Сұхбат

«Жастарға тек дұрыс бағыт беру керек»

«Жастарға тек дұрыс бағыт беру керек»

Батырбек ҚҰЛЕКЕЕВ,

 «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері: «Жастарға тек дұрыс бағыт беру керек». – Батырбек Әбдірәсілұлы, өскен жерден жырақтамай, туған өңіріне ту тіккен азаматтардың бірісіз. Туған өлкенің тасы да ыстық, тауы да ыстық. Балалық шағыңыздан қандай естелік бар? – Өңіріміздің Талас ауданындағы Бостандық ауылында дүниеге келдім. Анам бастауыш мектептің мұғалімі болды. Еңбекке жарамдыларды қосымша қызылшаның арам шөбін жұлу жұмысына жұмылдыратын маусым. 1953 жылы 19 мамырда анашым қызылшадағы жұмысынан түскі үзілісте есекпен қайтып, үйге келген кезде мені босанады. Ауылда Жүсіп деген бригадир бар екен, түстен кейін сол келіп «Қанзила, шық, шық!» деп айқайлап тұр дейді. Сонда біздің ұлы әжеміз Айбөбеш сыртқа шығып: «Әй, Жүсіп, келінім туып қалды, сен бір үш күн уақыт бер оған» деп сұрайтын көрінеді. Сонымен, шешеме үш күн уақыт беріпті. Үш күннен соң, белін байлап, қайтадан қызылшаға шығып кеткен екен. Біз сондай кезде дүниеге келген азаматтармыз. Ауылда өстік. Мен мұғалімнің баласымын. Әкем Құлекеев Әбдірәсіл сонау соғыстан кейінгі жылдары қазіргі Талас ауданындағы Үшарал ауылының екінші, үшінші фермасында жаңа бастауыш мектеп ашып, екі-үш жылдан кейін Түгіскен ауылының Досбол бөлімшесіне жаңа мектеп ашу үшін жіберіліпті. Ол кезде дайын ғимарат жоқ, ат қорада палаткаларда оқытатын. Әлі есімде, біздің екі бөлмелі үйімізде күндіз сабақ оқып, кешке парталарды бірінің үстіне бірін қойып үй ішіне жинап қоятын. Оқитындар саны сонда шамамен, алты-сегіз баладан аспайтын. Ол кезде балалар мұғалімнен қатты қорқатын және сыйлайтын, ал мұғалімнің баласы болу аса құрмет болатын. Өзімнен үлкен балалар мені мұғалімнің баласы деп, ойын асықтарын маған бере-беретін. Досбол ауылында электр жарығы болмады, жарық сол өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында ғана келе бастады. Анамыз Қанзила тазалықты өте жақсы көретін кісі еді. Біздің үстіміздегі киімдеріміз ескі болса да, шоқ салып қыздыратын үтікпен үтіктеп киіндіретін еді. «Досбол» деген киелі, қасиетті ауыл болатын. Ауыл адамдарының тұрмысы жақсы еді, әр үйден 50-100 бастан қой, ешкі шығатын. Жері шұрайлы, Талас өзенінің суы далаға жайылып, ауыл адамдары кез келген жерге қауын-қарбызын егіп, шөбін орып, қыстың азығын жинап алатын. Талас өзенінің сазан балықтарын айтсаңызшы. Қармақпен-ақ бір аулағанда жиырма-отыз балықты ұстаушы едік. 1968 жылы әкем жұмыс бабымен Бостандық ауылының Талапты бөлімшесіне ауысты да, біз мектепті Бостандықта бітірдік. Мектепте кеңестік идеология үрдісімен оқушылардың «Тимуршылар командасы» атты қайырымдылық тобы жұмыс істеді. Әлі есімде, сол бағытпен каникул кезінде бригада құрып, ауылдағы күйеулері соғыстан қайтпай қалған жалғызілікті әйел кісілердің шаруасына көмектесетінбіз, есік алдындағы 30-50 сотық жоңышқасын орып беретінбіз. Ауыл балалары емеспіз бе, шөп ору, қой қырқу, мал сою ісіне икемді болдық. Кішкентай кезімізден мал бағып, шөп орып, қой қырқып, кез келген еңбекке бала жасымыздан, 4-5-сынып оқитын шағымыздан-ақ машықтандық. Біздің ауылдың балалары – бәріміз шалғы тартып, шөп орудан немесе қой қырқудан түгел чемпион едік. – Сіздердің кезіңіздегі отандық борышты өтеу Кеңес әскерінің құрамында өтті. Екі жыл әскери барлаушы, десант болдыңыз. Бүгінгі қазақстандық сарбаздарға, болашақ Отан қорғаушы бозбалаларға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз? – 1970 жылы мектеп бітіргеннен кейін, ол кезде қазіргідей жаппай оқуға түсу қиын, мен де оқуға түсе алмаған соң, ауылға келіп, құрылыс бөліміне жұмысқа кірдім, кәдімгі қалыппен кірпіш құйдық. Келесі 1971 жылы Советтер Армиясына шақырылып, 2-ші армия қатарында әскери борышымды өтедім. Ол кезде түгел армияға алатын. Бару міндетті болатын. Әлі күнгідей көз алдымда, қоңыр күздің 11 қарашасында, қазіргі Тараз, бұрынғы Жамбыл қаласының стансасынан бірталай қазақ бозбалаларын пойызға отырғызды. Қайда бара жатқанымызды білмейміз. Біреулер Хабаровскіге алып бара жатыр дейді, біреулер Иркутскіге дейді. Не керек, Забайкалье әскери округіндегі Чита қаласына келдік. Барғаннан кейін іріктеу деген басталды. Менің жанымда Үрмет Әмірхалық деген досым бар-тын. Бойы шағындау ол ішке кіріп шықты да, «наводчик» болатын болдым деді. «Наводчик деген не?» десем, «танкіден атады екен» дейді. Танкіні көрмегенбіз, мен де қызығып, өз кезегім келгенде, ішке кіріп, комиссияға шала орысшаммен баяндап, өзімді таныстырдым. Жастар арасындағы бокстан І разрядым бар-тұғын. Олар мені «войсковая разведкаға» жіберетін боп шешті. Мен оны аса түсінбеймін, «Нет, я хочу быть наводчиком» деймін. Сөйтсем, комиссия мүшелері «Сен мына бойыңмен танкіге сыймайсың» деп күлді. «Ты радуйся, мы тебя направляем на элитную войску» деді сосын. Басым салбырап сыртқа шыққан менен Үрмет «Не болды?» деп сұрайды. Сөйтіп жерлес досыммен екеуміз екіге бөліндік. Барлаушылардың алты айлық курсынан өттім. Барлаудың оқуын оқып, курсант атандым. Алты айдан кейін Моңғолияға жіберді. Одан кейін Ауғанстанда болдым. Кейінірек Латвияның Рига атты қаласында, сосын Бурятияның Улан-Удесінде жүріп, екі жыл бұрын қызметімді бастаған Моңғолияның Сайшян деген қаласына қайтып оралдым. Екі жылдық әскерлік қызмет тәмамдалып, біздерді елге қайтарар тұста 25 жылға дейін ешкімге ешқандай деп тіс жармауы тиістігімізді қатаң тапсырып, қол қойдырып алды. Одан бері, міне, елу жыл, жарты ғасыр өтіпті, енді айта беруіме болады деп, соңғы кездерде ғана жария қып жүрмін. Осы күнге дейін Ауғанстанда болғанымды ешкімге айтқан емеспін. Шынымен де екі жыл бойы біздің жұмысымыздың бәрі ұрыс-төбелестен тұратын мемлекеттік құпиялармен байланысты болды. Жиырма тоғыз рет парашюттан секірдім. Бірақ мұның бәрін сөз қылмайтынбыз. «Иә, армияда разведчик болдым» дейтінмін де қоятынмын. Қазіргі жастардың көбінің әскерге баруға ынтасы жоқ, қашады, бұл дұрыс емес. Әр азамат Отан алдындағы борышын өтеуі керек, ол міндет, ол абыройлы міндет деп санаймын. Жастарды есейтетін, жеке өмір сүруге үйрететін мектеп – әскер. – Алматыдағы Қазақ политехникалық институтының түлегісіз. Жас маман, тау- кен инженері ретінде Қаратау, Жаңатас рудниктерінде, қазіргі Тараз қаласындағы ұсақтау-іріктеу зауытында еңбек еттіңіз. Жерасты қазба байлықтарымен байланысты өндіріс кәсіпорындарындағы жұмыстың оңай болмайтыны белгілі. Соған қарамастан, қарапайым жұмысшыдан бастап, «Жамбылгипс» комбинатының, одан кейін Құрылыс бөлшектері мен конструкциясы комбинатының директоры лауазымына дейін көтерілдіңіз. Мұны өз мамандығын адаспай тауып, сүйікті ісіне адалдық танытқан жігерлі жастың өмір баспалдағымен жоғары тынымсыз өсу, өрлеу жолы деуге болатын шығар? – Қазақ политехникалық институтының Қаратау қаласында филиалы болды. Алғашқы төрт жылын Қаратау қаласында, екі жылын Алматыда оқыдық, институт тек кешкі мезгілде оқытатын, бірақ оқу сапасы жоғары, лабораториялық корпустар өте бай болатын, күндіз шахтада жұмыс істеп жүріп, кешке осы білім ордасынан дәріс алу – сол мамандықты өте жақсы игеруге көп көмегін тигізді. Қаратау – жастардың қаласы, алғашында құрылыста, сосын Рудныйдың «Молодёжный» шахтасында жұмыс істедім. «Ударная комсомольская стройка» дейтін, Кеңестер Одағы бойынша қарқынды құрылыс жасайтын үрдіс болатын, бүкіл он бес одақтас және бірнеше автономиялы республиканы қамтыған, көбінесе сотталғандарды әкелетін, жай адам өз еркімен келе бермейтін қиын жұмыс еді. Қаратау мен Жаңатас осылай салынды. Мен алғашында көбінесе сондай жұмысшылармен бірге жатақханада тұрдым. Бір бөлмеде жеті бала тұрамыз. Оның төртеуі сотталған. Содан өзім байқадым, әскер көргенмін, мына жерден тыныш шықпасымды бағамдадым. Құрылыста тас қалаушы болып істеп, әрең деп жарты жыл шыдадым. Жөні түзу жатақханаға тұруым үшін сондағы жерасты «Молодежный» руднигіне ауыстым. Оқып жүрген оқуым құрылыс факультеті еді. Одан тау-кен факультетіне ауыстым. Содан, не керек, алты ай шахтаның геологиялық бөлімінде істеп, сосын бұрғылаушы, тас жарушы боп нағыз қара жұмыста он жыл бойы шыңдалдым. Ең жоғарғы 6-шы разрядты шебер жұмысшы атандым. Барлық шахтадағы жұмысшы мамандығы бойынша 6-шы разрядты бұрғылаушы, 6-шы санатты тас жарушы ретінде алдыңғы қатарлы шахтер болдым. Айлығымыз да өте жақсы болатын. «Молодёжный» деп аталатын Қаратау қаласындағы жерасты руднигінде темірдей қатаң тәртіп болды. Жұмысшылардың дені орыстар, немістер, орыстілді өзге ұлт өкілдері. Менің бригадирім Гоф Гуго Вильгельмович деген неміс кісі еді. Шахтада жұмыс уақыты 6 сағат. Түскі ас деген жоқ, жұмысшылар өздері нанын, колбаса, айран, тағы да басқа тамақтарын үйден әкеледі. Мен жатақханада тұрған соң, өзіммен тамақ апармаймын, олар тамаққа отырғанда, мен сылтауратып шахтаның басқа забойына кетіп қаламын, соны байқаған бригадир Гоф Гуго Вильгельмович маған да ас-ауқат әкелетін. Бүгінде сол орыстар, немістер, гректер өздерінің туған отанына көшіп кетті. Кейін болған бір қызық жағдайды айтып берейін. Зайыбым Гүлжан екеуміз Карлова-Вары, Чехияға демалысқа бардық. Бір күні экскурсияға Германияның Баден-Баден деген қаласына бардық, бір дүкенге кіріп Гүлжан екеуміз қазақша сөйлесіп тұр едік, сатушы қыз «Сіздер Қазақстаннансыздар ма?», деп сұрады, «Иә», дедік. «Біз де Қазақстаннан көшіп келдік, бір кішкентай Қаратау деген қалада тұрғанбыз», деді қыз. Әкесі шахтер екен, әкесін сұрадым. «Саша Браун», деді. Таныс есім, елең ете қалдым, мен онымен бірге істегенмін, әлгі қыз әкесіне телефон шалып, тұтқаны маған берді. Саша екеуміз қуанып әңгімелестік, маған «Үйге кел, ертең Карлова-Варыға өзім апарамын» деп жатыр, мен қалуға болмайды деп, кешірім сұрадым... Шахтада жүріп, арасында институт бітірдім. Бірақ, Қаратауда мен секілді мамандар көп болғандықтан, квалификациям бойынша оңайлықпен ешкім жұмыс бере қоймады. Дипломды сандыққа салып тастап, жұмысшылығымды атқара бердім. Жиырма алты жасымда отау құрдым. Кәсібилігіммен көзге түсіп, жас маман – стахановшы ретінде алдыңғы қатарлы жұмысшы атанғандықтан, өкімет маған пәтер берді. Сексен километр жердегі Жаңатас қаласындағы тау қопару участогіне апарып-әкелетін арнайы көлікпен барып-келіп жұмыс істедім. Шашың өсіп кетсе жерастына түсірмей қоятын қаратаулық шахтаның қатаң тәртібіне қарағанда мұндағы карьер жұмысы маған ауыр соққан жоқ. Үш айдан кейін мені бір сменаға бастық етіп қойды. Өз ауысымымда бірден тәртіп орнаттым. Сонымнан құлақтанған болуы керек, жоғары жақ мені алты айдан кейін жару участігінің басшылығына жоғарылатты. Жаңатас кен байыту комбинатының карьерінде бірнеше жыл жұмыс істеп, А.Шейн, А.Недогон, М.Күзембаев сынды іскер басшыларым келесі кезектегі басшылық кадрда резервте тұрған мені жібергісі келмесе де, отбасы жағдайымен қазіргі Тараз қаласына 1985 жылы қоныс аудардым. Шөлдаладағы Тас ұнтақтау зауытына тас ұнтақтау инженері деген өз мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Жылына 600 мың куб құмтас шығарады екен. Сол кезде дүрілдеп тұрған «Үй құрылысы комбинаты», «Силикат комбинаты» деген үлкен өнеркәсіп орындары сол ұнтақ тасты пайдаланады. Күн демей, түн демей үзіліссіз дерлік жұмыс атқардық. Бір жыл дегенде Жамбыл тас ұнтақтау зауыты рекорд жасады. Әлгі ұнтақталған тастан бір миллион куб шығардық. Директорым Цой Михаил Алексеевич мені алақанына салғандай көтеріп, риза болды. Артынша жаңадан зауыт ретінде соғылып, іске қосылып жатқан Тараздың Гипс комбинатына бас инженерлікке тағайындалдым. Сағынбек Байназаров деген өте мықты директорым болды. Қазақтан шыққан нағыз техникалық инженер болатын. Сол кісінің қарамағында жүріп, көп жақсы тәрбие алдым. Бірлесе жұмыс атқарып, осы «Жамбылгипс» зауытында да Одақ бойынша рекорд жасадық. Бүкіл Латвия, Литва, Эстония, Армения, Грузия алдында ең сапалы өнім шығарудың үлгісін көрсеттік. Сөйтіп жүргенде маған Ақтөбе қаласындағы зауытқа басшылық жасауға ұсыныс түсті. Бірақ мен ол жаққа барудан бас тарттым. Қаз.АгроПромның М.А.Нилов деген министрі «Ең болмаса барып көмектес» деген соң, қыстыкүні болатын, Тараздан 25 адам алып бардым. Ақтөбедегі дәл біздікіндей жап-жаңа зауыт екен, бірақ тоқтап тұр. Басшысы да Михаил деген дұрыс кісі екен, «Мен сенің орныңа келген жоқпын, саған көмектесуге келдім» дедім. Өзімнің алып барған әлгі слесарь, механиктеріммен бірге жұмыла жүкті көтерісіп, алты айда сол зауытта рекорд беріп кеттік. Сосын «Еңбек Қызыл Ту» орденіне марапатқа ұсынылдым. Кейін осы «Жамбылгипс» комбинатына директор болдым. Комбинатымыз кеңейтіліп Жамбыл құрылыс бөлшектерін жасау комбинатымен біріктірілді. Бұл өте қиын кез-тұғын. Өткен дәуірдің 85-90 жылдары еді. Біздің өндірген тауарларымыз бүкіл одаққа тараушы еді ғой. Кеңестер Одағы тарағаннан кейін, 1995-1996 жылдары тіпті тығырыққа тірелдік. Бірде, 1998 жыл болатын, облыс әкімі Сарыбай Қалмырзаев шақырды. Ол кісі бұрын Қазақстанның статистикасын басқарған адам. «Батырбек, Жамбылда бәрі тоқтап тұр ғой, ешкім жұмыс істемейді, тауық қора да соқпайды, өндіріс жоқ, үлкен химия өндіру ісі дағдарыста, ал сен қалай қарамағыңдағы төрт жарым мың адамыңды жалақымен қамтып отырсың, салығың да төленуде?» деп таңдана сауал тастады. «Менің де қатырып отырғаным шамалы», – деймін мен Сарыбай Сұлтанұлына. Химияның қалдығын төрт вагон қып Қырғызстанның Кант қаласындағы цемент зауытына артамыз, оның Бессмертин деген басшысы бізге төрт вагон цемент береді. Сол цементті аламыз да елге береміз. Цементтің орнына ұн, картоп, сыр (краска), темір, кілем секілді тұрмысқа керекті заттар мен азық-түліктер аламыз, не керек, алмайтынымыз жоқ, бәріне айырбастаймыз да, жұмысшыларымызға қажетінше береміз. – Өңіріміздегі үш бірдей ауданды басқардыңыз. Кезінде «Тауарлы несие» жобасын енгізіп, Талас ауданының шаруаларына қолайлы жағдай туғызған Батырбек Құлекеевтің тәжірибесі бүкіл республикаға белгілі болды. «Амангелді газ кеніші» де сіздің тұсыңызда бой көтерді. Байзақ пен Жуалы аудандарында да кейінгілер айта жүрерлік сіздің қолтаңбаңыз бар емес пе?! – 1999 жылдың 9 наурызында Талас ауданына әкім боп тағайындалдым. Өмір бойы қалыптасқан дағдым, таңғы сағат жетіде жұмыста болам. Түнгі сағат 24:00-де қайтамын. Тоғыз жыл әкім болғанымда аудан әлеуетін көтеру үшін әуелі халықтың тұрмысын түзеу керектігін үнемі жадымда ұстадым. Ауданға келсем, малдың бәрі сатылып жатыр. «Көктал» және «Талас» деген екі ірі акционерлік қоғам бар. Көктемде алты айлық қозыны сатып, салықтан құтылып отырады екен. Қозыларының бағасы қазіргі бағамен шамамен, 1000-2000 теңгедей болады. Мен екі акционерлік қоғамның басшылары Керімбай Оязбековпен және Жүніс Ахметовпен келісіп, әр қозыны 5000 теңгеден сатып алдым. Ауыл тұрғындарының әрқайсысына елу қозыдан үлестіруді қолға алдым. Үш жылда олар өсіріп, көбейткен малының белгілі бір пайызын мемлекетке қайтаруы тиіс. Сол жылдан бастап, жылына шамамен 5000-6000 қозыны алам деген елге таратып беріп отырдық. Әр отбасына елу қозыдан тиді. Неге елу қозы? Өйткені, халықтың әл-ауқатын көтеріп, байыту үшін одан кемі кем болады. Жылына жүзден астам отбасы осы елу қозымен қамтамасыз етіліп отырды. Сөйтіп, аудан малының басын кеңестік кезеңдегі деңгейге пара-пар ету мүмкін болып еді. Амангелді газы туралы бұрын естіп жүретінмін. Талас ауданына жұмысқа келген кезде, газ тапшы, өзбектердің газы біздің жаққа жетпей жатқан кез. Көрші аймақтың Сайрам деген ауданындағы Оңтүстік геология экспедициясын іздеп барып, Амангелдінің барлық газы туралы тиісті құжаттарының көшірмесін алып, сол кездегі облыс әкімі Серік Әбікенұлы Үмбетовке келдім. Ол кісі бірден қолдады да, Президентке, Премьерге хат жаздық, әрине, үлкен еңбектің арқасында Амангелді газы қазір халық игілігіне берілді. Ол кезде Премьер-Министр Қасым-Жомарт Тоқаев болатын, Экономика министрі Жақсыбек Құлекеев еді. Аудан әкімі болған соң, әлбетте елге жұмыс істеу керек. «Амангелді газ орнын» қолға алу, тауарлы несие беру секілді жобалар халықтың тұрмысының жақсаруына едәуір ықпал еткені рас. Қаратау қаласындағы бірнеше жылдан бері «сақалды құрылысқа» айналып, жұмысы тоқтап қалған зәулім орталық мешітті бітіріп, халық игілігіне беру де оңайға соққан жоқ. Аудан орталығындағы Ленин атындағы мәдениет үйіне қайым айтыс өлеңінің шебері Ұлбике ақынның атын беру, алдына Ұлбикенің ескерткішін қою, Сапақ датқаға кесене тұрғызу, Байзақ ауданындағы ескі клубтың орнына жаңа мешіт соғу, батыр Ағаділ Сухамбаевқа саябақ ашып, жасыл желекпен көмкеріп, тал-дарақтар отырғызу, ескерткіш қою, Жуалыдағы Батырбек датқаға кесене орнату, күрежол бойына үлкен ескерткіш қою, халықтың тағы да басқа көптен армандап жүрген сұранысын бұлжытпай орындауға тырыстық. – Бүгінде адамға кітап оқуға, газет-журнал ақтаруға не кедергі деп ойлайсыз? Смартфонға байланған жас ұрпақтың тәрбиесін біреулер отбасында кеткен қателік деп санаса, енді біреулер мектеп пен мұғалімдерді кінәлайды. Ұл да, қыз да өсірген асқар тау әке, бүгінде бірнеше немере сүйіп отырған ата ретінде бұған өзіңіз не дер едіңіз? – Адамға мінез ана сүтімен беріледі. Қазақта тектілік деген ұғым бар. Тектілік атадан балаға қанмен тарайды, өмірден алған жақсы тәрбие қосылғанда айналасына нұр шашып тұратын адамдар шығады. Ондай текті адамдар ел бірлігіне, ағайынның ауызбіршілігіне үлкен үлес қосады. Қазақта, «Жақсыдан жақсы туар саңқылдаған, қарғадан қарға туар қарқылдаған» деген сөз бар. Отбасы тәрбиесінде барлық ата-ана осыны өздеріне өмірлік ұстаным етіп алса, қателеспес еді деп ойлаймын. Біз ауыл кітапханасындағы бүкіл кітап қорын тауысып оқыған ұрпақпыз. Қазіргілер де есейе келе, уақыт өте келе кітапқұмарлықтың қадірін білетін болады. Газет-журналдарды, бұқаралық- қоғамдық түрлі ақпараттарды электрондық сайттардан, әлеуметтік желілерден оқып, ютубтан көріп-есту бір бөлек те, баспаның исі шыққан қағазын ұстап отырып оқу бір бөлек. Десек те, смартфон өмірімізге кірген үлкен жаңалық. Одан, ұялы телефоннан қашып құтыла алмаймыз, оның да пайдасы орасан зор. Мына дамыған заманда, аман болсақ әлі талай керемет жаңалықтар келеді. Жастар сауатты, білімді, оның ішінде, қазақ текті халық. Жастарға тек дұрыс бағыт беру керек. Технология озық дамыған заманда біз дамыған елдерден қалмауымыз керек, жастар жақсы білім, жақсы тәрбие алса, еліміздің келешегі де, болашағы да солардың қолында сенімдірек болмақ. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Үміт БИТЕНОВА.