланыстың арқасында «Арпалыс» романы сонау соғыс жылдары баспадан шығып, батырдың атағын әлемге әйгілі қылмап па еді. Ал, сол Бектің өзі роман жазу барысында небір қиындықты бастан өткізбеп пе еді. Соғыстан кейін де батырдан қандай да бір мәлімет алмақ болған мықты журналистер мен қаламгерлердің таулары шағылғаны мәлім. Мінезі шалт, білімі ұшан-теңіз, сөздің қадірін түсінетін Бауыржандай тұлғаның талғам- түсінігінен шыға білу үлкен дайындықты талап ететінін сол тұстағы қаламын серік еткен шығармашыл адамдардың барлығы түсінген болатын-ды. Сондықтан да 1970 жылы батырдың жетпіс жылдық мерейтойы қарсаңында ол жайлы тың деректерге негізделген материалды арқау еткен мақала жазу майдангер жазушы Әзілханға жүктеледі. Кім білген, бұл шешім майдангер майдангерді түсінеді деген ойдан туындаса керек. Қалай болғанда да екі алыптың арасындағы алғашқы таныстық оңайға соқпағаны сөзсіз. «А.Бектің кітабын, Б.Момышұлының өз кітаптарын бірінен соң бірін қайтадан оқып шықтым. Әртүрлі адамдармен сөйлесіп, жора- жолдастармен ақылдастым», – дейді жазушы кейін «Ақиқат пен аңыз» қалай туды?» атты мақаласында. Иә, қаламгер кез келген туындыны қолға алмас бұрын оның келешегіне жауап беретінін естен шығармайды. Ол жауапкершілік оқырман алдындағы жауапкершілікпен ұштасып жатады. Демек, Әзілхан да болашақ кейіпкерімен жүздеспес бұрын санасын сан тарапқа жетелеген ойды ауыздықтап, бірнеше парақ сұрақтарын тізбектеп, іштей дайындықты күшейтеді. Батырдағы қаламгердің мақтанышында шек болмайды. Арыстан мінезді ағасын иліктірудің өзі мол олжа ғой. Болмайтын жерде қылт етіп, шалысқан жерін бетіне басып, өз тілімен айтқанда, «Кругом! Шагом марш!» деп үйден қуып шықса не болмақ. Жоқ, алғашқы кездесу ауыр басталып, сәтті аяқталды. «Ал, бір Баукеңнің өзімен сөйлесу маған бір жерде отырған бірнеше адаммен сөйлескенмен пара-пар болды. Мен мемлекет қайраткерінің, философтың, атақты қолбасшының, ақпа ақынның, психолог жазушының, жалынды жас жігіттің, жасамыс азаматтың, қатал әкенің, қамқор ағаның ортасында отырған іспеттімін», – деп ағынан жарылыпты Әз-аға. Тегінде болашақ кейіпкер мен автор арасында қандай да бір көзге көрінбейтін тартыс болатыны анық. Автор қалайда кейіпкерін өзіне иліктіріп, айтқанына көндіруге ұмтылса, ал кейіпкер автордың ырқына көнбей, ұрымтал тұста авторды өзінің ыңғайына жығуға талпынады. Мұндай тартыста кім күшті, соның ұпайы түгел болмақ. Б.Момышұлы мен Ә.Нұршайықовтың арасында да осындай тартыс болғаны сөзсіз. Дегенмен, қаламгер өзінің кішіпейіл кісілігімен асау мінезді кейіпкерін өзінің ыңғайына қарай жығып, қажетті мәліметтердің барлығын алып отырады. Соның нәтижесінде алғашқы кездесудің өзінде-ақ табандай он екі сағат тапжылмастан отырып, отыз парақ мәлімет жазып алады. «Бұған дейін мен талай адамдармен сөйлесе жүріп, мұндай ұзақ интервью алып, қатты қалжыраған кісі емес едім», – дейді ол. Расында, бастапқыда межеленген бес-алты беттік мерейтойлық мақала үшін отыз парақ конспекті көптік қылады. Ал көлемді туынды үшін аздық етеді. Бірақ мұның бәрі қаламгер санасында қолмен қойғандай анық тұрғанымен, дәл сол арада ол үшін ең басты жетістік батыр ағасымен тіл табысып, бір дастарқан басында дәм татып, кең отырып әңгімелесуі еді. «Баукеңнің мінезі олай еді, бұлай еді деп айта береміз-ау. Бірақ мен өмірімде дәл Баукеңдей кең пейіл, ашық, дархан, мінезге бай адамды көрмедім», – деп еді қаламгер Б.Момышұлының 100 жылдық мерейтойына келген сапарында. Бұл қаламгердің шығармашылық жолындағы ұлы жеңісі болатын. «Ақиқат пен аңыз» қос алыптың арасында орнаған диалог, болмаса көркем туындыға қажетті ой бөлісу емес. Бұл туынды болмысы батыр, сөзі ділмәр, мінезі қатал, әлемге әйгілі Б.Момышұлының былайғы жұртқа таңсық тұстарын жан-жақты көркем баяндап берген аса күрделі шығарма болып шықты. Батыр мен қаламгер арасында өрбіген шығармашылық байланыс бір сыдырғы, сәтті орнады деп айта алмаймыз. Әңгіме барысында қаламгердің аңдамастан қойған қосымша сұрақтары батыр кейіпкердің шамына тиіп, қабақ шытыстың да болғанын автордың өзі мойындайды. Мәселен, алғашқы кездескенде Б.Момышұлы өзінің майданда алған жарақаттары жөнінде әңгімелеген тұста жазушы ойламастан жарақаттың қай жерде екендігін сұрап қалады. Б.Момышұлы көйлегін түріп жіберіп: «Қара», – деп зекіп жібереді. Бұл оның жақтырмағанының белгісі болатын-ды. Аңдаусызда от басып алған қаламгер: «Мен қызарып кеттім. Сол жарасы бар болғырдың қай жерінде екенінде не шаруам бар еді деп, аузымнан сол сұрақтың қалай шығып кеткеніне өкіндім. Енді оған ойланбай сұрақ қоймаспын дедім ішімнен», – дейді. Туындының өн бойында кейіпкер мен автордың арасындағы болмашы нәрседен тұтанып барып өшіп жатқан қақтығыстар кездесіп отырады. Ә.Нұршайықовтың батыр ағасына деген қадір- құрметі 1943 жылдың өзінде-ақ пайда болған. Себебі, дәл осы жылы әскери «Знамя» журналына А.Бектің «Панфиловшылар алғы шепте» атты повесі там-тұмдап шыға бастайды да, осы журналды оқу барысында Ә.Нұршайықов жерлес жауынгерлердің ерлік істерімен танысады. Тіпті, батыр ағасы жайлы жазылған повестің қызығына түсіп кетіп, зеңбіректегі аккумулятордың жарығын тауысып, командир тарапынан жазаланады да. Бірақ батальон командирінің ерлік істері баяндалатын «Фамилиясы жоқ адам» тарауындағы Б.Момышұлының бітім-болмысы майданда жүрген мыңдаған сарбаздарға үлгі болады. Ал, бейбітшілік орнаған соң ұзақ жылдар екі майдангердің арасында айтарлықтай шығармашылық байланыс болмайды. Ол жөнінде автор: – «1961 жылдан бері Баукеңмен бір қалада тұрамын. Жиналыстарда жүздесіп, кеңселерде кездесіп қалатын күндеріміз де болатын. Кейде бір-екі ауыз сөз болса да тіл қатысасың», – дейді. Табандай тоғыз жыл, яғни 1970 жылға дейін екеуінің арасында қандай да бір тығыз қарым- қатынастың болмауы таңғаларлық жай. Өйткені, артта қалған сонау майдан даласында жүріп, іштей ынтық болған батырмен бір қалада тұрып, тығыз араласпауы мүмкін емес қой. Мұның себебін енді біле алмаспыз. Көзі тірісінде автордан сұрап та алмаппыз. Бірақ «Ақиқат пен аңыз» атты романда: «Дегенмен, жүрегім сол жолы май ішкендей шайлыққан мен осыдан кейін Момышұлына жоламайтын да жуымайтын да едім. Аман-сау, абыройлы болуына сырттан тілектес көптің бірі болып жүре беретінмін», – дейтін жолдар кездеседі. Иә, батыр ағасымен алғаш телефон арқылы тілдескенде тауы шағылып, айтқанын өткізе алмаған майдангер журналистің іші алай-түлей болып, осындай келісімге келген сәті, бұл. Осының өзі-ақ көңілдегі сауалға сәуле түсіргендей болады. Бұдан соңғы автор мен кейіпкер арасындағы көңіл толқытарлық байланыс өмірдің негізгі мәніне айналғандай әсер қалдырады. Тағдырдың өзі екі асыл азаматты соғыс майданында жолықтырмағанымен, әдебиеттің майданында жолықтырды. Әдебиет атты алып кеңістікте екі тұлға қатар тұрып мәңгілік өмірдің табалдырығын аттады. Романның эпилогында: «Бұрын Бауыржанды сырттай сыйлағаным болмаса, ол туралы ешқандай іштей күйзелісім болмаушы еді. Бұл кітап басылып шыққаннан кейін бір бүйрегіме Баукең кіріп алды. Ол ауырып-сырқап қалмаса екен, деп ойлайтын болдым», – деп сыр ақтарады Әз-аға. Өткен жылы Б.Момышұлы жүз он екіге, Ә.Нұршайықов жүзге толды. Арасы бір мүшел. Бірақ екеуін жақындастыратын бір нәрсе бар. Ол аға мен іні арасында ғана кездесетін есепсіз бауырмалдық. Алып қырандар көз жетпес биікте ғана табысады емес пе. Сол тәрізді екі тұлға да әдебиет атты руханияттың биігінде жүздесіп, бұл фәниден мәңгілік сапарға аттанғанша иық тіресіп бірге жүріпті. Ұлылардың үндестігі деген осы болар.