Жаңалықтар

Ауылдың айтқыштары

Ауылдың айтқыштары

«Ет үшке бөлінетін болды»

Ферма меңгерушісі жүрісі сұйықтау екі жігіттің совхоз жылқысын ұрлап әкеліп, сойып жатқаны үстінен түсіпті. «Қасап» жігіттің бірі оны көріп қалып, «Ойбай, құрыдық!» деп тұра қашса керек. Сол кезде ферма бастығы біреу-міреу естіп қоймасын дегендей, сыбырлап қана сөйлеп: – Өй, қорықпай-ақ қой. Қорқатын ештеңесі жоқ. Тек... ет енді үшке бөлінетін болды, соя беріңдер, – деп «жұбатыпты» оны.

«Бригадир де, есек те жазда ғана керек»

Ауыл-аймаққа шаншудай сөзімен аты шығып жүретін Қайнаудың бөлімше трактор-егіс бригадиріне көптен есесі кетіп жүреді екен. Жазғы шөп орағы тұсында, шынында да, олардың «кісі танымай» кететіні рас қой! Шөп оруды айтасың, өзіңді шабындықтың маңайына да жолатпайды. Қыстыңкүні Қайнаудың шөпқорасына көршісінің есегі қайта-қайта түсіп, жоңышқасын үңгіп жеп, әбден зықысын шығарады. Бірде «еңбегі адал, еті арам» жануарды қорасынан шықпырта қуып айдап шығып келе жатқанында, бригадир қарсы кездесіп, ләм-мим деместен жанынан өте береді. Сонда әбден ызасы келген Қайнау оған естірте: – Осы, бригадир мен есек жазда ғана керек-ау! Қыста зиянынан басқа түгі де жоқ, – деп салыпты.

«Проблема»

Бір мекемеде басшы болып қызмет ететін отағасы кешкісін үйіне шаршаулы кейіпте оралады. Ауық-ауық күрсіне береді. Сонда әйелі алдынан шығып: – Саған не болды? – деп сұрайтын көрінеді. – Ештеңе. – Сенің қайғың – менің қайғым, айтсаңшы! – Шын ба? Менің бір үлкен «проблемам» шығып қалды... – «Менің» емес, «біздің» де! Біз бір отбасымыз, қандай жағдайда да «біз» деп сөйлесеңші! – Онда тыңда! Біздің хатшымыз бізден бала көтеріп қойыпты! Енді біздің оған үйленуіміз керек!

Жұбату

Ағайынды жігіттердің кішісі күнде ертемен тұрып, үйдегі сиырын келіншегін әурелемей өзі-ақ қақтап сауып алады екен. Қайнысын мақтап, әйелі құлағының етін күнде жеп қоймаған соң үлкен ұл да қарына шелегін іліп, сауынға шығады ғой. – Мына келіндердің балаларыма сиыр сауғызып қай басынғаны, ә! – деп мұны намыс көріп шаптыққан кемпірін Қибат қария: – Неғыласың соны? Сауса сауа берсін! Қайта үйге сүт көп келеді, балаларыңның қолдарының қаруы бар ғой! – деп жұбататын көрінеді.

«Айлықтың» есебі

Ауылда тұрса да, ісмерлігінің арқасында жақсы табыс табатын Дәркембайдан құрдастары «Айлығыңды» не істейсің?» деп сұраса: – Не істеуші едім, бір бөлігін «суға ағызамын» (ішіп-жейміз дегенді астарлап жеткізгені ғой), екінші бөлігімен қарызымды жабамын, үшінші бөлігін қарызға беремін, – деп жауап берген екен.

Ел аузынан жиып-терген Баймаханбет АХМЕТ.