Жаңалықтар

Жалақы өсіру – жауапты іс

Жалақы өсіру – жауапты іс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еңбекақыны нарықтағы жағдайға сай өсіруді халықтың әл-ауқатын арттырудың басты факторы деп атап өтті. Жолдауға сәйкес, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 70 000 теңгені құрады.

Жолдау жүктеген міндеттердің облысымызда орындалу барысына тоқталсақ, биыл 1 қаңтардан бастап «Қазфосфат» ЖШС филиалдарының барлық қызметкерлерінің жалақысына 50 мың теңгеден қосылды. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап 30 мың теңгеге көтеру жоспарлануда. Сонымен қатар, 2024 жылдан бастап шынайы инфляция құнын ескере отырып, жалақыға қосымша жыл сайын қосылып отыратын болады. «ЕвроХим» ЖШС биыл 1 қаңтардан бастап қызметкерлердің тарифтік төлемақысын кезекті 12,2 пайызға арттырды және тоқсандық сыйлықақыны 25 пайыздан 40 пайызға дейін ұлғайту жоспарлануда. Бұл жұмысшылар үшін айлық еңбекақыны 17,2 пайызға ұлғайту болып табылады (бұл ақшалай мәнде негізгі мамандықтар бойынша орта есеппен 40 мыңнан 50 мың теңгеге дейін). «Таразэнергоорталық» АҚ-да осы жылдың 1 қаңтарынан бастап жылу энергиясы бойынша көрсетілетін қызметтің тарифі 17 пайызға өсіп, жұмысшылардың жалақысы 10 пайызға көтерілді. «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС, «1000-Арал» ЖШС және «Мыңарал компания» ЖШС биыл 1 қаңтардан бастап жұмыскерлердің айлық жалақысын 20 пайызға, «Тараз қант зауыты» ЖШС 10 пайызға көтерді және тағы да басқа кәсіпорындарда жалақы көтеру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, еліміздің еңбек заңнамасында әрбір жұмыскерге еңбегi үшiн қандай да болмасын кемсiтусiз бiрдей ақы төленуге кепілдік берілген. Қызметкерге Қазақстан Республикасының нормативтiк- құқықтық актiлерiнде, еңбек шартында, ұжымдық шартта, жұмыс берушiнiң актiлерiнде көзделген жалақы мен өзге де төлемдердi уақтылы және толық мөлшерде төлеу жұмыс берушіге міндеттелген. Жалпы еңбекке ақы төлеу мөлшерi мен өзге де шарттары міндетті түрде жұмыскер мен жұмыс беруші арасында жасалған еңбек шартының мазмұнында көрсетілуі тиіс. Сондықтан, әрбір адам жұмысқа орналасу барысында жұмыс берушімен еңбек шартын жасасуда оның мазмұнына өзінің еңбегіне төленетін жалақы мөлшерінің нақты көрсетілуін талап етуі қажет. Жалақы мөлшерінің еңбек шартында көрсетілуінің өзі, әсіресе жұмыс беруші тарапынан келісілген жалақы төлемі дұрыс немесе уақтылы төленбей жатқан кезде, арада туындаған дауды шешу үшін тиісті органдарға шағымдану барысында дәлелді құжат ретінде пайдаланылады. Жалақы төлеудiң тәртiбi мен мерзiмдерi ҚР Еңбек Кодексінің 113-бабына сәйкес жүргізілуі қажет. Осы баптың талабына сәйкес, жалақы ұлттық валютамен ақшалай нысанда айына кемiнде бiр рет, келесi айдың бiрiншi онкүндiгiнен кешiктiрiлмей төлену керек. Жалақы төленетiн күн еңбек шартында, ұжымдық шартта көрсетілуі тиіс. Сонымен бірге, жалақы төлеу кезiнде жұмыс берушi әрбiр жұмыскерге тиiстi кезеңдегi тиесiлi жалақының құрамдас бөлiктерi, жүргiзiлген ұстап қалулардың мөлшерлерi мен негiздерi туралы, оның iшiнде ұстап қалған және аударылған мiндеттi зейнетақы жарналары туралы, сондай-ақ, төленуге тиiстi жалпы ақша сомасы туралы мәлiметтердi жазбаша түрде ай сайын хабарлауға мiндеттi. Жалақы төлеу күнi демалыс немесе мереке күндерiне тура келген кезде төлем олардың қарсаңында жүргiзiлуі қажет. Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жалақыны және жұмыскермен еңбек шартын бұзуға байланысты өзге де төлемдердi төлеу кешiктiрiлсе, жұмыс берушi жұмыскерге берешек пен өсiмақыны төлейдi. Өсiмақы мөлшерi жалақы төлеу жөнiндегi мiндеттемелердi орындау күнiне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қайта қаржыландыру ставкасын негiзге ала отырып есептеледi. Төлем жүргiзiлуге тиiстi күннен кейiнгi күннен бастап әрбiр кешiктiрiлген күнтiзбелiк күн үшiн есептеледi және төлем жасалған күнмен аяқталады. Егер де қызметкермен еңбек шарты тоқтатылса, жұмыс берушi тарапынан қызметкерге тиесiлi барлық соманы төлеу шарт аяқталған күннен кейiнгi үш жұмыс күнiнен кешiктiрiлмей жүргiзiлуі тиіс. Яғни, шарт аяқталған күннен кейiнгi үш жұмыс күні ішінде қызметкерге тиісті төлемдер төленуі қажет. Сонымен қатар, жалақыдан ұстап қалу мәселесіне тоқталатын болсақ, ол ҚР Еңбек Кодексінің 115-бабына сәйкес, сот шешiмi, сондай-ақ, өзге де тиісті заңдарында көзделген жағдайлар бойынша жүргізiледi. Еңбек заңнамасының талабына сәйкес, жұмысшы өзi жұмыс iстейтiн ұйымға берешегiн өтеу үшiн оның жалақысынан ұстап қалу үшін жазбаша келiсiмiмен, жұмыс берушiнiң актiсi негiзiнде жүргiзiлуi мүмкiн. Жалпы, ай сайынғы жалақыдан ұстап қалудың жалпы мөлшерi қызметкерге тиесiлi жалақының елу пайызынан аспауы керек.  

Жанат МҰХАТАЕВА,

облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының мониторинг және құжаттама бөлімінің басшысы, мемлекеттік еңбек инспекторы.